БҮГІНГІ ОҚУШЫ – ЕРТЕҢГІ КӘСІБИ МАМАН
№2 Мұрагер мектебінде 9-11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында «Бүгінгі оқушы – ертеңгі кәсіби маман» тақырыбында облыстық форум өтті. Шараға «Болашақ» университетінің жоғары колледжі қатысып, 33 мамандық түрін таныстырды. Сонымен қоса оқу орны даярлайтын мамандықтар бойынша шеберлік сағаты мен жәрмеңке ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге «Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту» мамандығы бойынша жетекші Г.Бердібаеваның ұйымдастыруымен оқушылар қолымен жасалған дидактикалық материалдар, көлеңке және қуыршақ театры, балаларды сергітуге арналған ойыншықтар жиынтығы қойылды. Ал «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандығы бойынша К.Календарованың шәкірттері мектеп түлектеріне бет, шаш әрлеу, қол күтімі бойынша шеберлік сағатын көрсетті. Сондай-ақ көрме «Дизайн» мамандығы студенттері тоқыған әшекей бұйымдары мен кәдесый және көз жауын алатын құрақ көрпе түрімен толықты. «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша колледж студенттерінің өз қолымен жасаған сол жағалаудағы «Болашақ» университетінің жаңа ғимараты түлектердің қызығушылығын оятты. Іргелі оқу орны облыс көлеміндегі барша мектеп бітіруші түлектерді оқуға шақырады және сапалы білім мен өнегелі тәрбие алатынына сенім білдірді.
Жұлдызай СЕРІБАЕВА,
Болашақ колледжінің әдіскері