НАРЫҚҚА САЙ КӘСІПКЕР
Бүгінде бірнеше бағытта жеке кәсіпті жүргізіп отырған Әділбек Айменовтың ісіне көпшілік сүйсіне қарайды. Бизнес иесінің кәсіптің ілгері қарай дамуына мемлекеттен қолдау алмаған. Жалпы кәсіппен айналысамын деушілерге мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алады. Яғни, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында «Бастау-Бизнес», «Даму» секілді жобалар жүзеге асуда. Негізгі мақсат – жұмыссыздықты азайтып, отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету. Одан бөлек, облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланып, кәсіпкерлер ісін кеңейтуге несиелер мен қайтарымсыз гранттар беруде.
Бастапқыда азғантай тапсырыс қабылдап, пластикалық терезе жасаудан бастаған кәсіпке уақыт өте келе сұраныс артып, бүгінде бір ауданды қамтитын шаруаны жүзеге асырудың мүмкіндігі туыпты. Рас, оңтүстіктегі аудандар үйге қажетті жабдықтарды аларда Түркістанның өнімдеріне жүгінеді. Әсіресе, перделер мен есік-терезеге және т.б. тауарға көрші облыста таңдау аясы кең. Десе де, кейінгі кездері жаңақорғандық кәсіпкерлер де сұранысқа сай қызмет көрсетуде. Пластикалық есік-терезеге деген талғам артқан сайын шеберлер шаруасын ширата түсті. Осындай шағын кәсіптің шырайын кіргізіп жүрген Әділбек Айменовтың бұл іспен айналысқанына 10 жылдан асыпты.
"Кәсіпті бастағаныма 12 жылдан асты. Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан емеспін. Егер пластик терезеге, түрлі-түсті перделерге (жалюзге) тапсырыс көбейіп жатса, онда қызмет орнын кеңейтіп, қосымша жұмыс күшін тартатын боламын. Бүгінге дейін қаншама жасты өзімнің кәсібіме баулыдым", – деді ол.
Әділбек қазір 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Солардың бірі – Олжас Пілмәнбек. "Бала кезден ұсталық өнерге қызығушылығым бар еді. Алайда өз бизнесімді ашуға мүмкіндік болмады. Ал Әділбек аға осы өнерге баулып, қанатының астына алды. Сондықтан білгенін үйреткен ұстазыма алғыс айтамын", – дейді жас ұста.
Егер осы істі толық меңгеріп алса өз шәкірттері секілді Олжасты да еншісін беріп шығару ойында жоқ емес. Осылайша қаншама жұмыссыз жүрген жастың жолын ашып, бағыт көрсету азаматтық борышы санайтын Әділбектің бұл ісі көпке үлгі. Ол бұл кәсіппен 2006 жылдан бері айналысып келеді. Алғашында терезе жасаудан бастаса, бүгінде түрлі-түсті пердешелерді (жалюз) құрастырып шығаруды қолға алды. Себебі тұрғындар талғамы күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан тұтынушы тапсырысы көңілден шыққаны абзал. Отбасының кенжесі ол бұл өнерді Алматы қаласынан үйреніп келгенін айтты. "Шыны керек, бәріміз Алматыға арман қуып бардық. Алайда ісімізді Жаңақорғанда жалғастыруды жөн санап, ауданда тұралап қалған шағын кәсіпке дем бердік. Алғашында сұраныс өте жоғары болатын, қазірде жаман емес дегенмен пластикалық терезе жасайтын кәсіп иелері күн санап артып келеді. Яғни бәсекелестік пайда болғалы тұрғындар санға емес, сапаға жүгіне бастады", – деді.
Бибарыс ҒАЛЫМҰЛЫ