Даңғой әйелге шашу шашқызсаң, жұрттың көзіне ақ түсіреді

Ақсақалдың назасына қалма – сақалының ағы ұрады. Хан иенің жазасына қалма – өзі ұрмаса да астындағы тағы ұрады;
Қарауға күнің түспесін – қыл бермес шылбыр есуге, жаманға ісің түспесін – жаныңды сұрар кешуге;
Жаугершілік болса арулаған өлігің табытта, аялаған ауылың шабыста қалады;
Кәрі түйе – тайғақ, белінен күш, табанынан мөр кеткен, кәрі кісі – жалтақ, көзінен нұр, көкірегінен ой кеткен;
Дария буланбай далаға шық түспейді, шық түспей тұрып шөп буыны іспейді, шөп буыны іспей, шыбышқа шыр бітпейді;
Шөбі жоқ деп жерден түңілме, тамыры бар, малы жоқ деп ерден түңілме, тағдыры бар;
Бақсыға сырқау сылтаумен қоң бітеді;
Жеңге қойған еттің ішінде желке жүреді;
Орайы келген оралып, қолайы келіп құралады;
Сұлуды мақтай берсең есіне сенбей, түсіне сенеді;
Ақылдас ердің әдебі жұғады;
Еріншек адам – шегіншек;
Бүлгінші мен білгінші дос болмас;
Қорқақ қарақшы жарақ таңдайды;
Әр қиынның өз оңайы бар;
Даңғой әйелге шашу шашқызсаң, жұрттың көзіне ақ түсіреді;
Адамнан ағат өтпей, Алладан азап жетпейді;
Есерге бақ қонса, қолға қонған жыл құсын жын құсы ғып ұшырады;
Екі суайт бірін-бірі иландыра алмайды;
Тал шағында имесең, таяқ шағында иілмес;
Құдай жүгіртпеген сиырды бұзау жүгіртеді;
Сақ ит көріп үреді, сабалақ ит еріп үреді;
Есек көпір үстінде қитығады;
Жинаған Серікхан ЖҮЗЕЕВ,
ҚМУ-дың PhD докторанты