Ақтөбеде 90 жастан асқан тыл ардагері өлместің күйін кешіп жүр (фото)

"Әкімдіктен бірнеше рет көмек сұрадық. Олар шешемнің атында баспана бар екенін айтады. Ол - Шалқар қаласындағы құлайын деп тұрған үй. Оның үрліктері түсіп, қабырғалары үгітіліп жатыр.
Бұл кісінің көп өмірі қалған жоқ. Шамалы қалған өмірінде неге мына заманның жетістігін көріп кетпейді?! Әркімнің есігін қағып жүргенімізге бірнеше жыл болды.
Шешеміз соғыс жылдарында еңбек еткен, оның үстіне өмір бойына үкіметке жұмыс жасаған адам. Мен шешемді бағуды салмақ көріп отырған жоқпын.
Тек біздің тұрып жатқан жеріміз әжеге қолайсыз. Жолдасым екеуміз жеке мекеменің күзетшісі болып жасаймыз.
Сол жердің сарайын паналап отырмыз. Мұнда газ жоқ, от жағамыз. Суды да тасып ішеміз» , -дейді ардагердің қызы Алмагүл Қанатбаева.
Қаршадайынан соғыс даласындағы өмірді көрген қария әлі де тың, ойы жүйелі. Сұрапыл замандағы қиын кездерді өз аузымен айтып берді.
«Небір қиын заманды көрдік. Әкеміз үлкен бай, ауқатты адам болған. Кейін репрессияға ұшырап, балалары жан-жаққа кетті.
Соғыс жылдарында бізді «байдың қыздары» деп ерте соғысқа жіберді. 15 жасымда пойызға мініп, немістер қиратып кеткен Астрахань қаласына бардық. Ол кезде аяғымызда аяқ киім деген жоқ.
Қатты қағазды аяғымызға шөппен орап алып, Астрахань қаласындағы акоп қазу жұмыстарын жасадық, қираған үйлерден мүрделерді алып шықтық.
Арқамызға мәйітті салып келе жатқанымызда қатты қорқатын едік. Сол кездегі көріністер сөзбен айтуға келмейді.
Үнсіз түсінісіп, қабағымызды шытпай, нәр сызбастан еңбек еттік. «Соғыс тезірек бітсе екен» деп қана армандайтын едік» , -дейді Рахила Қанатбаева.