МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫ
Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне мән беру керек. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Үлкен өмірге аяқ басқан әрбір жастың алдынан мамандық таңдау мәселесі шығады. Мектеп бітіруші түлек үшін мамандық таңдауда мүлт кетпеу маңызды. Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл-жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзі бар. Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындары 200-ден астам мамандық бойынша оқытады. Алайда, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 74 % меңгерген мамандығымен жұмыс істемейді екен. Сонда қалған 26 % ғана дипломы бойынша қызмет атқарады.
Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектепте «Жетістікке жетелейтін мамандық» тақырыбында кәсіптік бағдар беру апталығы ұйымдастырылып, 1-11 сынып оқушылары арасында іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, 1-4 сынып оқушыларының «Анам, әкем жұмыста» тақырыбында сурет көрмесі болды. Ал 8-11 сынып оқушылары арасында «Кәсіп шеңберінде» атты фотосурет байқауы өтті. Шара барысында оқушылар сатушы, медбике, модельер, оператор, программист, темір жолшы, шаштараз т.б мамандармен түскен суреттерін ұсынды. Сонымен қоса «Мен құрлысшы боламын, біз үй саламыз» атты макет көрмесі өткізілді.Мектеп оқушылары өз идеяларын ортаға салып тақырыпқа сай макеттер жасап әкелді. Мамандық тақырыбында аудандық білім бөлімінен ұйымдастырумен аймақтық кездесу ұйымдастырылды. Аймақтық кездесуді Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушылары мен студенттер өткізді. Шараға қатысқан 180 оқушы өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.
Ләззат МҰРАТОВА,
Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектеп директорының орынбасары