«ЖҰЛДЫЗ» ДЕП КІМДІ АТАП ЖҮРМІЗ?
«Жұлдыз» атауының қадірі осыншама түскені қапаландырады. Қарап отырсаңыз, айналаңыздың бәрі жұлдыз болды. Мәселен, әнші жұлдыз, бір жарнама мен бір бейнебаянға түскен актер да жұлдыз, басқасы да, бақа, шаяны да қазірде жұлдыз. «Екі жұлдыз» дейді, «Жұлдыздар отбасы» дейді әйтеуір қаптаған жұлдыз. «Жұлдыздар шеруі» деп бас қосып, қызыл кілеммен жүрген жандар сол атаққа шынымен лайық па?
Осы атаққа ие болған тарихи тұлғалар бар, олардың орасан еңбегі қазіргіден тым бөлек. Азғантай ғана өмір жолында ғұмырын халыққа арнаған һәм ел тыныштығын өмірімен қорғаған.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Мінеки, шын жұлдыз, жарық жұлдыз. Ғани Мұратбаев - киелі Қазалының топырағында дүние есігін ашқан «Шығыстың шоқ жұлдызы», қамшының сабындай қысқа, жиырма үш жылдық өмірінде жалындап өткен Ғани, алпыс жылда адам істей алмайтын еңбекті жасады. Шығыс жастарын бастады. Өшпес жұлдыз − Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова. Елі үшін жанын қиюға дайын қазақ қыздары.
Міне, осылар шын жұлдыз, өз елінің азаттығы жолында жанын берген қазақтың қос қаһарман қызы, азғантай ғұмырында артына өшпес із қалдырған азаматтар. Олар өздерін ешқашан жұлдызбын деп санамады, "жұлдыз" деп халық атақ берді, «Шығыстың шоқ жұлдызына» балады. Жұлдызшалар қаптаған қоғамда шын жұлдызымызды ұмытпайық.Шернияз ЖАЛҒАС,
Қызылорда қаласы.