» » ӘННІҢ ДЕ ӘЛЕМІ БАР

ӘННІҢ ДЕ ӘЛЕМІ БАР

Ән салғым келеді. Иә, өзімді  де, айналамды да ерекше көтеріңкі көңіл күйге бөлеп, шаттанып ән шырқасам деймін. Күн сайын үйде отағасы баянын қолына алып ән салып жатса, даусым жеткенше қосыламын. Балаларымыз билеп жүреді. Әнді нақышында әсем орындау үшін көркем дауыс керегін білемін. Ал дауыс жоқ болса да, ән салғысы келген көңілімді кім жықсын? Жарыма «құрбымның тойында ән айтқым келеді» деп әзер көндірдім. Дос-жаранның көптен күткен қуанышына өз үлесімді қосқым келгені тағы бар. «Бану, сен ән айтпай-ақ қойшы, даусың жоқ қой» деп бетімді қайтармады. Дыбыс жазу студиясына менімен бірге баруға келісті. Өзіме ұнайтын Қарақатпен Қыдырәлінің «Ризамын саған» әнін қайта-қайта тыңдап, үйдің тіршілігін істеп жаттап алдым. Дәл ән бастыратын күні жолдасымның шаруалары шығып қалып, студияға жалғыз баратын болдым. Бұрын микрофон ұстап ән салып көрмеген соң қатты қобалжыдым. «Дұрыс айта алмасам елден ұят қой» деген ойда қылаң берді.
Ақыры «шешінген судан тайынбас» дегендей, «Қуаныш» музыкалық студиясын іздеп таптым. Бір жігіт қарсы алды. Бойы ұзын, қараторының келбеттісі екен. Осы жігіт шығар Қуаныш деген музыкант деп топшаладым. Студияда бір қыз әпкесінің тойына ән жаздырып, соны тыңдап отыр. Әсем әннің ырғағы мендегі қорқынышты сейілтті. Бір қарағанға «барамында ән бастырып алып, айта саламын» дегендей оңай көрінгенімен қиын шаруа екен. Кезек маған келді. Қуаныш маған әнді айтқызып бірнеше рет тыңдап көрді. «Қап біткен жерім осы. Сіздің даусыңыз жоқ қой. Қайта беріңіз» десе, енді қайтем деп сасып қалдым. Мендегі қобалжуды аңғарса керек, «өзіңізді еркін ұстаңыз, бар даусыңызбен, шын көңіліңізбен айтып шығыңыз» деп тапсырма берді. Халықпен жұмыс істеуде мол тәжірибе жинағаны көрініп тұр. Қуанып кеттім. Үйдегі дайындығым бар. «Досымның тойында қалайда ән айтам» деген мақсатым бар еді. Барымды салдым. Дыбыс жазу студиясында құлағыма құлаққап киіп, әнді бар даусыммен шырқадым. Екі көзім музыка операторында. Кенет Қуаныш дыбысты тоқтатып тастады. Селк ете қалдым. «Соңғы шумақты қайтадан айтыңыз» деді. Дұрыс айтпаған тұстарымды осылай қайта айттық. Ән әлеміне ендік. Ән салу оңай деп кім айтты? Маңдайдан тер бұрқ ете қалды.
Музыкалық студияның жетекшісі Қуаныш Есенәлі бізбен құрдас екен. Ж.Маханбетов атындағы №43 орта мектептің түлегі. И.Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледжінде құрылысшы мамандығын меңгерген. Ән салғанды бала күнінен жақсы көреді.
− Екі жағы түрлі түсті, жанып сөніп тұратын магнитафоным болды. Соған өзіме ұнайтын музыкалардың кассетасын салып қойып жанымнан тастамай тыңдап жүретін едім. Өзімде жеке студия болса деп армандадым. Алайда ол үшін кәсіби музыкалық білім керек шығар деп тартынатынмын. Әр түрлі қара жұмыс істеп жүре бердім. 2011 жылы ақын, сазгер Қуаныш Аманжолов деген кісімен жолықтым. Көптен бергі арманымды айттым. Жүрексініп жүргенімді де жасырмадым. Ол кісі қолына екі стақанды алды. Бірі бос, екіншісі суға толы. Бос ыдысқа тиындарды салғанда сылдырлап әдемі дауыс шықты. Ал су толы ыдыстан шыққан дыбыс тіпті бөлек болды. Не істеп, отыр деп таңдана қарап отырған маған «Қуаныш, сенің қолыңнан келеді. Бастысы сенің таудай талабың бар. Дыбыс қандай жағдайда қалай шығатынын білесің. Музыканы жан-тәніңмен түсіне білсең болғаны» деп маған сәттілік тіледі. Осылайша жеке студиямды ашуға үлкен шабыт алдым» , − дейді кейіпкеріміз.
Қуаныш алғашқы қадамды жасады. Алдына келген жанның жасына сай әдемі әндерді де ұсынады. Даңғаза музыкадан гөрі көңілдің күйін шертер әсем ән таңдауға кеңес береді. Қуаныштың бұл қызметіне халық дән риза. Ол дайындаған музыканың сапалы шығуы оның әнге деген махаббатынан болса керек.
 Сол күні кешке досымның көптен күткен үйлену тойында ән салдым. Жалғыз емес әрине. Қасымда әнші күйеуім бар. Екеуміз Қыдырәлі мен Қарақаттың орындауындағы «Ризамын саған» әнін нақышына келтіріп орындап шықтық. Қандай тамаша ән десеңізші?! Әрі ойнақы, әрі үздігіп тұр. Достарымыз дән риза, қиқулап билеп жүр. Ән айтқанымды алғаш көрген әріптестерім «Жарайсың, Бану!» деп арқамнан қақты. Мұны көріп, мен ризамын.
«Әу демейтін қазақ жоқ», әйтседе алғаш ән салғандағы әсеріммен бөлісіп, Қуанышқа ризашылығымды жеткізгім келді. Ән салу − үлкен өнер. Таудай талап пен талант керек. Мен секілді «Ән салғым келеді» деген әрбір жанның көңілін жықпай, кәсіби жол көрсететін Қуаныш Нысанәліұлына ел риза.
Гүлбану МАҚАЖАН
05 шілде 2019 ж. 794 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031