» » ХАТ ӘКЕЛДІ ӘДЕМІ КӨГЕРШІНДЕР

ХАТ ӘКЕЛДІ ӘДЕМІ КӨГЕРШІНДЕР

 Көктемде бір ай бар ерекше саналатын,
Және ерекше нұры бар таралатын.
Сосын тағы бір қыз бар өзгешелеу,
Өзгешелеу өзгеріп, жаңаратын.
Сәнін дәйім жанына үйлестіріп,
Бақ-бақ гүлін жинайтын кей кешкілік.
Ән салатын, әні де тамаша-тын,
Кеудеңде ойнап тұрғандай кербез қылық.
Дәл көктемнің өзіндей керемет тым,
Бір күн айтқан әніне елең еттім.
«Ғашықтардың тағдыры ұқсайды екен,
Тағдырына ұқсайды көбелектің...»
Сұрағым кеп бір нәрсе...сонан бері?
Сезімімнің соққандай оған лебі.
Асығушы ем, ән айтпай кетті сол қыз,
Ізім-қайым жоғалды сонан бері.
Көктем нұрын гүлдерге себелепті,
Көктемге, әнге көңілім елең етті.
Мен ерекше сүйемін сол бір айды,
Және ерекше сүйемін көбелекті...
****
Қаншама күнді қаза ғып алдық,
Жазға құмармыз, жазған-ай.
Сен жайлы өлең жазарым да анық,
Сағыныш дертін қозғамай.
Сағыныш деген ескі әуен еді,
Сағынбай қалай жай табам?
Сүйетінімді кеш білген едім,
Сағынған едім қайтадан.
 
Сыйлаған Тәңір барлығымызға
Сағынып сен де, көрсең деп.
Тоғыспай кеткен тағдырымыз да, –
Сағыныштармен өлшенбек.
Сол қилы тағдыр, нені білді екен?
Түсінуге әсте жетер ме, ой.
Махаббат деген мен үшін, көкем, –
Сағынғанымда екен ғой...
        
         ****
Жапырақтары сағынышымның, –
Үзілгеніндей үміттің.
Жүрегімдегі жарылысымның,
Ішіндесің ғой, қылықтым.
Қарашығымсың жанарымдағы,
Дүрсілісің ғой жүректің.
Қанысың гүлдің сабағындағы,
Тамырымдағы білектің.
Қиналсам дәйім, қайғы алып барар,
Тұрағым өзің, нәзігім,–
Қайда барсам да айналып табар,
Сен менің – Темірқазығым!
****
Қызғанамын күннен де оның күлкісін,
Жазықсыз жас жанарында дір еткен.
Кеше ғана хат таситын бір құсым,
Ұшып кетті жүректен.
Қызғанбаймын күннен де енді күлкісін,
Дір еткен жас жанарында жазықсыз.
Қайта оралды хат таситын бір құсым,
....Жазыпсыз.
Неге оралды...келген хат та кінәлі.
Ештеңе де жазбапсыз.
Байғұс құстың жүректегі тұрағын,
Жібердіңіз қозғап Сіз...
****
Мына жатқан сезіпті тауың нені?
Ерініңнен өпкенде жауын лебі.
Саған ынтық жұлдыз ба, ай ма мына,
Аласұрған есалаң дауыл ма еді?
Жел де жүйрік тоқтайды бақылап қап,
Иісіңді аңқытып атырапқа, –
Хат әкелді әдемі көгершіндер,
Жауап жаздым сарғайған жапыраққа...
Құмар қанып сүйгенде нөсер жерді,
Жылауық бұлт, тау асып көшер енді.
Алғыс айттым, Көгершін сағынышқа,–
Сағынышым аз еді... еселенді.
Сағынышым дәл солай еселенді,
Жылауық бұлт, тау асып көше берді.
Айтса мені сағынып жүдеген деп,
Сағыныштан сарғайған десе мені?
Сағынғанмен арамыз жырақ әлі?
Көгершін хат бір тағдыр бұралаңы.
Сары күзде сарғайған сағынышқа,
Шыдай алмай аспан да жылап алды...
****
Құстар қайтқанда тізбектелетін,
Бақтарда жалғыз күзді өткеретін.
Сағынып жүрмін ақдидарымды,
Сағынып мені іздеп келетін.
Өткердік талай өмірді нұрлы,
Сағындым өткен көңілді күнді.
Барлығын қайта берсең ғой, тағдыр,
Алсаң ғой өлең- көрімдігімді.
Оралмай кетті көктегілерім,
Өтірік күлемін  көпке, білемін.
Сарғайған шақта сағынышыңды,
Баса алмай қалсам,
Сөкпе жүрегім...
****
Сені ойлап тағы бір,
тағы бір...
Күн өтті.
Түнім мұң... сонда да тірімін!
Ме-е-ен деген – қағынғыр!
Жаралы  жүректі,
Көп ғашық жандардың бірімін!
Қарашы,
Бақ мынау.
Күнде мен осында келемін.
Досы жоқ досты да таптым-ау,
Сенеді!
Мен де оған сенемін!
Жалғыз дос – жалғыздық!
Жалғыз жан дер мейлі.
Ол мені, жалғыз қып,
Кеткісі келмейді...
Айтты ол шынын да,
Сеніп ем...
Досым деп айтпасын енді ешкім!
Ол – жалғыз менімен!
Мен жалғыз емеспін!
****
Өзгеде емес, өзімде емес, тек сенде!
Сезімсіз болсам, жаныңа сенің сол қайғы.
Өмірден мынау жүрексіз әлді өтсем бе,
Жүрексіз бірақ болмайды!
Көзіңе сенің қарасам кейде мен үнсіз,
Деймін бе екем үнсіздік саған ұнасын.
Өзіме оғаш сөйлейтін болсам, сенімсіз,
Ұрсуға дайын тұрасың!
Байқасаң кейде ашуға қарай сай үнім.
Өзгеден қатты қызғанам сені жайым сол.
Кешіре білгін алдыңда болса, айыбым,
Ренжітер болсам, дайын бол!
Елемей кеткем аяқтан шалар қасты онша,
Басыма менің бұйырған мәңгі алғыссың.
Өмірді сенсіз сүре алмайтыным рас болса,
Сен онда менсіз жалғызсың!
****
Жарығым, үмітті үзбе еш!
Десе де екеуміз бөлекпіз.
Жылаңқы жаңбырлы күз де емес,
Біз қыста кездесу керекпіз!
Біз күткен бақытты жол сонда,
Мұңды да, нұрды да байқарсың.
Бұл күзге өкпелі болсаң да,
Сол қысқа рақмет айтасың!
Үзбейді, іздейді жүрегім,
Ақ қысты ол күнсіз демесін.
Сен мені сүйесің білемін,
Білемін, сен маған сенесің!
****
Өткен күн – өтпеген,
Өткергем...
Өткінші өмірдің меңі.
Бақтағы көңілсіз көктемнен,
Неліктен іздеймін сені?
Неліктен құштармын саған?
Неліктен жек көрем сені?
Өтірік бақытты адам,
Өткінші уақыттың желі.
Қариды жанымды мұздай,
Бақтағы көктемнің желі.
Ұзатылмаған бір қыздай,
Күтемін, күтемін сені...
Дертімнен арылу үшін,
Дерт керек, өзге бір ерек.
Өзіңді сағыну үшін,
Әлемде өзгеден бөлек...
Сені өзге бақытты етер,
Сол бақтың шырағын жақшы.
Күтуге уақыт  жетер,
Келуге уақыт та тапшы.
Қосыла алмайтын жанбыз,
Бақытын сыйлаған жатқа.
Қаламын мен солай жалғыз, –
Баяғы көңілсіз бақта.
Көңілсіз өлең де – өмір,
Жаныма жалғыздық – бауыр.
Бәрінен сүймеген жеңіл,
Сүйе алмау одан да ауыр.
Дәуіржан ҚАМБАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенті
23 мамыр 2018 ж. 1 739 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031