Театр тарландары марапатталды
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Халықаралық театр күнін салтанатты түрде атап өтті.
«Өнердің ақ сарайы» атты шарада киелі өнер қарашаңырағының қызметкерлерін облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Әбдірахманов құттықтады. Мерекелік кеште мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты оқылды. Театрдың бірқатар қызметкері облыс әкімі және облыс әкімі орынбасарының алғыс хатын иеленді. Марапатталғандар қатарында артистер Бектеміс Ботбаев, Сырым Әбдіразақов, Айгүл Байдалиева, Зәуре Көздібаева бар. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, салалық, мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы да театр жұмысының алға жылжуына септігін тигізіп жүрген өзге де қызметкерлердің еңбегін елеусіз қалдырған жоқ. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Әбдікәрімов кәсіптік одақ атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудеге тақты. Театр артистері Нұрлыбек Шыналиев, Айқыз Қосмаханова, костюмер Ләззат Үркінбаева басқарманың алғыс хатын алды.
Спектакльдегі үздік ролі үшін бірқатар сахнагердің есімі арнайы номинацияларда, ал облыстық «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Елжас Әбділдә, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Бағлан Тілеубергенова «Ең үздік театр өнерін насихаттаушы», қала тұрғыны Маралбек Мұсаев «Ең үздік көрермен» ретінде аталды. Өнер ұжымы көрермен назарына концерттік бағдарлама ұсынды.