» » Ең үздік жас актер

Ең үздік жас актер

  Театр дегенде алдымен актерлар есімізге түседі. Қай спектакль болмасын актердің шеберлігімен, өзін сахнада ұстауымен, кәсібилігімен ерекшеленеді. Спектакльді көргенде қызығына кіріп кететініміз бар тіпті, жұлқынып тұрған актер болса “бұл кім болды екен” деп елең етеміз. Міне, бүгінде "Жастар" театрында көрерменді селк еткізетін актерлар жетерлік. Соның бірі – Абылайхан Өмірбай.
Ол 14 жасында театр табалдырығын аттаған. Сондай-ақ "Жастар" театрының ең жас актері. Үш жыл көлемінде "Алғашқы махаббат" спектакльінде Жасболатты, "Қыз қасқырда" Жасынды, "Негеде" наркоман Ержанды сомдап көрермен қошаметіне бөленді. Абылайхан облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ұйымдастырған “Ғашықпын мен...” атты жарасымды жұптарға арналған өнер сайысында  ІІ орынды жеңіп алды. Күні кеше театр күні аталып өтті. Мерекелік кеште Якуда Халықов атындағы “Үздік ер адам бейнесі” номинациясымен марапатталды. "Жігітке жеті өнер де аз" демекші, ақындығымен қоса ағаштан ойып аттылы батырдың, қағаздан үйдің макетін жасайтын ұсталық шеберлігі де бар. Абылайхан бос уақытын тиімді пайдаланады. Көмек қажет болса қасыннан табылады. Мұны сахна әрлеуші декораторға көмектесіп, ұйқысыз түндерді өткізгенінен аңғаруға болады. Тәрбиелі отбасынан шыққандығын іс-әрекетінен, сөйлеген сөзінен байқаймыз.
"Алғаш театрға келгенде актерлерге қызықтым. Содан да болар актер боламын деп шештім. Жан-жақтылықты талап ететін мамандыққа бой түзеп үйренемін деген ойдамын. Қыр-сырын жетік меңгермесем де актерлікке қызығамын. Театрдағы аға-әпкелерге қарап бой түзеймін. Олардан білмегенімді үйреніп, болашаққа нық қадам басуға тырысамын", – дейді кейіпкеріміз. Ол театрда алатын еңбек ақысынан бөлек әрлеуші болып табыс табады. Ата-анасына салмақ салып, жиған-тергенін жаратып жіберетін жастарға Абылайхан үлгі боларлықтай.
– Ата-ананың табысына ортақтасуды құп санамаймын. Кейбірі ақшасын алып ойын-сауыққа жаратып жатады. Ал мен уақытты тиімді пайдалануды ұнатамын. Әлеуметтік желіге де уақытымды көп жұмсамаймын. Қажетті кезде ақпарат алғаным болмаса, көп уақыт жоғалту мақсатым емес,- дейді ол бізбен әңгімесінде.
Иә, бір бойында бірнеше өнері бар жауапкершілігі жоғары, ісіне тыңғылықты Абылайдың мерекелік кештерді жүргізетін жүргізушілік, ақындық, ұсталық өнерлерімен қоса суретшілік қабілеті де бар екен.  
Әйгерім ӘБДІРАХМАН
06 сәуір 2019 ж. 1 435 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031