Ринат Зайытов: Мал сияқтымыз. Жерді сатса да, қаланың атын өзгертсе де, бізбен санаспайды
Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов видеоүндеу арқылы халықты сайлауға атсалысуға шақырды. Айтуынша, осы жолы халық әділдікті талап етпесе, алдағы өмірі қиын болмақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бір-ақ нәрсе айтатыным. Ағайын, осы сайлауға бей-жай қарасақ, бұдан да жаман 30 жыл өмір сүруге дайын бола беріңіздер. Өйткені бұл биліктен ешқандай перспектива көріп тұрған жоқпын. 28 жыл ішінде қазіргі билік Қазақстанға ауыз толтырып айтатындай жетістік әкелген жоқ», - деді Ринат Зайытов.
Әрі қарай айтыскер ақын астанаға тұңғыш президенттің есімінің берілуіне қатысты пікір білдірді.
«Бәріміз мал секілдіміз. Ең болмаса, бір қаланың атын өзгертсе де санаспайды, жердің атын өзгертсе де санаспайды. Сайлау өткізсе де санаспайды. Онда бәріміздің құлағымызды сырғалап, түгендеп қойсын да далаға жайып жіберсін. Анда-санда бір қарап отырсын. Малдан қай жеріміз кем олай істей беретін болса? Егер біздің балаларымыз білімі жетіп тұрып, түсіп тұрған оқуын ақшасыз оқи алмаса. Біздің қартайған кемпір-шалдарымыз бойынан әл-қуаты кеткенде барып бір тиын ақша бермей емделе алмаса», - деп ашынды айтыскер.