КЕНЖЕБЕКТІҢ КӨГЕРШІНДЕРІ
Көгершіндердің әлемде 300, ал Қазақстанда 150-ден аса түрі бар екен. Бұл деректі бүгінгі кейіпкерімізден білдік. Қала тұрғыны Кенжебек Исмайловтың күні бойы ермегі де, еңбегі де – көгершін. Бала кезінен осы іске бейім болды. Бұл іспен 24 жасынан бастап айналысыпты. Көгершін үшін шекара асып, көрші елдерге де барып қайтатын көрінеді. Көктем айында Өзбекстаннан жаңа түрлерін әкеліп, будандастырады екен. Оларды балапан кезінен асырап, бағып өз кәсібін осылай өркендетуде. Бүгінде 100-ге жуық кептері бар. Алақандай құстың бағып баптауы да үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
– Құстарды тамақтандыруда өте абай болған жөн. Оларға тары, бидайдың ұнтағы, шемішке, жем, жүгеріні күнделікті беріп тұру керек. Жерден өзге жағымсыз бір нәрсе жеп қойса, көгершін өмір сүруін тоқтатуы мүмкін. Міндетті түрде қайнаған су беріп, әсіресе, көктем уақытында марганец ерітіндісінің аздаған мөлшерін суға араластырып береді. Ол ішкі құрылыстағы инфекцияны тазалайды.
Негізінен, бір көгершін 10-15 жыл өмір сүреді. Көкте ұшқан олар ауа райы құбылған кезде ағаш басына немесе электр желісі сымдарына жайғасады. Ауа райы ашылған соң иелеріне ұшып келеді. Ал қалың тұманды күндері кейбіреулері адасып кетуі әбден ықтимал. Сол себепті құбылмалы ауа райында оларды тордан шығаруға болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, олардың балапандайтын сәтіне ерекше ден қою қажет. «Қыста көгершіндердің аналығы мен аталығын бөлек орындарға орналастырып, үш бөлмеге бөлемін. Олар тіпті бір-бірінің дауыстарын естімеу керек. Ұзақ уақыт көріспеген кезде қатты сағынады. Бұл жағдай көгершіндердің жақсы жұмыртқалауы үшін жасалады. Егер оларды айырмаса, онда аналық көгершіндер жұмыртқалауды доғарады.
Кептер құсының өз дағдылары бар көрінеді. Топтала ұшып, шыр көбелек айналып, әсем қимылдар жасайды. Олардың бұл әрекетін бақылап отыру Кенжебек үшін бір қуаныш. Кейде өзінің сырын құстарға ашады екен.
"Мен өзімнің сырымды көпке аша бермеймін, достарыммен де аса көп бөлісе қоймаймын. Ал көгершіндеріме айтар ішкі сырым қалмайды. Бұл достықтың құпиясы олардың үнсіздігінде шығар. Құс бағу екінің бірінің қолынан келе бермейтініне көзім жетті. Көгершіннің нәзіктігін ұғыну үшін оларға жақын болу керек. Менің ең сенімді серігім, әрі досым – осы құстарым. Жұмыстан шаршап келгенімде көгершіндерге уақыт бөліп, олардың жанына барсам, бойымдағы бүкіл шаршаңқы көңіл-күйден арылып, ерекше серпіліп қалатыным бар", – дейді ол.
Әуесқой көгершін өсіруші оларды бағып, мәпелеп өсіру оның иесіне байланысты екенін айтады. Олар көңіл-күйін ішкі түйсіктерімен терең сезеді екен. Әңгіме барысында ол қызыл аяқ кептерлерін ерекше жақсы көретінін айтты. Себебі оны балапан кезінен асырап бағып отыр. Кептер де өз иесіне әбден бауыр басқан. Бір кептерден екі балапан шығады. Ал бір жаз айында алты кептерден он екі балапан шығарады. Жаңа дүниеге келген балапан он сегіз күнде жетіліп, 1 жарым айда қанат қағады.
"Олардың ерекше қасиеті бар. Көгершіндер 24 сағат бойы аспанда қалықтап, тұра алады. Түн мезгілі ауғанда кептерлерді мен айнаның көмегімен жерге түсіремін. Көкте ұзақ уақыт қалықтап жүргендіктен қонған сәтте олардың қанатынан қанды байқауға болады. Ресейде көгершіннің мүсінін жасап, оны отбасының бақытын сақтаушы ретінде қабылдаған. Ал, бізде бейбітшілік мерекесінде, мектеп бітіру кештері мен үйлену тойларында ақ тілегін айтып, аспанға ақ көгершін ұшырып жатады. Себебі бұл құстар – адамдардың тілеулес достары. Ал, оларды көбейтіп, бағу – табиғатқа, құстарға деген қамқорлық, жанашырлық", – дейді ол.
Әңгіме барысында алдағы жоспарымен бөліскен о болашақта күтіміндегі құстар қатарын толықтырып, үлкен жылыжай жасау ойында бар екенін жасырмады. Кептерлер негізінен мәстік және тәжілі кептер болып екіге бөлінеді. Олар қыстыгүні төзімді. Сондықтан қыста жылы жаққа ұшып кетпейді. Бір қызығы, көк кептерлердің емдік қасиеті де мол көрінеді. Адамдардың жүйке жүйелерін тыныштандыруда аталмыш жаратылыс иелерінің ықпалы орасан деседі.
Ерасыл ШӘРІБЕК