ТМД-ДА ТҰҢҒЫШ РЕТ
Осы аптада ТМД елдері арасында алғаш рет академик А.Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктердің» халықаралық байқауы өтті. Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілетін байқау Жастар жылында бесінші рет ұйымдастырылды. Алайда дәстүрлі шара биыл ерекше форматқа ауысып, байқаудың жүлде қоры қала әкімінің тікелей қолдауымен 10 миллион теңгеге ұлғайтылды. Айтулы шараның ашылу салтанатына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, халықаралық олимпиаданың маңыздылығына тоқталды.
− Бес жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі шарамызға Асқар Серқұлұлының қатысуы − біз үшін және тұлғаны үлгі тұтып, қастерлейтін жас ұрпақ үшін үлкен мәртебе. Қазір мемлекет тарапынан халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік әлеуетін арттыруға, әсіресе білім мен ғылымды дамытуға бағытталған қолдаулар аз емес. Оның ішінде жастарға зор сенім артылып, кез келген бағытта мүмкіндік қарастырылған. Осындай игілікті істі жүйелі жүзеге асыру мақсатында биыл дәстүрлі шарамызды халықаралық деңгейде өткізудеміз. Бүгінде ғылым саласындағы жастардың үлесі 25 пайыздан асты. Енді басты назарды ғылыммен ұштастырылған инновацияға көбірек аудару қажет. Ол үшін мемлекет қазынасынан қарастырылатын қаржымен қатар жекелеген кәсіпкерлерден инвестиция тарту керек. Дамыған елдерде ғылымға бөлінетін қаржының тең жартысы жеке бизнестің үлесінде. Осы ретте өз тарапымнан жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттарды осындай игі бастамаларға мұрындық болуға шақырамын, − деді шаһар басшысы.
Қазақстан бойынша алғаш рет Қызылорда қаласында өткізілген байқауға көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен де жас математиктер қатысты. Айта кетейік, халықаралық олимпиадаға 800 өтінім тіркеліп, соның 100-ден астамы іріктеуден өткен. Қазақ жастары заманауи білімнің көшіне ілесіп, технологияның тілін түсінетін мықты маман болсын деген ниетпен ұйымдастырылған байқауда жерлесіміз, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев игі шараның келер жылы да жалғасын табатынын жеткізді.
− Қазақтың болашағы тек қана аңызбен жырда болмайды, қазақтың ендігі келешегі − ғылымда, жаңа технологияда. Сол үшін қасиетті Сыр бойында осындай әлемдік технологияға қатысты шара өткізуді қолға алдық. Балаларымыз тек ақын, әнші болмасын, физик, программист сынды жарқын болашаққа апаратын мамандықты үйренсін деген идеяны мен бұрыннан айтып жүрмін. Бірақ соны алғаш болып қолдаған қала әкіміне алғысымды айтамын. Байқауға 800 өтінім түскені мені қуантады. Бұл − ғылымды жастар түсінеді деген сөз, – деді академик.
Математика – күрделі ғылым, содан болар сала маманының әлемдік бәсекеде бәсі биік. Осы орайда халықаралық олимпиадаға қатысушы жас математиктерге төрт сағат ішінде шешуі қиын жеті есеп берілді. Нәтижесінде Алматы қаласынан келген Дәурен Айтмұхаметұлы І орынды иеленіп, 1 000 000 теңгені қанжығасына байлады. ІІ орын Бағдат Берікұлы мен Алексей Конаныхинге бұйырса (жүлде қоры − 700 000 теңге), ІІІ орынды Асқар Әлжан мен Данияр Нұрланұлы еншіледі (жүлде қоры − 500 000 теңге). Қызылорда қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы негізінде «Ұшқыр жебе» қоғамдық қоры мен «Математика пәні мұғалімдерінің қазақстандық қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырылған шара концерттік бағдарламамен өз мәресіне жетті.
Гүлдана ЖҰМАДИН