ҚҰНДЫЛЫҚ ҚҰНЫ ҚАНША?
Құндылық ұғымының ауқымы өте кең. Ол туралы философ, мәдениеттанушы, әдебиетші және түрлі салалардың ғалымдары зерттеу еңбектер жазған. Философияда құндылық жайлы ілімді аксиология деп атайды. Сондай-ақ оны бірнеше түрлерге жіктейді. Құндылықты қарапайым тілмен түсіндірсек, адамзат үшін маңызды, қажетті, пайдалы әрі қымбат нәрсе. Сіз үшін не нәрсе құндылық саналады?
Әлі есімде, студент кезімде профессор Темірбек Қожакеев рухани және материалдық байлықтың аражігін салыстыра отырып, он айырмасын айқындап берген. Материалдық байлық ескіруі мүмкін, ал рухани байлық ешқашан құнын жоймайды. Материалдық дүние уақыт өте келе құнсыз бола бастаса, рухани байлық уақыт озған сайын кемелдене түседі деген еді ұстаз.
Құндылық рухани және материалдық, жеке және ұжымдық, ұлттық және адамзаттық, дәстүрлі және заманауи болып бөлінеді. Әрбір жеке адамның құндылығынан бастап тұтас ұлттың, мемлекеттің маңызды игіліктерін өз дәрежесінде сақтап қалу үшін түрлі айла-амалдар ойлап табылып жатады.
Қазір әлемде құндылықтар үшін талас жүріп жатқандай. Бірі материалдық, бірі рухани, бірі ұлттық, бірі жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылуда. Материалдық құндылыққа соншалық құмарту көп жағдайда бақытқа жеткізбейді. Өйткені байлық белгілі құндылыққа жеткізетін тәсіл ғана. Мәселен, әлемге танымал Стив Джобс өмірінің соңғы сәтінде берген сұхбатында «Мен жер бетіндегі ең бай адам бола тұра, керекті нәрсені істемедім» деген екен. Осы бір ауыз сөзден-ақ оның өз қызын мойындамағанына, отбасы болмағанына өкінішін аңғаруға болады. Сондықтан рухани құндылық ешқашан құнын жоймайды. Осы пікірмен ойымызды тәмамдап тастауға да болушы еді. Алайда рухани құндылық туралы пайымымызды кеңінен баяндауды жөн санадық.
2017 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қандай нәтиже бермек? Көпшіліктің көкейінде бағдарламаны қолдау басым болғанымен, оның нәтижесі қандай болатыны жайлы мәлімет аз. Құндылықтар жайлы пікірлер тоғысы бағдарламаның мақсат-міндеттерінен айқын көрінеді. Яғни әрбір жеке тұлғадан бастап жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру арқылы қоғам дамудың жаңа сатысына көтерілмек. Мәселен, әрбір азаматтың өзіне, қоршаған ортаға, жұмысына, ұжымына деген жауапкершілігін арттыру. Адамның өзіне жауапкершілігі артқан кезде ол өз қажеттілігін, мақсатын айқындайды. Мәселен, сіз жұмысыңызға қуанып барып, күліп қайтсаңыз, онда жұмысты жүрек қалауымен істейсіз. Өкініштісі сол, көп адамдар жұмысты мәжбүрліктен істейді.
Сондықтан қоғамдық сананы жаңғырту үшін рухани құндылыққа деген қажеттілікті арттыру қажет. Мәселен, сүйікті ісіңізбен айналысудың өзі сізді бақытқа бөлейді. Қазір қоғам ғана емес, әрбір жеке тұлға өзін өзгертуге талпынып жатыр. Жаңа нәрсені үйрену, жаңа білімді игеруге деген құлшыныс пен білімін дамытуға ұмтылушылар саны күн сайын артып келеді. Білім ғана адамды табысқа жетелейді. Білімді маман әрқашан сұранысқа ие. Қарапайым ғана бір мысал, танымал кәсіпкер Қуаныш Шоңбайдың Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен семинарында 77 жастағы әже Онлайн университетке жазылды. Қаржысы болмай қиналған ананың төлемақысын танымайтын жас жігіт қолма-қол санап берді. Осы бір оқиға менің мақала жазуыма түрткі болды. Біріншіден, білім алу, оқу, үйрену ешқашан да кеш емес. Екіншіден, білімге деген құштарлық ерекше байқалады. Үшіншіден, қоғамда қайырымды жандар өте көп. Әлгі әжейдің оқу ақысын төлеуге бірнеше азамат ұсыныс білдірген. Бұл – жақсылық жасаудан жарысатын қанымызға сіңген қасиеттің бүгінгі көрінісі. Мұндай мысалдар күнделікті өмірде өте жиі қайталанатыны да қуантады.
Ұлы Абай отыз екінші қарасөзінде «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керектігін» айта келіп, талаптың өзіне бірнеше шарттар қояды. Әрі қарай білмегеніңді білуге ұмтылу, ізденумен ғана шектелмей, мейірім танытқанда ғана нәтижеге жетуге болатынын түсіндіреді. Балаға білім берудің маңызын қазіргі таңда кез келген азамат жақсы біледі. Оның үстіне ақпараттық технология заманында өзіне қажетті білімді игеруге жастардың ұмтылысы ерекше. Өйткені білім мен ғылымды ерекше бағалайтын уақыт келе жатыр.
Бүгінгі күні білімге, ғылымға ұмтылған жастардың қатары көбейді. Әсіресе компьютер тілін меңгеруге, ақпараттық жүйелер сырын игеруге қызыққандар жұрт сүйсінетіндей жаңалықтар жасауда. Жуырда ғана робототехникадан облыстық іріктеу чемпионаты өтті. Онлайн және офлайн тіркелгендер саны 350-ден асып жығылды. Робототехника саласы бойынша ғылыми жобалар мен спорттың бірнеше түрлерінен сайысқан мектеп оқушылары адам таңқаларлық идеялар ұсынды. Мәселен, 6 сынып оқушысы Амангелді Әділет пропанның иісін анықтайтын құрылғы ойлап тапқан. Үйіңізден немесе басқа жерден газ құбырынан кеткен ақауды иіс арқылы сезіп, ұялы телефоныңызға қоңырау шалады. Ең бастысы – мұның бәрі қарапайым телефонға жалғанған роботпен басқарылады.
Тартоғай ауылдық Ш.Есенов атындағы орта мектеп оқушысы Мұхтар Ернар «Наубайхана өндірісі» жобасын ұсынды. Мұнда бірнеше автоматтандырылған машина бидайды орып, көлікке тиеп, ұнтақтайды. Дайын болған өнім балама энергиядан қуат алған пештерге жөнелтіледі. Қарап отырсаңыз, бірнеше адам істейтін жұмысты қарапайым робот жасайды.
Қалалық IT аймақ орда ресурстық орталығының оқушысы Раушанбек Бейбарыс 3D принтермен құйып жасалған жердің құнарлылығын зерттейтін құрылғы ойлап тауыпты. Адам аяғы бармайтын жерлерге арналған құрылғы жердің температурасын, ылғалдылығын ультрадыбыстар арқылы зерттейді.
Қазалы ауданынан келген «Эрудит» командасы жіп иіретін ұршықты автоматтандырылған машинаға айналдырған. Оған қоса «Ақылды қоқыс жәшігін» ойлап тапқан. Сырдарияның сол жағалауын «Ақылды қалаға» айналдырсақ, оның сәнін кіргізетін ақылды машиналар қазірден дайын.
Жоғарыда аталған мектеп оқушылары ұсынған жобалар алдағы уақытта тағы да толықтырылып, өндіріске енгізіледі деген үміттеміз. Ең бастысы – балалардың білім алуға деген құлшынысы. Рухани құндылықтың негізі білімде. Сондықтан оның құны өлшеусіз. Әрқайсысымыз үнемі білім алуға, үздіксіз дамуға ниеттенсек, алынбайтын қамал жоқ. Адамның білімін ешкім тартып ала алмайды. Білім игерілгенде ғана табысқа айналады. Қазір білімді табыс факторы ретінде қарайтын зейінді жастар көбейді. Ең бастысы – сол жастарға дұрыс жол сілтеп, бағыт беру, рухани құндылықты бойына сіңіру.
Гүлмира Әшірбекова,
«Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы