Абайды жатқа ОҚИТЫН Аяулым
Қазалылық Аяулым Әзен хакім Абайдың барлық өлеңдері мен 35 қара сөзін жатқа айтады. Ол – Әйтеке би кентіндегі №170 мектептің 8 сынып оқушысы.
Ұлы ақынның өлеңдеріне құмартқан кейіпкеріміз аудандық, облыстық «Абай оқулары» сайыстарында жүлделерге қол жеткізген. Ал осы жылы «Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы» атты облыстық Абай оқуларында І орын иеленді.
– Әкем Абай атаның өлеңдерін жаттасаңдар, жаман болмайсыңдар деген. Сіңілілерім де менімен жарыса өлең жаттауда, – дейді Аяулым.
Бұдан бөлек, Аяулым Абайдың қара сөздерін айтушылардың арасында өткен республикалық байқауда үшінші орын алған.
– Мен Аяулымның сынып жетекшісімін. Ол – өте ұқыпты. Мәселен, Абайдың өлеңін бөліп-жармай, кітабының алғашқы бетінен, соңғы парағына дейін жаттаған. Сондай-ақ, Аяулым есепке де жүйрік, – дейді ұстазы.
«Әке – балаға сыншы» деген. Осы ретте, Аяулымның қара өлеңге қаршадайынан құмартуына себепкер болған әкесі – Жеңісбек Аралбаев.
– Аяулым – тұңғышым. Әр ата-ана баласының жетістікке жеткенін, биіктен көрінгенін қалайды. Мен де қызымның сабаққа деген ынтасын арттыру мақсатында көп қадағаладым. Әдепкіде математикаға деген құштарлығын ескеріп, осы бағыттарда жұмыс жасадық. Одан кейін, Абай атамыздың өлеңдеріне ден қойғыздым. Өз басым Абайдың қара сөзін, өлеңдерін білген жанның жаман болмайтынын білемін. Өлең-жыр кез келген жанға жігер мен шабыт сыйлайтыны анық. Бір жағынан, есте сақтау қабілетін де арттырады, – дейді Аяулымның әкесі.