» » БАСТЫ МАҚСАТЫМ – КИНО ТҮСІРУ

БАСТЫ МАҚСАТЫМ – КИНО ТҮСІРУ

  Ержан КЕНЖЕЕВ, «REDORDA» студиясының директоры:

– Өзіңіз жайлы бірер ақпарат...
–Қызылорда қаласы, Қарауылтөбе ауылының тумасымын. Отбасымда бес ағайындымыз. Ұлдың кішісі өзім, менен кейін жалғыз қарындасымыз бар. Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға физика мамандығы бойынша бакалавр оқыдым. Одан соң білімімді шыңдау мақсатында магистратураға түстім. Ал қазір осы ҚМУ-да «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» деген мамандықта докторантурада білім алып жатырмын.
– Сонда болашақта қандай салада жұмыс істемек ойдасыз?
– Білім саласын таңдағаннан кейін 2014 жылы университетті бітірген бойда «Ақмешіт» колледжіне мұғалім болып жұмысқа орналастым. Араға бір жыл салып, бөлім меңгерушісі қылып тағайындады. Күні бүгінге дейін сол қызметтемін. Ал студия бұл менің арманыма қол жеткізетін қосымша жұмысым.
– Кәсіп ашуыңызға не түрткі болды?
– Сапалы фото-видео алу үшін Алматы асып үлкен қалаларға жүгіре жөнелеміз ғой шындығында. Сондықтан неге осыны өз қаламызда ашпасқа деген ой келді. Қызылорда да – бір өнер ордасы. Өзінің әнші-бишілері, зиялы қауымы, қызу тіршілігі бар қала ғой. Осындай ортаға тағы бір студияның артық етпесі анық. Оның үстіне студент кезімде жолдас жігіттермен бірнеше студияда жұмыс істедім. Сол кезден бастап осы салаға қызығушылық ояна бастаған еді. Түсірілім жұмыстарын, монтажды сонда жүріп үйрендім. 2014 жылы оқу бітіргеннен кейін өз салама бет бұрыс жасадым. Мұғалім болып жүріп, студент кездегі арманды неге қолға алмасқа деп ойландым. Осылайша жаныма білікті жігіттерді жинап, 2017 жылдың 16 сәуірінде өзімнің туған күнімде жұмысты бастап кеттік.
– Атауын өзіңіз қойдыңыз ба?
– Атауын қоярда достарыммен және жақын ағайын-туыспен ақылдастым. Соның өзіне кемі бір апта уақыт кетті. Өйткені қалай болса солай қоя салғым келмеді. «Кемеңді қалай атасаң солай жүзеді» деген сөз бар ғой. Атауы да құлаққа жағымды естілетін, мағынасы бар, қаламен аттас қылуды жөн көрдік. Яғни заманауи түрде«REDORDA» фото-видео студиясы деп атадым.
– Кәсібіңізді бастарда қандайда бір қиыншылықтар болды ма?
– Әрине. Әуелі мына жайтты айта кетейін. Менің негізгі мақсатым – кино түсіру. Бұл менің студент кезден бастап ойға алған арманым. Келешекте оны да жүзеге асыратын боламыз. Оған дейін өте мықты ұжым жасақтап алуым керек. Оның үстіне қаржылық мәселе бар дегендей. Ал той бағытына келсек, алғашқыда тұтынушы аз болды. Қызылорда шағын қала болғанмен осы салада бәсекелестік мол. Біз секілді студиялар күн санап көбейіп келе жатыр. О баста өзіміздің ағайын-туыс пен таныстармен шектелдік. Кейін әлеуметтік желілерде өз жұмысымызды көрсетіп, жарнамалаған соң бір жыл ішінде сұраныс та арта түсті.
– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– 15-ке жуық адам қызмет атқарады. Бірақ мен арқа сүйер үш Жомарт есімді жігіттер бар. Үшеуі де мықты, өз ісінің шебері. Бірі Жомарт Кемелханов – бас монтаждаушы, екіншісі, Жомарт Кенжебаев – заңгер, үшіншісі, Жомарт Жарылқасын – музыкаға байланысты шаруаларға жауапты маман. Қасымда ұдайы идеясын қосып, қолдау білдіретін де осы жігіттер.
– Сіз кадрды қалай таңдайсыз?
– Көбіне өзімнің таныстарым арқылы қабылдаймын. Себебі өзің тәрбиелеп алған адамға жетпейді. Оның үстіне ол адал қызмет істейді. Өзім тәрбиелеп, үйретіп, осы салада білікті маман қылған жігіттер бар. Атап айтатын болсақ; Амантай Бақберген, Ерғазы Қанатұлы, Дінислам Сейтен, Ринат Накышов, Жандос Тұржан, Сағи Сапарбаев есімді азаматтар.
– Жұмыс графигін айтып берсеңіз...
– Біз демалыссыз жұмыс істейміз. Тіпті 24 сағат ұйықтамай жұмыс істейтін кездер де болады.
– Студиядағы сіздің қызметіңіз?
– Негізгі жұмысым – осы ұжымды дұрыс бағыттап отыру. Адам болғаннан кейін кей кездері ұжымдағы жігіттер шаршайды, сол уақытта мотивация беріп жігерлендіру. Бірақ бірінші кезекте ұжымға аға ретінде қамқор болу.
– Бәсекелестік бізде жоғары деңгейде екенін айттыңыз. Сіздің орталықтың олардан айырмашылығы неде?
– Мен адалдықты бірінші орынға қоямын. Бай, кедей деп бөлмеймін. Ешкімге күйе жақпаймын. Дегенмен той-томалаққа іріктеп баратын
студиялар бар. Тұтынушының көңілін қалдырмауға тырысамыз. Яғни қызметке көрсетілетін қаржыны екі жақ келісе отырып шешеміз.
– Айына қанша табыс табасыздар?
– Айына кемі 500-600 мың теңге. Кейде мұнан да көп табыс табатын кездер болады.
– Ал бір тойға орташа есеппен қаншаға шығасыздар?
– Тойды түсіретін камера санына қарай есептеледі. Бірақ келін күту, кортеж, тойымен қоса есептегенде 200 мың теңгеге шығып қалады.
– Сіздерде қандайда бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Иә. Альбомға қарастырылған. Өзгешелігі видео түрінде жасап береміз. Бұл жүйені Қызылорда да алғаш болып іске қостық. Сонымен қатар мамыр айына толық, кез келген қызметке 30% жеңілдік қарастырып отырмыз.
– Бұл кәсіптің қызығы мен қиыншылығы туралы не айтасыз?
– Халықтың қуанышын бөлісу қай кезде де жағымды әсер қалдырады. Соған қарай қиыншылығы да аз емес. Бірінші кезекте – тұтынушымен жұмыс істеу, сұранысын қанағаттандыру, көңілінен шығу, ұжымның сапасына ұдайы мән беріп отыру. Олар мықты болмаса, сурет те, видео да мықты шықпайды. Сапа жоқ жерде сұраныстың болмайтыны белгілі.
– Сонда мұндағы ең қиын жұмыс кімдікі?
– Оңай жұмыс жоқ. Халыққа барлығы ұнау қажет. Бөліп-жару қиын. Барлығына да қызмет жүктеледі ғой. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бар емес пе?! Барлығымыз біріккенде ешқандай жұмыс қиын болып көрінбейді!
– Студияңызда түсірілімнен басқа не қарастырылған?
– Студияда қосымша ештеңе жоқ. Бірақ белгілі топтармен жұмыс істеп жатырмыз. Қызылорда облысының «Жайдарман» филиалының директоры Әліби Басаровпен «Әңгімең бар ма?» деген жоба бастағанбыз. Қазір екі жақтың да шұғыл жұмыстарына байланысты уақытша тоқтап тұр. Оны үнемі ютуб каналына жүктеп отырамыз. Алдағы уақытта жалғасын табады. Әлі де дамытамыз. Жақында тағы бір жобаны қолға алдық. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-мен келісім шартқа отырып, университеттің студенттері мен түлектерін насихаттауға арналған «Біздің Pride» деген бағдарлама ашылды. Яғни түсірілім тобымен басынан аяғына дейін жүріп, демеушілік көрсетудеміз.
– Екі жұмысты қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?
– 8 сағат колледжде болсам, кешкі алтыдан түннің бір уағына дейін студияның жұмысымен айналысамын. Әрине, сүйікті ісіме жұмсаған уақытымды қиындық деп санамаймын.
– Кез келген кәсіпке қай кезде де жаңашылдық қажет қой. Идеяны қайдан аласыз?
– Жалпы бір іспен айналыссаң, түбіне жетуге болады. Адам қызығатын бір дүние алып келетін болсаң, оған бар назарыңды аударып, азаннан кешке дейін отырсаң, сол ойдан бір нәтиже шығады. Көбіне жанымдағы достардан, тәжірибелі кәсіпкер аға-әпкелерімізден ақыл сұраймын. Мысалы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да "Экономика және ақпараттық технологиялар" факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаев және Қызылорда қаласына танымал өзіндік орны бар режиссер Жеңіс Сүйіндіков сынды ағаларымыз ақыл кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Өзім де мотивациялық, кәсіпке байланысты кітаптар оқып тұрамын. Дейл Карнеги деген атақты психологтың шешендікті үйрететін, адамды басқару, тіл табысу секілді дүниелерді ашып көрсететін еңбектері бар. Сол кісінің еңбектерін жиі оқимын. Қазір бізге кедергі болып тұрған уақыт тапшылығы. Соның әсерінен қазір біраз дүниеден қалыс қалып жатырмыз. Ал тың жаңалық алып келу үшін түбегейлі осы іспен айналысуым керек. Құдай қаласа, бәсекелестерді басып озу үшін, жұрт таңғаларлықтай жобалар жасамақпын. Оны алдағы уақытта көретін боласыздар.
– Ашылғандарыңызға 2 жылдың көлемі болыпты. Осы уақыт аралығында басқа өңірлерге шығып көрдіңіздер ме?
– Өзі жаз, күз мезгілі тойдың уақыты ғой. Өзіміздің өңірден босай қалсақ, оңтүстік қалаларға шығып тұрамыз. Көбіне Алматы, Шымкент секілді қалалардан ұсыныс жиі түседі. Ал қыс мезгілінде үйлену тойлары аз болатындықтан, әртүрлі локациядағы фотосессиямен шығамыз. Өз басым қаржылық қиындықтар болмас үшін, алдын ала тұтынушы тауып, бір айлық жоспар жасаймын.
– Фильм жайлы әңгімеге қайта оралсақ. Сіздің өнімді қашан көре аламыз?
– Мен жеңіл-желпі дүние жарыққа шығарғым келмейді. Мәнді, мағыналы, еңбек көрінетін дүние жасамақ ойдамын. Мүмкіндік болса, фантастикалық немесе эпостық дәуірдегі батырларға байланысты кино түсірсем деймін. Фантастика деуімнің себебі бар. Біріншіден, Қазақстанда фантастикалық өнім жоқтың қасы. Екіншіден, монтаж жағынан қиял шексіз. Ал батырларға байланысты киноға келсек, «Жау жүрек мың баладан» кейін бұл тақырыптағы фильмдердің арасы үзіліп қалды. Қазір кино түсірушілер әзіл-қалжың бағытындағы өнімді көптеп шығаруда. Қазақта алты алашқа аты мәшһүр қаншама батырлар бар. Соларды қазіргі жас буынның біразы білмейді. Сондықтан кино түсіріп, қазақ батырларын насихаттағым келеді.
– Үйдегі Ержан мен жұмыстағы Ержан бөлек пе?
– Өзімді аса бір сабырлымын деп айта алмаймын. Жұмыста біраз жерде қаталдық танытам. Аға-іні, дос болып жұмыс істеген ұнайды. Бірақ адамды басқару, дұрыс-бұрысын айту үшін кішкене мінез қажет. Жалпы өмірде елгезек адаммын. Ешкімді ренжітпеуге тырысам.
– Сіз үшін ең сәтсіз және ең сәтті кезең?
– Өз басыңа түспей ешнәрсені сезінбейді екенсің. Әкем қайтыс болғанда, жақын адамыңды жоғалтудың қандай қиын екенін білдім. Ал қуанышты сәт дегенге келер болсақ, ойыңдағы арманыңа немесе алға қойған мақсатыңа жету, оның орындалуы, міне, сол қуанышты сәт деп ойлаймын.
– Өмірдегі ұстанымыңыз?
– Қол ұшын беру – менің басты қағидам. Ешкімнің көңіліне кірбің түсірмей, адамдықтан аттамай, қолдан келсе көмегімді аямау өмірлік ұстанымым десем болады. Қалтамнан ақша артылып, табыс көзі көбейе қалса, мешітке апарып беруге немесе әлеуметтік ахуалы төмен, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға тырысам. Былтыр мешіттен жағдайы нашар біршама отбасының тізімін алып, жаңа жылдық киіммен барып, сыйлық беріп, азын-аулақ азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Кейде қарттар үйінен, жетімдер үйінен келіп, түсірілімге жәрдемдесші деп көмек сұрайды. Сауапты іске әрқашан қуана-қуана келісемін. Қалмай барамын. Мұндай істер болашақта да жалғасын табатын болады.
– Өміріңізде арманыңыз бен мақсатыңыз орындалмаған сәттер кездесті ме?
– Кездесті. Дегенмен адамда арман таусылған ба? Аман болсақ, әлі алда талай армандарыма жетем. Өйткені мен баспаған белестер, мен бағындырмаған шыңдар көп. Оның ерте-кеші болмайды.
– Бір мүмкіндіктен құлап, екіншісін пайдаланған кезіңіз болды ма?
– «Тәуекелшіл ер жігіт адаспай жүріп жөн табар» демей ме. Ешқашан бетім қайтып, ісімді аяқсыз қалдырған емеспін. Қарапайым мысал 2015 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға өзім қалаған оқуға тапсырдым. Бірақ түсе алмадым. Келер жылы қайта дайындалып, грантты жеңіп алдым. Осы жерде айта кету керек, осы магистратурада ғылыми жетекшілік жасаған, өзімнің екінші әкемдей болып кеткен техника ғылымдарының кандидаты, доцент Үргенішбеков Айтмағанбет ағайға алғысым шексіз!
– Алдағы 10 жылдықта өзіңізді қалай елестетесіз?
– Бірінші, бақытты отбасының отағасы болам деген ойдамын. Екінші, «REDORDA» студиясын биіктен көрсем деймін. Қазақстанға танымал болатындай дәрежеге жеткізгім келеді. Жалпы қызылордалықтарға пайдасын тигізер орталық болса, менен бақытты адам болмайтын шығар. Биыл қыста облыс әкімінің алғыс хатын алдық. Бүгінде облыс әкімшілігімен бірлесе отырып, біраз жұмыс істеп жатырмыз. Кейде «Харизма» деген орталыққа, «Сыр аруы», «Университет аруы» секілді байқауларда демеушілік көрсетеміз. Алдағы уақытта өзіміздің өңірге қажет жобалар болса, пайдамызды тигізеріміз сөзсіз.
– Келешекте сізді басқа кәсіптен көре аламызба?
– Мүмкін. Әсіресе білім саласынан.
– Сонда «REDORDA-ның» одан арғы тыныс-тіршілігі қалай болады?
– Екі жақты да алып жүремін. Қазіргі мақсатым осы кәсіпті аяғынан тұрғызу. Бастысы, мұнда менің жоқтығымды білдіртпейтін, істің мән-жайын бес саусақтай білетін сенімді жігіттер бар. Сондықтан кейін өз-өзін ақтайтын орталық боларына сенімім мол. Қазақта «отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген сөз бар. Өз басым ер адам 35 жасына дейін тәуекелге бел буып жұмыс істей алады деп ойлаймын. Күш пен қайрат, жігер барда өзімді жан-жақты дамытып, әр салада бағымды сынап көргім келеді. Өйткені «қырық жастан асқасын өмірден қорқа бастайсың» дейді ағаларымыз. Осы аралықта әр жерге өзімнің сенімді серіктерімді қойып, бір компанияның басшысы болам деген сенімдемін. Мұның бәрі уақыттың еншісінде.
– Сіздің қолыңызда 1 млн. мен 10 млн. теңге арасында қаражат болса не істер едіңіз?
– Тағы да бір кәсіп ашамын.
– Соңғы сауал. Бағана «бақытты отбасының отағасы болсам» дедіңіз. Енді бір отбасыны асырау үшін отағасы қанша қаржы табу керек деп ойлайсыз?
– Негізі қаржы деген жетпейді ғой. Мейлі айына миллиондап ақша тапсаңда, оны жұмсайтын орын табылып тұрады. Ол сіздің өз ойыңыздан немесе қасыңыздағы адамдардан пайда болады. Адамның қажеттілігін қанағаттандыру өте қиын. Бірақ қарапайым отбасының отағасына кемі 200 мың теңге табыс түсіп тұру керек.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Ақтілек БІТІМБАЙ
07 мамыр 2019 ж. 665 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031