Қазақстаннан Қытайға 10 млрд текше метр газ экспортталады
Қытайға экспортталатын қазақстандық газ көлемі жылына 10 млрд текше метрге жеткізілетін болды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Қытай Ұлттық Мұнай-Газ Корпорациясы бұған дейін екі мемлекет басшылары қол қойған келісімді орындау шеңберінде екі жақты келіссөздер жүргізді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қытайға газ экспортын жылына 10 млрд. текше метрге дейін ұлғайту туралы уағдаластық жасалды. Тараптар газ инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру қажеттігін және жұмыс істеп тұрған газ магистралдарының өткізу қабілетін арттыру бойынша ортақ көзқарас білдіріп, бірлескен кеңестер өткізуге келісті.
Қытай корпорациясы қазақстандық газды жеткізу туралы келісімнің орындалу барысын жоғары бағалады. Сонымен қатар, 2019 жылдың аяғына дейін «Қазақстан-Қытай» МГҚ «А» және «В» екі тармағының қуатын кезең кезеңмен ұлғайтуға шешім қабылданды.
Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауды кеңейту үшін жаңа компрессорлық станцияларды салу және қолданыстағыларын жаңғырту есебінен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ қуатын ұлғайту жоспарлануда.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ вице-президенті Қ.Шәріпбаев қазақстандық газды Қытай Халық Республикасына жеткізудің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі газ тасымалы мен экспортты кеңейтуге дайын екенін айтты.
Қытай тарабы қазақстандық газды шығысқа экспорттау ісін ұйымдастыруға және әріптестік деңгейіне жоғары баға беріп отыр. Қазақстандық газдың Аспан асты еліне экспорты 2017 жылғы 15 қазанда басталған болатын.«Қазақстандық газдың Қытайға экспорты екі мемлекет басшыларының уағдаластықтары мен бірлескен жобаларды дамытуға және іске асыруға ықпал ететін екі ұқсас «Нұрлы жол» және «Бір белбеу – бір жол» Қазақстан мен Қытай бағдарламаларының арқасында мүмкін болды», - деп мәлімдеді.
«ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық газ құбыры арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалданған ортаазиялық елдердің газ көлемі 13,4 %-ға артып, 38,7 млрд текше метрге жетті. 2009 жылы іске қосылғалы бері осы халықаралық газ құбыры арқылы Қытайға тасымалданған газ көлемі 203 млрд текше метрден асып түсті.