ЖЫЛ ФОРМУЛАСЫ: ОҚУ+КӘСІП = БІЛІМ+БІРЛІК
Биыл – креативті және мобильді адамдар жылы. Қан қайнатып, қамшыны ойнатып, ертеңім үшін еңбек етемін деген жасқа мүмкіндік мол, қолдау қарқынды. Болам деген баланың бетінен қақпаған қазақ осы жылда жастарға арнайы жоспар бекітті, солай ауқымды істердің алғашқы легі басталып та кетті. Елдің елеулі жаңалығы атанған Жастар жылында қолға алынған жұмыстардың біршамасын саралап көрдік.
Мемлекет ұсынған мүмкіндік
Жастар үшін басты игілік білім, баспана, жұмыс табу екені рас. Бұл мәселелерді шешудің оңтайлы жолы Жастар жылын өткізу жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарында толықтай қамтылған, яғни жастарды тұрғын үймен қамту, жұмысқа орналастыру, білім беру мен еріктілікті және әлеуметтік белсенділіктерін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау мәселесіне баса мән берілген.
Білім саласында Сыр жастарының бәсі биік. Қазіргі таңда 900-ге жуық дарынды ауыл балалары облыс әкімінің арнайы грантымен республикалық маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуда. Айта кетейік, былтырдан бастап ауылдық жердегі аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан талапты түлектерге арналған облыс әкімі грантының саны екі есеге артты. Одан бөлек облыс әкімдігі Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарымен келісімшарт жасасып, мектепті үздік бітіруші түлектерді көрші елге білім алуға аттандырған болатын. Былтыр алғашқы 74 түлек инженерлік оқу орындарын бітірді. Елге оралған жас мамандар өңірдің өнеркәсіп орындарында жұмыс бастаса, біршамасы көрші елде магистратурада оқуын жалғастыруда. Сонымен қатар, 4.5 мыңнан астам сырбойылық жас «Серпін» бағдарламасы аясында орталық, шығыс, солтүстік аймақтардағы оқу орнында білім алуда.
Жастар жылындағы бағыт бұрынғыдан өзгеше, бастаманың беталысы да бөлек. Биыл облыста өткізілетін мәдени шараларда республикамен қатар шетел жастары бой көрсетпек. Осы кезге дейін аймақта облыстық ауыл жастарының слеті, түркі тілдес ел жастарының халықаралық фестивалі өткізілсе, жастар туризмін дамыту бағытындағы «Жас Отан» жастар қанатының тынығу лагері Қамбаш көлінде ұйымдастырылады.
Сөз басында биыл көңілге қонымды жобалардың қарасы көп екенін айттық, соның бірі − қала, аудан орталықтарынан «Жастар сарайын» және «Жастар аллеясын» ашу мүмкіндігі жоспарлануда. Оған қоса жастарға арналған үш жатақхана құрылысын аяқтау, облыс әкімінің тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан түлектерге арналған грантын табыстауды жалғастыру, «Орда» бағдарламасы арқылы жастарды, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, кеңес беру, қала, аудандарда «Жастар ресурстық орталықтары күндерін» өткізу де оң жолға қойылуда.
Ақыл – жастан, асыл – тастан. Әсіресе ақпараттық технология дәуірінде заманауи білімді зерделеп, инновацины игерген жастардың көш бастайтыны анық. Осы орайда озық ойлы жастарға қолдау көрсету мақсатында биыл «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі – жастардың заманауи білімінде» TEDx форматындағы республикалық форум және «Hack Day», «HARDATION» байқаулары өткізіледі.
Жастар орталығы − жаңа бастамалар алаңы
Өткен аптада жастарды қуантқан сүйінші жаңалық – Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Жастар орталығының салтанатты түрде ашылуы болды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен қолданысқа берілген орталық жастар үшін тәулік бойы қызмет етеді. Орталықтың ашылу рәсімінде облыс әкімі ұлт болашағы саналатын жастарға әрдайым жүйелі қолдау көрсетілетінін атап өтті.
− Әрине, аға ұрпақтың ізгі ісі – жастарға оң жағдай жасау. Биылдың өзінде аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 500 милионнан аса қаржы қаралса, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған биылғы Жастар жылына орай қосымша 70 миллион теңгеге жаңа бастамалар бірінші кезекте қолдау тапты, − деді аймақ басшысы.
Жастар орталығына дейін сол жағалауда «Қызылорда қаласы тарихы» музейі мен «Рухани жаңғыру» орталығы ашылған болатын. Айта кетейік, бұл ғимарат 1925 жылы Қырғыз (Қазақ) АКСР комитетінің V сьезі өткен Қазақ Атқару комитеті үйінің үлгісімен салынған.
Ел игілігіне берілген жаңа ресурстық орталық тәулігіне 250-300 жасқа қызмет көрсетуге қауқарлы. Орталықта анти-кафе, мәжіліс залы, интернет-кітапхана, 300 орындық акт залы, коворкинг, продюсерлік орталықтар, блогерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған, сондай-ақ медициналық, психологиялық бағытта кеңес беру кабинеттері жұмыс істейтін болады. Сонымен қоса бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГермұнай» біріккен кәсіпорыны» ЖШС демеушілік қолдауымен пайдалануға берілген орталық жанында «IT-park» жұмысын бастап, цифрлы технология саласындағы жас мамандарға үлкен қолдау көрсетіледі.
NEET көрсеткіші төмендеуде
Қазір облысымызда 190 мыңнан астам жас бар, бұл аймақ халқының 24 пайызын құрайды. Осы көрсеткіштің 7,5 пайызы білімсіз, жұмыссыз жастарға тиесілі. Былтыр бұл көрсеткіш республикамен теңескен. Соңғы 5 жылда мұндай жастар санында тұрақты төмендеу бар, бұл жағдайда түлектерді біліммен қамту маңызды орын алады. Тағы бір қуанатын жайт, аймағымызда екі жыл қатарынан оқушылардың 97 пайызы жоғары оқу орнына түскен. Өткен жылы NEET категориясы бойынша Үкіметтің арнайы жоспары бекітілді, онда мектептерде кәсіптік бағдар беру кабинеттерін ашу қажет деген тапсырма бар. Оның пайдасы мектеп бітіруші түлектерге сұранысқа сай мамандықтар жайлы ақпарат береді, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сараптамалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша түлектердің 13 пайызы ғана мамандықты дұрыс таңдайды, қалғандары түрлі себептермен қателеседі екен. Осы тұрғыда мамандыққа талдау жасап, оны жастарға дұрыс түсіндіру күн тәртібінен түспек емес.
Жас Отан: «Бір Отан. Менің мамандығым. Самға»
«Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа» деген Елбасы сөзін ұран еткен жас отандықтардың Жастар жылына бекіткен жоспары көп. Биыл Жас Отан Жастар қанаты басты үш жаңа жобаны жүзеге асырмақ, соның алғашқысы «Бір Отан» деп аталады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысымен бірге ұйымдастырылған жоба «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген
бағдарламадан, спорттық шаралар мен жасыл желек бағытынан тұрады. Ал облыстық білім беру басқармасымен бірге қолға алынатын «Менің мамандығым» жобасында мектеп оқушылары өзі таңдау жасаған саласы бойынша тәжірибе алмасуға жіберіледі. Жасотандықтар жүзеге асыратын үшінші жоба «Самға» жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бизнес саласына қадам басқан жастарды кәсіпкерлік базасына тіркеп, қазақстандық және халықаралық бизнес ұйымдары арқылы интеграциялау жүргізетін бағдарламаның Сыр жастарына берері мол, тәуекелі зор болмақ.
бағдарламадан, спорттық шаралар мен жасыл желек бағытынан тұрады. Ал облыстық білім беру басқармасымен бірге қолға алынатын «Менің мамандығым» жобасында мектеп оқушылары өзі таңдау жасаған саласы бойынша тәжірибе алмасуға жіберіледі. Жасотандықтар жүзеге асыратын үшінші жоба «Самға» жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бизнес саласына қадам басқан жастарды кәсіпкерлік базасына тіркеп, қазақстандық және халықаралық бизнес ұйымдары арқылы интеграциялау жүргізетін бағдарламаның Сыр жастарына берері мол, тәуекелі зор болмақ.
ЖАСТАР FEST - QYZYLORDA
Биыл жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша «Сана зияткер жастар мектебі» қоғамдық қоры тың бастаманың бірі ретінде шығармашыл жастар орталығы қызметін ұйымдастыруда. Көше биі, рэп, брэйк-данс сынды заманауи шығармашыл жастарды дамытуға арналған «ЖАСТАР FEST – QYZYLORDA» әлеуметтік жобасының аясында қолға алынған орталықта қазір 3 үйірме жұмыс жасайды. Соның алғашқысы − «Я- гитарист» үйірмесі. Гитара үйрететін орталықтар қала бойынша тым аз және жастар үшін қол жетімсіз болғандықтан жастар арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, үйірменің бірі ретінде осы бағыт таңдалған. Алдағы уақытта үйірмеде оқыту курстары ұйымдастырылып, жыл бойы отызға жуық жас оқытылады деп жоспарлануда.
Орталықтағы келесі үйірме − «Robotics». Қазіргі уақытта ақпарат пен технологиялар қарқынды дамуда, осы ретте оқушыларды қосымша робототехника саласына оқыту жұмыстары жүргізілуде. Алайда ОАО, ЖОО-да білім алушы жастар үшін компьютерлік білімнен бөлек IT саласын меңгеру, бағдарламалауды үйретудің мүмкіндіктері аз. «Robotics» үйірмесі осы олқылықтың орнын толтыру үшін ұйымдастырылған. Үйірме жетекшісі «Kaz Robotiks» федерациясының Қызылорда облысы бойынша өкілі Серікбол Ералиев жыл соңына дейін отыз жасты толық оқытып шығуды жоспарлап отыр.
- Субмәдениет өкілдері Астана, Алматы, Шымкент секілді қалалармен салыстырғанда аймағымызда әлдеқайда кенжелеу. Осы себепті жастар арасында бос уақытты тиімді пайдалану және саламатты өмір салтын дамыту мақсатында «Parkour» үйірмесі ашылып, жетекшісі ретінде «Aktau open fest – 2016» жеңімпазы Өтеген Дәрменов тағайындалған. Сонымен қатар жоба аясында облыс көлеміндегі әртүрлі шаралар мен шығармашылықты арттыруға бағытталған турнирлер ұйымдастырылуда. Айта кетейік, осы жыл көлемінде жастар арасында «Qyzylorda ZHASTARY − 2019» атты ауқымды шара өткізіледі.
Жастық жалынның жөні бөлек. Ел үшін қандай қиындықты болмасын еңсеретін кезеңде Сыр жастарына осындай қолдау көрсетілгені қуантады. Биыл білім алуға, кәсіп үйренуге, мықты болуға мүмкіндік көп. Осы орайда азат рухты, еркін ойлы жастардың ел көздеген мүддеден шығатынына сенімдіміз.
Гүлдана ЖҰМАДИН