ОЛ СУЫНА БҰЛ СУЫН ҚҰДАЙЫМНЫҢ ҚОСУЫН
Өткен ғасырдағы америка-жапон соғысын бәріміз білеміз. Әлеуметтік желіден көзім шалған мына бір тұсты баяндайын. Осында жапондар Америкадан неге жеңілді деген сұраққа жауап берілген. Анығы, қызық жауапқа өзім де таң қалдым. Негізі, Американы жапондар жеңетін еді. Бірақ...
Жапондардың тәрбиесі жергілікті халықтан бөлек, әскери жүйесіне де тіл арқылы сіңіп кеткен. Мысалы, жапон мергені алыстан жау ұшағын байқап қалды. Енді арнайы рұқсат керек. Қолына рацияны алып, бас штабқа не командирге келе жатқан жау ұшағын атып түсіруге рұқсат алу үшін сөйлей бастайды.
– Аса құрметті, аса мәртебелі пәленше! Сіздің биік мәртебеңізге сенім арта отырып, қатардағы жауынгер пәленше де түгенше ұшып келе жатқан ұшақтың дұшпан екеніндігін хабарлайды және сізден соларды атып түсіруге... Үлгіре алмады. Айтам дегенше ұшақ та келді. Бұрқ еткізіп бомбасын тас төбеден тастай салды. Иманын үйірместен мерген де мерт болды. Бітті. Қызық, әә! Бірақ тарих-ата оларды тіл үшін жеңіліп қалды деп жазбайды ғой.
Біздің тіл ше?! Жат! Тұр! Кел! Кет! Қаш! Бар! Қысқа әрі түсінікті. Бұйрықты орындау үшін бірнеше секундтар жеткілікті. Мұнан не ұқтық? Қазақ тілі тек көркем, сөздік қорға бай ғана емес, нағыз әскери тіл екенін білеміз. Мүмкін біздегі қазақ тілін қиын санайтын кейбір топқа осындай әскери тілді жаттату керек шығар...
Тілді қадірлей білуді тау халқынан, әсіресе, авар, лак, құмық тіліндегі жұрттан мысал келтіре аламыз. Ол ағайындар аздығына қарамай дүниенiң төрт бұрышына шашырап кеткен. Сонда да өз тілін ұмытпайды. Ұмытса бітті, өз халқы да бауырына тарта қоймайды. Тіпті, туған анасы да, Ол туралы, «ана тілін ұмытқан ұл» жайлы Расул Ғамзатовтың әңгімесін жазған Мұхтар Шахановтың өлеңі де бар. Бір ғана мысал, лак халқының үлкен ақыны Әбутәлiп бiрде Мәскеуге барыпты. Көшеде келе жатып көлденең жолыққан адамнан базардың қайда екенiн сұрайды. Ол ағылшын екен. Әбутәлiптiң айтқанын түсiнбеген еуропалық ағылшынша, французша, испанша ұғыспақшы болады. Өкiнiштiсi, екеуi тiл табыса алмаған. Осы оқиғаны естiген шала оқымысты дағыстандық туысқан Әбутәлiпке қаратып:
– Мәдениет деген сол. Егер сенiң мәдениетiң жоғары болғанда ағылшынмен сөйлесер едiң, – дегенде, Әбутәлiп оған:
– Дұрыс айтасыз, бiрақ ол ағылшын менен мәдениеттi емес шығар. Ол да мен айтқан авар, лак, тат, құмық тiлiн түсiнбедi ғой, – дептi.
Дамыған елдердің көшбасшысы ретінде біз тамсанатын Америкада мынадай тәжірибе жүргізіліпті. Бір күнде, бір мезетте туған үш неміс, үш ағылшын және үш орыстың жаңа туған шақалақтарын кіндігі кесіле салысымен барлығын бір бөлмеге жинатыпты. Мына қызықты қарасаңызшы. Алдымен немісше «өмірге қош келдіңдер, жолдарың сәтті болсын» деп жақсы сөз айтуы мұң екен, немістен туған сәбилер қозғалып, уілдеп, өздерінше үн шығарыпты. Ал ағылшын мен орыс сәбилер қыбырсыз жата бергенге ұқсайды. Осы сөздерді ағылшын тілінде айтқанда, неміс пен орыс нәрестелер қозғалмай, ағылшын шараналар қимылдаған. Орысша айтқанда да тура солай қайталанған. Мұнан нені байқаймыз? Өмір есігін бірер сағат бұрын ашқан сәбилердің өз тілін түсінуі ғажап нәрсе емес пе?! Мұның барлығы тәрбиеден. Ана құрсағында жүргенде әке-шеше ана тілінде сөйлеп, ортасы туған тілде қатынасса, іштегі ұрпақ одан асып қайда барсын...
Мейлі, бала өмірге келіп болған соң да өз ана тілінде тілін сөйлетуге тырысыңызшы. Мысал айтайын. Алысқа шаппай-ақ, үйдің ауласында баласын ойнатып, көше мен дүкендерде кішкентайын ертіп "доча" болмаса "сынок" деп орысша еміренетін қазақтың келіншектерін сіз де байқаған боларсыз. Сонда ендігі кінәні кімге артпақпыз? Тәуелсіз елдің азаматы әрі қазақтың кең даласында дүниеге келген ұрпаққа тумай жатып орысшаны шикі басына сіңдіре берсек, сіз бен біз қандай қазақи жарқын болашақты армандап жүрміз?! Айтыңызшы. Мұнда, ең сорақысы, «шырағым, мынауың не» деп жасы үлкен, әжімді қарияң әлдене айта бастаса, өзіне шап беріп, шабаланатындар көп. «Ол суына, бұл суын, Құдайымның қосуын» дейсіз де, амалсыз ішегіңізді тартасыз.
Мұнан шығар қорытынды осы, оқырманым. Ұрпағым ана тілін ардақтасын десек, өзге тілде өзеуремей қоя тұрыңыз!
Ержан ҚОЖАС