BLACK FRIDAY»: мұндай пайда күнде қайда?
Ұялы телефонымызға жиі келетін хабарламалардың басым бөлігі ірі сауда желілерінен. Бір-екі сауда жасағаннан кейін телефон нөмірің сонда тіркелсе болғаны, апта, ай сайын жеңілдіктермен қызықтырып шақырады да тұрады. Соңғы кездері сауда орталықтары осы жұма «Black Friday!» екенін сүйіншілеген хабарламаларын жиі жіберетін болып жүр. Бүгінде бастауыш оқитын баланың өзі ағылшын тіліне жүйрік болып жатқанда бұл қарапайым сөз тіркесін аудару қарапайым жұрт үшін қиын емес. Тікелей аудармасы – қара жұма. Бүкіл сауда желілері бағаға жеңілдік жариялағанын жарнамалау үшін пайдаланатын бұл атау қайдан келген?..
Әлем таныған жеңілдік тарихы
«Black Friday” тарихы сонау Америкадан бастау алады. Бұл сөз тіркесінің шығу тарихы туралы әртүрлі айтылады. Америкалықтар ризашылық күнінен кейінгі жұмада барлық сауда желісінде енді қайталанбайтындай үлкен жеңілдіктер жасау дәстүрге айналғанмен дәл сол жұмаға «қара» сөзінің қайдан жабыса кеткені әлі де белгісіз. Әлемге әйгілі болған бұл атаудың шығу төркініне байланысты бірнеше нұсқалар бар. Жалпы бұл елде ризашылық күнінен кейін міндетті түрде сауда желілерінде жаппай жеңілдіктер жасау дәстүрге айналғанмен арнайы атауы болмағанын жазады.
Бірі бұл атаудың шығу төркінін 1869 жылдың 24 қыркүйегінде нарықта алтын бағасының құлдырауымен байланыстырады. Тіпті ірі биржалардың бұл дағдарысы драмалық шығармаларға арқау болған көрінеді. Бұл туралы сол жылдары «The Daily Picayune” газетінде жарияланған. Кейбір басылымдар айдың 13-і жұмамен сәйкес келсе солай аталатынын жазған.
1975 жылы «New York Times» газеті бұл күні ең ірі сауда-саттық ғана емес, қала ішіндегі жолдар кептелістен жабылып қалғанын жазды. Сол жылдарден бері діни мерекеден кейінгі дәстүрлі жеңілдіктер «қара жұма» атауымен атала бастағанын америкалықтардың өзі де байқамай қалған сыңайлы. Бұған дәлел АҚШ-тің Пенсильвания штатының ірі сауда орталығының иесі «Delaware County Daily Times» жергілікті газет арқылы бұл жұмаға «Жасыл жұма» деп атау беруге ұсыныс айтады. 80 жылдары аталған штаттың жергілікті басылымы «қара жұманың» жол кептелісіне байланысты шыққан атау болу керек деген жорамалмен жыл сайын елге түсіндіруден жалықпады. Жергілікті өзге басылымдар да діни мерекеден кейінгі бұл атаудың түп-төркінін таба алмай, жыл сайын түрлі болжам жаза бастады. 1989 жылы «Associated Press» агенттігі бұл атауды сол күнгі ұмытылмастай көлік кептелісімен байланыстырса, 1995 жылы Standard – Speaker» бұл атаудың неден шыққаны белгісіз деп жазады. Тағы бір басылым бұл күні сауда нүктелерінің бухгалтерлік кітапшасы қара сиямен толғанымен байланыстырса, енді бірі мұны сауда қызметкерлерінің сол күні қатты шаршайтындығынан болса керек деп түйіндеген. 2012 жылы «Wall Street Journal» басылымы бұл күн сауда орталығы қызметкерлерінің шығынның алдын алу үшін жанталасынан туған деп болжам жасаған. Алайда «қара жұма» деп аталатын күні шын мәнінде тегінмен пара-пар жеңілдіктер болатындықтан ел осы күнді асыға күтіп, бүкіл сауда желісін жаулап алады екен. Бұл атаудың қайдан шыққанын өздері де білмей қалған американдықтар бір кездері мұның әлем назарын аударған трендтегі терминге айналатынын да сол кезде білмеген болар...
Табыс әкелетін күн
Бүгінде әлем экономикасында трендке айналған бұл термин бүкіл әлемнің жүрегін жаулап алғандай. Себебі, ««Black Fridaу» екенін білсе әлем жұртшылығы қалтасын қомдап, уақытына дейін реттеп тойға дайындалғандай дайындалады екен. Уақыт демекші, нарықты әбден зерттегендер бұл күнді демалыс қарсаңына тағайындауы да бекер емес. Жаңа аптада дүкен сөрелерін жаңа затпен толтыру үшін уақыт керек, ал тұтынушылар емін-еркін сауда жасауға қолайлы. Себебі, әлемнің ірі сауда желілеріндегі бұл күнгі адам қарасының есебі жоқ.
Трендке айналған бұл күннің қаншалықты нәтиже беретінін есептеп отыратын сарапшылар тобы бар екен. Мамандар бірнеше жыл бойы аты аңызға айналған бұл жеңілдік күнін әбден мұқият бағамдап, сараптапты. Өткен жылы арнайы сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 55
елден 12 мың адам қатысыпты.
елден 12 мың адам қатысыпты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Америкадан басталған, тек қараша айында өтетін жеңілдік күні бірнеше жылда-ақ әлемге танылып үлгерген. Бүгінде біздің елімізге де енген бұл трендті қазақстандықтардың тең жартысы жақсы біледі екен. Әлем экономикасына жыл сайын тауар айналымы мен табыс табуда рекордтық көрсеткішке жеткізген бұл күн әлемдік сауда желілерінде ең табысты күн ретінде бағаланады.
Әлем бойынша бұл күні сауда-саттық көлемі еселеп артатыны жыл сайын еселеп көбеймесе азайған емес. Сарапшылар сауалнама жүргізген 55 мемлекетте интернет саудасының көлемі қарапайым күндермен салыстырғанда айырмасы жер мен көктей деуге болады. Мәселен, Греция интернет пайдаланушыларының бұл күнгі сауда жасауы жай күнмен салыстырғанда 2600 процентке өскен. Ал пәкістандықтардың белсенділігіне ешкім әзірге жете алмағанға ұқсайды. «Black Friday” күні Пәкістан елі тұрғындары интернет арқылы жай күндермен салыстырғанда сауда жасағандар саны 11525 процентке өскен. Осыдан-ақ, әлем экономикасында трендке айналған «Black Friday” қаншалықты табысты күн екенін бағамдай берерсіз.
Бір атап айтарлығы, көптеген елдерде жыл он екі ай ішінде тек қараша айының табысы жылдық табысты еселеп арттыруы да осы танымал күннің әсерінен екені де даусыз. Жыл ішіндегі әрбір үшінші интернет сауда қараша айының еншісінде.
Біз қалай қабылдадық?
Еліміздегі сауда желілерінде 2009 жылдан бастап пайдаланыла бастаған бұл термин соңғы кезде жақсы таныла бастады. Сарапшылардың өткен жылы жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, ел тұрғындарының 30 проценті «Black Friday» жеңілдігіне міндетті түрде қатысады екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 20 процентке өскен. Бұл науқаннан қалыс қалмайтындардың 19 пайызы сауда желілеріне жүгірсе, 6 пайызы интернет-дүкендерді шарлайды екен. Ал 75 пайыз жеңілдікті интернеттен де, сауда желілерінен де іздейтін көрінеді. Өткен жыл статистикасы бойынша жеңілдікті қалт жібермейтін қазақстандықтар орташа есеппен бұл күні 21688 теңге жұмсайды екен. Негізінен киім, электроника, аяқ киімді жеңілдікпен алып қалуға тырысатындығы байқалған.
Әлемде бұл күні ең көп қаржы жұмсайтындар Солтүстік Америка және Еуропа тұрғындары.
Елді еліткен жеңілдік
Елдің бұл күнді асыға күтетін себебі бар. Бұл күні барынша төмен баға ұсынылатындығы. Мәселен, 2017 жылдың қараша айының соңғы жұмасында АҚШ, Канада, Украинаның интернет дүкендерінде 66-68 пайызға дейін жеңілдік жасалса, Ресейде 58, Бразилияда 57, Түркияда 56 пайызға дейін жеңілдік жарияланған. Қазақстандық интернет дүкендерде орташа жеңілдік 56 пайыз. Айтпақшы, түрік елі «Black Friday» атауына қарсы болған бірден-бір ел. Жұма күнге мұндай анықтауышты теліп, жарнамасын жасаудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Жеңілдік шынымен жеңіл ме?
Жалпы, жеңілдіктер кім үшін жасалады деген сауал әлі де тартысты. Жеңілдік деп алданып қалмаңыз деп ескерту жасайтындар да бар. Арзан баға деген сөз қанша дегенмен елең еткізбей қоймайды. Арзанға қызығып көп ақша жұмсап, шығындалып қалатындар аз емес. Дегенмен, сарапшылар пікіріне сүйенсек, жеңілдік акциясы екі тарап үшін де пайдалы. Ең бастысы, қатты қызығып, құнығып кетпесеңіз болды. Қажетті затыңызды жеңілдікпен алуды күтуге болады. Ал, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, сауда желісінің иелері әрдайым ұтылмауды көздейтіні анық. Қалай дегенмен де онсыз да қымбат бағаға жеңілдіктер қажет-ақ.
Жеңілдіктің сырын білгіміз келіп, қаламыздағы бірнеше ірі сауда желілеріне бас сұқтық. Әңгімелесе келе білгеніміз, мұндағы сатушылардың өзі жеңілдік күнін асыға күтіп жүреді екен. Ұнатқан затымызды жеңіл бағамен алып қалуға тырысамыз деген олар мұндай күндері адамның аз болған кезін байқамапты. Мұндағы қызметкерлер үшін мұндай күндер нағыз қарбалас сәт.
Жарқын жұма!
Бір ғасырдан аса уақыттан бері жойылмай келе жатқан бұл атау ең әуелі бүгінде өзге елдерге, соңғы жылдары біздің елге де жетті. Тіпті жылына бір емес, бірнеше рет ертең «Black Friday» деген хабарламалар келіп жүр. Еліміздегі кейбір сайттар мұны сөзбе-сөз аударып, «Қара жұма» деп жаза бастады. Кейбір түсініктемелерге қарасақ, ағылшын тілінде бұл оң нәтиже деген мағынаны білдіреді екен. Біздің шошып жүргеніміз – тікелей аудармасы.
Меніңше, әлем назарын аударған әлем нарығына табыс әкелген бұл терминді тікелей аударып, көшірме етпей-ақ, шұрайлы тілмен жақсы теңеу тапсақ, трендке айналар ма еді?!
Ертең «Жарқын жұма!» деп хабарлама келіп жатса, қандай әдемі!..
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА