Қызғаныш үшін: Түркістан облысында жас жігіт сүйіктісін суға батырып өлтірген
Түркістан облысының тұрғыны қызғаныш салдарынан өзінің жүріп жүрген қызын суға батырып өлтірген.
Анықталғандай, Сайрам ауданының 22 жастағы тұрғыны бір жылға жуық уақыттан бері 20 жастағы танысымен кездесіп жүреді. Алайда материалдық жағдайына байланысты үйленуге мүмкіндігі болмаған. Сондықтан сүйіктісіне табыс табу үшін еліміздің солтүстігіне көшуді ұсыныпты, деп хабарлайды Otyrar басылымына сілтеме жасап Stan.kz.
Алайда сүйіктісі біраз уақыт нақты жауап бере алмай жүрген. Олар кезекті рет кездескен кезде қыз тағы да нақты жауабын айта алмапты. Сол себепті жас жігіт ол басқа біреумен кездесіп жүр деп күдіктенеді.
Осыдан кейін жас жігіт ашуланып, қызғаныш салдарынан қызды тұншықтыруға кіріскен. Артынша екеуі сол жерде ағып жатқан арыққа құлап кеткен. Осыны пайдаланған жігіт сүйіктісін суға батырып өлтіріпті.
Қыздың денесі сол күні арықтан табылды. Бастапқыда ол суға құлап, батып кетті деп топшыланған. Алайда оның мойнындағы іздер қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуіне себеп болды. Артынша күдікті ұсталып, жас жігіт жасаған қылмысын мойындады.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Stan.kz