» » Шығыс жұлдызы

Шығыс жұлдызы

  15 сәуір – Ғани Мұратбаевтың қайтыс болған күні. Мәскеу тұрғындары Ғаниды үш күн аза тұтты. Балтық теңізінің 200 жауынгері құрметті қарауылда тұрды.Ол Мәскеу орталығындағы Ваганьков зиратына жерленді.
2007 жылы алғаш рет Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің қор сақтаушысы Ирина Галиулина Мәскеуге сапарлап, Ғани өміріне қатысты маңызды құжаттармен музей қорын толықтырып қайтты, әрі  ел есінде мәңгі жас бейнесімен сақталған қайраткер бейітінің басына барып, рухына тағзым етті. Бұдан кейін Мәскеуге сапар 2012 жылы жалғасып, Қазалыдағы туған-туысқандары мазар басында Құран бағыштады. Туған елінен жырақта жатса да Ғани жоқшысыз емес.  
Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев ХХ ғасырдың басындағы комсомол ұйымының аса талантты өкілі, қоғам қайраткері, айтулы тұлға болатын.   Ол 1902 жылы маусым айының 3-інде Қазалы уезінде өмірге келген. Төрт жасында әкеден жетім қалған Ғани тоғыз жасында анасы Бәтимаман Қазалы қаласына келіп, қоныстанып, осындағы орыс-түзем мектебін,  жоғары бастауыш училищесін, кейіннен Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген.
Ол бойындағы қайратқа толы күш-жігері мен ақыл-парасатын Шығыс халқының жарқын болашағына бағыттады. Өз қатарластарынан ерте есейген Ғани он бес жасында революциялық кеңестің құрамына алынады. Бозбаланың аласапыран кезеңде мәртебелі де лауазымды ұйымның мүшелігіне қабылдануы тектен-тек болмаса керек. Оның кеңес құрамында болған азғана уақытта түсінгені, жастардың оқып білім алып, саяси қоғамнан алыс қалмау керек екен. Өзі оқи жүріп, жастардың басын біріктіріп, жастар ұйымының алғашқы ұяшықтарын құрды. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облыстық және Ташкент, Самарқанд, Верный қалалық комсомол ұйымдарының негізін қалауға атсалысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, интернат директоры болды.
1921 жылы 22 наурызда Ғанидың басшылығымен Ташкент қаласында  «Жас алаш» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты.  Осы жылы Орынборда Қазақстан комсомолының бірінші съезі өтті. Съезді өткізуді ұйымдастырып, Түркістан комсомолының өкілі ретінде Ғани Мұратбаев қатысты.  1921 жылы алдымен Самарқанд өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы Комсомол ұйымы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1922-1924 жылдары Ресей Коммунистік жастар одағының (РКЖО) V съезінде Ресей Коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы Орталық комитеті Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды. Ол 1922 жылы Түркістан Республикасы Комсомолының ІҮ съезін өткізуге атсалысты. 1924 жылы РКЖО-ның ҮІ съезіне делегат болып қатысты. Қат-қабат тірлік, жастық жалын жан-жағына қарауға мұрша бермей, «ауырдым» деуге арланған намысшыл жігіт науқасқа шалдыққанына да мойынсұнбаған сыңайлы. Алайда ол асқынған өкпе дертінен көз жұмды.
1925 жылы оның серіктестері «Біздің Ғани» атты естелік кітап басып шығарды. Қазақ жазушылары мен ақындары Ғаниға бірнеше шығарма арнады. Қоғам қайраткерінің есімі Алматы, Қызылорда, Астана, Ақтөбе,  тағы да басқа қалалардағы көшелерге берілді. Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында және туған жерінде оған ескерткіш орнатылып, республикалық оқушылар сарайына, облыстағы бірнеше мектептерге  Ғани Мұратбаев есімі берілді. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы айналысқа енді. Көрнекті қоғам қайраткері туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі, «Осындай қысқа ғұмыр», «Ғани» деректі фильмдері түсірілді. Сондай-ақ «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығы тағайындалды.
Қазалы қаласындағы  мемориалды музейі 1968 жылы ашылды. Жыл сайын Ғанидың қайтқан күнінде «Мәңгілік жас Ғани» атты  еске алу кеші өткізіліп, Құран бағышталады. Туған күніне арнап дәстүрлі «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәйрасы мен Ғани жүлдесі үшін футбол жарысы өткізіліп келеді.
          2019 жыл «Жастар жылы» болып жариялануына байланысты ауданымызда «Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар» атты аймақтық форум өткізу жоспарлануда. Бұл сөзді Ғ.Мұратбаев осыдан бір ғасыр бұрын айтқан. Бұл Ғани салған сара жолдың мәңгілік екенін, қай кезде де елдің үмітін ақтайтын, ел сенімінен шығатын жастар екенін тағы бір дәлелдейді.
РозаАСАНОВА,
Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейінің меңгерушісі
20 сәуір 2019 ж. 1 883 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930