"Бір адамды өлтірсең, барша адамзатты өлтіргенің": Назарбаев көрші елдерді тату болуға шақырды
ҚР тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің бейбіт шешілуін қалайтынын айтты. Бұл туралы ол "Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту" тақырыбында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Ол қазақ жерінің өркениет диалогы алаңына айналғанын атап өтті.
"2003 жылдан бастап дәл осы ғимаратта, астанамызда жүздеген әлемдік дәстүрлі діндер өкілдерін жинайтын съезд өтеді. Әлемде олар жиналатын басқа жер жоқ. Әлемде Иранның жоғарғы молдасы мен Израиль раввині бір-бірімен қол алысып, Құдайдың бәріне ортақ екенін, оған әртүрлі жолмен жететінін және барлық дінде басқа діндердің барлығын жақсы көруі керек дейтін әңгімелер осы жерде ғана айтылады. "Құранда бір адамды өлтірсең, бар әлемді, адамзатты өлтірдің" дейді. Басқа дінде де солай. Осындай сұхбаттарды тек Қазақстанда ғана жүргізуге болады", - деп қорытты сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы.