"Тіршілік тынысы" – 80
Биыл аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газетінің 80 жылдық мерейтойы. Осыған орай, жыл бойына айшықты шаралар жасалып, аудандық басылымның мерейлі жылын кең көлемде атап өту жоспарланған. Осы жылдың шеңберінде оқырман қауыммен кездесу, газет жұмысын кеңінен ақпараттандыру, жас журналистердің шығармашылығына қолдау білдіру және басқа да мәдени тағылымды шаралар өткізіледі. Айтулы жылдың алғашқы кең көлемді шарасы Тереңөзек кент клубында өтті. Онда басылымның ардагері, белгілі ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтаповпен және газет ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Алғаш 1939 жылдың 26 наурызында оқырманға тараған газет сол кезден бастап аудан тіршілігін үздіксіз ақпараттандырып келеді. Қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық жаңалықтарды, ауданға қарасты әр ауылдағы сүйінші хабарды жеткізуде. Тоқсан жылдық тарихы бар ауданның сексен жылдағы жылнамасы аудан басылымына тарих болып қатталды. Осы жылдардың ішінде аудан экономикасының, әлеуетінің артуына аталмыш баспасөз құралының тигізген үлесі көп десек артық айтқандық емес. Айтулы шарада алдымен газет тарихынан ақпарат берілді. Сондай-ақ бүгінгі белесіне шолу жасалды.