» » ЖЫЛАННЫҢ ОБАЛЫ

ЖЫЛАННЫҢ ОБАЛЫ

   Бәрі де сол күннен басталған сияқты. Асқардың бар қасіреті сол күннің тылсымына тығылғандай. Неге өлтірді? Неге ырым бойынша сол жыланның басына ақ құйып шығарып салмады? Осылай жасаса бүгінгі қасіреті мен азабы өзін айналып өтер ме еді? Орны толмас өкініштері сол күннің оқиғасымен байланысты екендігін өзі біле ме екен?         
Бала күніміз ғой. Көрші балалармен ауыл сыртындағы алма бақта ойнаймыз. Күн батқанша бар баққанымыз – ойын. Алма бақ та сүйікті мекенімізге айналған. Бір күні мұнда ауылдың ересек қыз-жігіттері жиналып, бізді өз «территориямыздан» қуып жіберді. Сыртынан телміре қарап жүргенімізді кім жақтырсын. Сонымен меншікті мекенімізді тас-тап, көрші бала Саматтың бақшасына бардық. Көк майсаның үстінде ойнап жүріп, Саматтың жанайқайынан селт ете қалдық. Оның ащы дауысы әлі құлағымда. Жанына жетіп барып байқасақ, тізерлеп отырған Саматқа оқ жылан бойын тіктеп, тілін жалаңдатып атылғалы тұр екен. Қорыққаны сонша, Саматтың иегі дірілдеп, екі көзінен жас парлап ағып жатыр. Қозғалуға дәрмені жоқ.       
Мен үйге қарай асықтым. Бар ойым оның ағасы Асқарды шақырып келіп, Саматты құтқару. Аяғым-аяғыма шалынып, 20 аттам жерге әзер жеттім-ау! Асқарға «жылан-жылан» дегеннен артық ештеңе дей алмай тұрып қалдым. Мұнымды тез түсінген ол қолына кетпенді ала салып, баққа қарай жүгірді. Асқардың артынан іле-шала мен де жүгірдім. Барсақ, жылан сол қалпы Саматқа оқталып тұр. Ойнап жүрген өзге балалар Саматтың жанына баруға дәрменсіз.       Қимылдама, отырған орныңнан қозғалма! – дейді Асқар.       Кетпенін мықтап ұстап төбесіне көтеріп тұрды да, жыланның қақ маңдайынан шауып жіберді. Саматтың бетіне жыланның ыстық қаны бұрқ ете қалды. Басын шауып алса да, құйрығымен тыпыршып, бауырымен жорғалап кетіп барады. Асқар тағы да ұрды. Тағы да. Тағы да шапты. Осыдан кейін ғана жылан қимылсыз қалды. Асқар Саматты жұбатып үйіне қарай алып кетті. Бәріміз де тарқастық.        
Осы күні кешке суыт хабар естідік. Саматтың әкесін көкпарда ат сүйреп кетіп, ауруханаға түсіпті. Дәрігерге жеткізілгенімен, қайтыс болыпты. Ата-анам абыр-сабыр күймен Саматтың үйіне кетті. Сүт пісірім уақыт өткенде анам келіп, Саматты жаныма отырғызып кетті. «Ол үйде адам көп. Екеуің үйде отырыңдар» деді де кетіп қалды. Саматтың екі көзі қызарып, ісіп кетіпті. Күндіз жыланнан қорқып, әбден жылап еді, енді мына жағдай. Үнсіз теледидар қарап отырдық. Сол кештен кейін Самат тұйықталып кетті. Бұрынғыдай алма баққа барып ойнамайтын да болдық.        
Бұл оқиғадан кейін 4 ай өтті. Мектептен келе жатқанбыз. Саматтың үйіне жақындай бере көп адамды көзім шалды. Бір сұмдықтың болғаны белгілі. Ойлағанымдай-ақ, бұл шаңыраққа тағы бір қасірет келді. Саматтың анасы шатырға шөп жиып жүріп, мерт болыпты. Төбеден құлаған бойы тіл тартпай кеткен. Денем түршігіп, досымды қатты аядым. Жазда әкесінен, бүгін, міне, анасынан айырылып отыр. Жетім қалды. Ағасы Асқар мен қарындасы Айғаным ғана. Енді бұлар қайтпек? Ойымнан шықпайтын жаздағы жылан кек алып жатқан жоқ па деген ой санамнан шықпады. Бұл ойымды әкеме айтып едім, үндемей ойланып қалды. Тек Асқардың мұнысы дұрыс болмаған екен, — деді де қойды. Бұл жағдайдан кейін Самат нағашысының қолына кетті де, ағасы мен қарындасы осындағы туыстарының үйінде қалды. Ер жеттік. Асқар үйленіп, дүрілдетіп той жасады.           
Мен Алматыға оқу қуып кеттім. Соңғы курсым болатын. Демалысқа ауылға келдім. Дастарқан басында отырып Саматты сұрап едім, анам «Самат жол апатынан қайтыс болды. Асқардың келіншегі де босанып жатып қайтыс болды. Асқардың өзі жындыханада жатыр» деген жағымсыз жаңалық айтты. Денем мұздап кетті. Көз алдыма сол бала кездегі көк майса бақ, Саматқа атылған оқ жылан және Асқардың қолына ұстаған кетпені келді. Бұл шынымен де рас болғаны ма? Сол баяғы жыланның киесі ұрғаны ма?! Әкемнен сұрап едім, ол ойымды мақұлдағандай, «Жыланның киесі зор ғой балам, бабамыз бекерге ақ құйып шығармағаны да» деді. Ал Айғаным, Саматтың қарындасы нағашысының қолына өтіпті. Бойжетіп те қалыпты. Осы күндері Айғанымға қатты алаңдаймын. Жыланның киесі оны да ұрмай ма екен? Шіркін, сол шақты қайтарып алуға болатын сиқыр болса ғой. Асқарға «ақ құйып шығарайық» деп айтар едім…
Бекбол Сүлейменов
02 мамыр 2018 ж. 2 201 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031