ТАУ БӨКТЕРІНДЕГІ ЖАСТАР СЛЕТІ
"Жастар жылы" аясында Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Азаматтардың бастамаларын қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында қарт Қаратау етегінде «Ұлы дала елі» атты жастар фестивалі өтті.
Мақсат – жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық спорт ойындарын дәріптеу. Делегаттар алдымен Бірлік ауылының қайнаған тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ стадионда, ауыл мешітінде алма бағында болды.
Бірлігі жарасқан Бірлік ауылы
Жаңақорған ауданында орналасқан Бірлік ауылының жастары көпшілікке үлгі. Олай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Мәселен, 1971-2001 жылы туған ауыл жастары әр жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуді дәстүрге айналдырған. Орталық стадионға жарық бағаналарын орнатқан. WhatsApp әлеуметтік желісінде "Бірлік" атты топ құрылған. Сол топ арқылы бар мәселе шешімін табады екен. Тіпті 15 тамызды бұл ауыл ерекше тойлайды. Бұл күн "Жастар күні" деп бекітілген. Бесіктегі баладан, қарт кісіге дейін ұланасыр тойға қатысады. Ойын-сауық таңға дейін созылады. Наурыз мерекесі де жоғары деңгейде өткізіледі. Жастар стадионға 200 адамдық орын салып берген. Биыл стадионға асфальт төсеу жоспарланған. Алматыда жүрген ауыл жастары мәдени-спорттық шараларды ұйымдастырса, қызылордалық жастар спорттық шараны өткізу жауапкершілігін өз мойнына алған. Ауылдағы мешітте ұдайы ас өткізіліп тұрады. Сондай-ақ жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында арнайы шақырылған ұстаздың қаражатын, қажетті құрал-жабдықтарын аудандық кәсіпкерлер қаржыландырады. Мешітте 50-ге жуық жас араб тілін үйренуде.
Алма бағы
Келесі бағытымыз – аудандағы Алма бағы. 1996 жылғы жастар 1 гектар аумаққа алма бағын еккен. Биыл бұл ағаштар жемісін бермек. Осылайша, ауыл жастары әр жылда бір гектардан алма бағын ұлғайтып келеді. Жыл сайын 390 түп алма ағашы егілсе, 10 жылда 3900 түп ағаш бой көтереді екен. Бұл болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игілікті іс. Оған қоса кейінгі буынға үлгі болмақ.
– Ауыл жастарының ұйымшылдығы өте керемет. Атап айтар болсам, жыл сайын ауыл жастары ұйымдасып, өздері қаражат жинап, ұлттық мерекелерді бірге тойлайды. Мінекей, қазіргі таңда «Бірлік» ауылының құрылғанына 25 жыл толды. Яғни, соған орай әр жылда тамыз айының 15-і ауыл жастарының күні деп белгіленді. Сонымен қатар ауыл шетіндегі алма бағында осы жастардың қолымен ағаш келесі жылы 400-450 түрлі жеміс ағаштарын отырғызу жоспарда бар, – дейді ауыл әкімі Әскер Мұсаев.
"ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ"
Әрі қарай слет жұмысы пленарлық отырыспен жалғасты. Жиында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру сөз болды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов слеттін мақсатына тоқталды:
– Слетті осында өткізудің мәнісі мынада: Бірлік ауылында 25 жылдан бері 15 тамыз – жастар күні деп белгіленген. Бұл жастардың бастамасымен қолға алынуда. Бұл күні мемлекеттің қолдауынсыз шаралар өтеді. Жастар іс-шара өткізіп, қаржы жинап, ең қажетті дүниесін жасап береді. Облыстан, аудандардан жастарды қамтығанымыз да сол. Бұл ауылдың жастары тұрмысы төмен отбасына қолдау көрсетуді де ұмытқан емес. Жастар осындай игі істерді көзбен көрсін деген қалауымыз болды", – дейді Қуаныш Қуантқанұлы.
Айта кетейік, шараға аудан жастары, жұмысшы жастар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда қызмет етуші жастар, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері, «Жастар үйінің» тұрғындары, жас кәсіпкерлер қатысты. Слет жұмысы одан әрі Жаңақорған ауданындағы Үсен бауында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық ойындар фестиваліне ұласты: арқан тарту, гір тасын көтеру, бестас сынды ойындар ойнатылды. Жеңімпаздар алғыс хаттармен марапатталды. Соның ішінде «Бестас» ойынынан І орынды иеленген Ақиіс Нағашыбайқызы ұйымдастырушыларға жылы лебізін білдірді: "Бүгінгі шара өзіме ұнады. Бестас ойыны ұмыт болып бара жатқан ойын десе болады. Осы ойынды қайта жаңғыртып, жастар арасында дәріптелуіне қуаныштымын", – дейді жеңімпаз.
Міне, әр ауданнан келген делегаттар «Бірлік» ауылының жай-күйімен танысып, ауыл жастарымен жүздесті.
Луиза Узарова,
Нұр-Сұлтан қаласы, "Жастар" ҒЗ0 аймақтық дамыту және үйлестіру басқармасының басшысы:
– Әріптестеріммен кездескеніме қуаныштымын. Ауылдағы атқарылған мұндай жұмыстарды көзбен көру мен үшін үлкен құрмет. Жалпы Бірлік ауылының атауы да адамдардың бірлігін көрсетеді. Мұндағы халықтың тұрмыс тіршілігі мені қуантты. Бұл ауылға тек көркеюді тілеймін. Алдағы уақытта да бұл шара жалғасын тапса деген ойдамын. Себебі Бірлік ауылының жастары өзгелерге үлгі боларлықтай іс тындыруда.
Олжас АХМЕТОВ,
Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
– Кереметтей табиғаттың аясында жастардың бейресми кездесуі өткізілді. Бұл кездесуде әр ауданнан келген делегаттар бас қосуда. Жастар үшін бұндай шара өте пайдалы болмақ. Қазіргі таңда жастардың ой бостандығы мен сөз бостандығы, ойлау қабілеті еркін қалыптасқан. Еркін форматта өткізілетін мұндай шаралар жиі өткізілсе деген жастардың тілегі бар.
Ақгүл АБДРАСУЛ,
"Медиа Жұлдыз" медиа-мектебінің директоры:
– Жастарға тәжірибе алмасуға, кеңінен сөйлесуге үлкен мүмкіндік туды, және жаңа серпіліс әкелді деген ойдамын. Себебі ауыл жастарымен бірге қала жастарының бірлескен әдемі басқосуы болды.
Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
"Гір көтеру" ұлттық спорт түрінен ІІІ орын иегері:
– Слет өте жоғары деңгейде өтті деп толықтай айта аламын. Ұлттық ойындар, жастар арасында айтыс барлығы қамтылған. Жастар да тауға шығып, керемет табиғат аясында демалуда. Міне, бүгінгі таңда өткізіліп отырған гір көтеру сайысына қатысып, ІІІ орынды иелендім. Ұйымдастырушыларға, Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығына алғысымды білдіремін.
Әкімбек Мұратбекұлы,
Жаңақорған аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
‒ Слетке сырттан 100-ге жуық қонақ келетін болғандықтан бізге үлкен жауапкершілік жүктелді. Киіз үй, қазан-ошақ сынды керекті заттарды тауға жеткізу барысында біршама қиындықтар туындады. 3-4 күнгі ұйқысыз өткен түндердің нәтижесіндей бәрі жоғары деңгейде өтті және қатысушылар шарадан үлгі алды деп ойлаймын. Осындай шараны өткізуде сенім білдірген облыс басшылығына алғыс білдіреміз.
Әкімбек Мұратбекұлы,
Жаңақорған аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
‒ Слетке сырттан 100-ге жуық қонақ келетін болғандықтан бізге үлкен жауапкершілік жүктелді. Киіз үй, қазан-ошақ сынды керекті заттарды тауға жеткізу барысында біршама қиындықтар туындады. 3-4 күнгі ұйқысыз өткен түндердің нәтижесіндей бәрі жоғары деңгейде өтті және қатысушылар шарадан үлгі алды деп ойлаймын. Осындай шараны өткізуде сенім білдірген облыс басшылығына алғыс білдіреміз.
Форумының бір ерекшелігі, қатып қалған қағида бойынша жиналыстар өткізу емес, жастардың еркін пікір алмасып, ойын ашық жеткізуіне мүмкіндік бергенінде. Осы сәтте жастардың да көңіл-күйі көтеріліп, қызықты кештің куәсі болды. Игі шараның жалғасы Қазалы ауданында өткізіледі деген тоқтамға келді. Себебі бұл эстафетаны Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Ахметов қабылдап, өз жауапкершілігіне алды.
Мөлдір САБЫРЖАН,
Дәулет САҒИТ