Сиви Махмуди ыдыс жуып жүрген Жанар Хамитованы жұмысқа алды
12 жылдан бері ел көзінен тасада болған Жанар Хамитованың тағдыры қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. "Арнау" тобының бұрынғы әншісіне халық әлеуметтік желі арқылы жылы лебіздерін білдіріп, өнерге қайта оралуын, "аяққа тұрып кетуін" тіледі. Ал әріптесінің жағдайынан хабардар болған Сиви Махмуди оны бірден жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz.
Иә, бұған дейін ыдыс жуып, пәтерден пәтерге күнелтіп жүрген Жанар енді Сивидің отбасына қарасты мейрамханалардың бірінде әнші болып жұмыс істейді. Бұл туралы Махмуди мен Хамитова хабарлады.
"Бүгіннен бастап Жанар біздің кешенде жұмыс істейді, ән салады", - деп қуанышты хабарды жеткізді Сиви.
Көпшілік Сивидің қайырымдылығына риза болды.
"Сізге Алла разы болсын", "Кеше Жанарды көріп, жүрек ауырып еді. Қолдау көрсетіп жатқаның Алладан қайтсын", "Жанардың қиын өмірін көріп, жылап алған едім. Сиви қол ұшыңды бергенің үшін мың алғыс саған", - деп жылы лебізін білдірді желі қолданушылары.
Айта кетейік, Жанар Хамитова көпшілікке Super Star жобасынан белгілі. 2007 жылы Нұржан Керменбаевпен бірге "Арнау" атты топ құрған. Алайда Хамитова бұл ұжымда ұзақ өнер көрсетпеді. Небәрі 2 жылдан кейін оның орнын Салтанат Бақаева алмастырды. Жақында Бақаева экс-арнаулық бикешті вокал дәрісінде кездестіргенін айтқан еді. Бұдан кейін отандық бағдарламалардың біріне қонақ болып келген Жанар ауыр тағдыры жайлы, дінге берілген күйеуі жайлы сыр шертті. Сондай-ақ, Жанар осыдан 5 жылдай бұрын шоу-бизнеске қайта оралу үшін әріптестерінен көмек сұрағанын, алайда ешкімнен қайыр болмағанын атап өтті.