Туған жерге тағзым
Қызылорда облысында еңбегімен елге танылып, түрлі салаларды меңгеріп, биік шыңдарды бағындырған азаматтар аз емес. Осындай азаматтармен №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектепте кездесу өтті.
Мектептің түлегі, «EDTECH» халықаралық білім орталығының бас директоры, Қазақ Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бейсенбаев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Жетісу» арнасының бас директоры Бейсен Құранбек, өнертанушы, режиссер Ерлан Төлеутай, сонымен бірге шәкірттері «Қазына» кітап сауда үйінің директоры Алмас Шайкен, жас қазақ миллионері, «Мой дом» компаниясының президенті Нұржас Орынбасар, эстрада жұлдызы Айбат Жанғалиев, тележурналист Бақтияр Рымжанов, телеоператор Абылайхан Жәнібекұлымен кездесу өтті.
Кездесу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – мектепішілік «Абай оқулары» байқауы. Байқауда оқушылар дана Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жаттап, көркемсөз оқу шеберлігін көрсетті. Бұл кезеңнің ұйымдастырушысы және демеушісі «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек болды. Байқауға 5-11 сынып оқушылары арасынан 19 оқушы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша І орынды 9 сынып оқушысы Таңшолпан Қойшыбайқызы, ІІ орынды 7 сынып оқушысы Айшолпан Мейрамхан, ІІІ орынды 11-сынып оқушысы Ерқанат Төлешов иеленді.
Кездесу кешінде қонақтар сыныптастары мен ардагер ұстаздарда алғыс білдірді. Кеш соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов пен мектеп директоры Ж.Жанаділова жылы лебіз білдіріп, аудандық кәсіподақ ұйымының атынан Ғани Бектайұлы 50 жас мерейтойымен құттықтап, бағалы сыйлық табыс етті.