“Марқұм” өзін жерлеп тастағаннан кейін үйіне қайтып келді
Атырау облысының Томарлы аулында туыстары жоғалып кеткен ер адамды өлі күйінде тауып, жерлеп тастаған. Алайда арада 2 ай өткеннен кейін «марқұм» үйіне қайтып келді. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Туыстарының сөзінше, олардың 63 жастағы үлкен ағасы Айғали Сүпіғалиев биылғы жылдың маусым айында жоғалып кетіпті. Ер адамның үйленбеген екен. Ол бұған дейін де үйінен біраз уақытқа кетіп қалып жүрген. Алайда маусым айында ұзаққа жоғалып кетіп, нәтижесінде 9 шілдеде туыстары полицияға шағымданыпты.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін полицейлер жоғалып кеткен ер адамның туыстарына хабарласып, мәйітті тануға шақырған. Алайда табылған мәйіт қатты ыстық салдарынан шіріп кеткендіктен, туыстары оны тани алмады. Осыған байланысты ДНҚ сараптамасы тағайындалып, нәтижесінде мәйіттің Сүпіғалиевке тиесілі екендігі 99,92 пайыз нәтиже көрсетіпті.
Ер адамның інісі Есенғали Сүпіғалиевтің сөзінше, мұнан кейін олар мәйітті алып кетіп, жерлеу рәсімін өткізген. «Туыстарымыз көңіл айтып, бізді «көңіл шайға» шақырып жаттты. Ал Айғали қазан айының соңында үйге келген кезде, қызым Сәуле «марқұм» ағасын көріп, жүрегі ұстап құлап қала жаздады», – дейді ол.
Анықталғандай, Айғали жоғалып кеткен күні базарда бір адаммен танысып, онымен бірге басқа өңірге табыс табуға кетеді. Сол жақта 4 ай бойы жұмыс істеген Айғали үйіне асыққан. Ол өзі жұмыс істеген ауданнан Атырауға жаяу келген. Алайда мұндай жағдай болады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Туыстары оның зейнетақысын мемлекетке қайтарып, құлпытасқа тапсырыс беріп үлгерген.
Ал Атырау облысындағы Сот сараптамасы иниституты оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Олар тек марқұмның тырнағының үлгісіне сараптама жасалғанын айтты. Ал облыстық полиция мен әділет департаментіндегілер де бұл жайтқа қатысты пікір білдіруге дайын болмай шықты. Ендігі Айғали Сүпіғалиевтің отбасы сотқа қуыным арызын беруге дайындалып жатыр. Олар медициналық сарапшылар мен поицейлердің жауапқа тартылғанын қалайды.