ЖАН ГҮЛІМ
Бұны кім ойлады? Тіпті көрші үйде тұратын көріпкел кемпірдің өзі де айтпады. Өткен күндері апам ол кемпірге ақша төлеп, болашағын болжатпақ болған. Ал бүгін оның үйінің күл талқаны шықты. Құдай сақтап біздің үйге титімдей зақым болмады. Иә, немістер аяқ астынан шабуылдады емес пе?! Алдыңғы күні әкем мен анам базарға барып, үйге азық түлік алып еді. Сол күні кешке әжем, көкем және апам кешкі ас ішкен. Бұл астың соңғы екенін сезген болармын. Таңертең әкемді қаладан келген бір топ формалы шинель киген адамдар алып кетті. Соғысқа солдат жинап жатыр екен. Әлгі көрші үйдегі Оңғарбайдың баласы Мақсұтты алып кеткен екен. Үй жақтағы Паша мен Сәрсенбай екеуі бәстесіпті. Мақсұт байғұс бір аптаға жетпей қашып келеді деп. Егер Паша жеңсе, Сәрсенбай оған бір жәшік арақ алып береді- мыс. Ал егер Сәрсенбай жеңсе, Паша оның орнына екі ай бойы мал бағады. Шынына келгенде, Паша мен Сәрсенбай бір үйдің баласы. Тек Сәрсенбайы өзіміздің қазақ, ал Паша орыс. Асырап алған еді. Қалай екенін нақты білмеймін.
Айналаға қарасам барлығы қым-қуыт тіршілігімен айналысып жатыр. Әжем ұлын қимай жылап отыр. Анам майданға хат жазуға кірісті. Мен болсам бесікте жатырмын. Айтпақшы, мен өзімді таныстырмаппын. Атымды Дамир деп қойыпты. Жасым екіге келген сияқты. Алғаш қар жауғанда тудым. Оны қойшы. Оданда күннің жанып тұрғанын айтсаңшы. Кенет аспаннан бір жағымсыз дауыс естілді. Бұндайды алғаш көруім. Рас айтам, білмейді екенмін. Көк аспанда темір құстар ұшып бара ма қалай өзі. Қақ бесігімнің үстінен бес құс ұшып өтті. Әне, көрші Биғайша келе жатыр. Осы кісіні суқаным сүймейді. Келіп алады дағы апам екеуі сағат бойы өсек айтады. Онысымен қоймай менің бетімді сүйім таза жерін қалдырмайды. Маған сеніңіз, ол сүйген бетті міндетті түрде тұзбен немесе сабынмен жуу қажет. Себебін кейін біле жатарсыз. Міне, маған қайтадан жақындап келеді. Келмей тұрғанда өтірік көзімді жұмып ұйықтап қалайын. Сөйтіп расында ұйқыға кетіппін. Көзімді ашсам, үйдің ішінде жатырмын. Дастарқанның басында жалғыз майшамның жарығы көрінеді. Биғайша мен апам шай ішіп отырған секілді. Шындығына келгенде, Биғайша апамнан екі жас кіші. Байғұстың күйеуі тауда адасып, іс-түссіз жоғалып кетті. Қазір туған әкесімен тұрып жатыр. Ал әкесі жас кезінде апасын тастап кеткен. Құдай басқа салмасын. Соған қарағанда тұқымдарында жалғыз қалу әдетке айналған секілді. Оған әкесі күнде мысқылдап ұрсады. Оның айтуы бойынша, Биғайша бір ай ішінде үйленбесе оны немістің солдатына тұрмысқа беріп жібереді екен. Мұны естіген ауылдын шалдары әлі күнге дейін қарқылдап күледі. Ол біздің үйге көп келеді. Апам мен әжем оған ақылын айтып, әрқашан көмектесіп отырады. Сондықтан ол бізге бауыр басып қалған. Басқа жағынан қарасаң өзі тым жақсы келіншек. Тек бетімнен шалпылдатып сүйе береді.
Барлығына іштей амандық тілейтін болдым. Қай тұстан қарасаң да бақытты адам екенбіз. Деседе, немістер сондай тасжүрек болар ма еді?! Таңғы уақытта келіп, әр ауылдың ортасын жарып кеткен. Абырой болғанда барлығы аман. Тек көрші әжейдің үйі қоса жарылып, ол кісіні жер қойнауына тапсырдық. Дереу аудан орталығында тұратын баласы ауылға келді. Анадан айрылу оңай ма? Кешке жақын біздің үйге келіп шай ішкен. Әңгіме үстінде ол соғысқа барып, апасының кегін алатынын айтты. Міне, еркек деген осы болар. Мен оны қолдаймын. Егер менің қолымнан келсе, мен де қарап тұрмас едім. Отан ана деген ұғым өте қастерлі. Жерің жау құрсағында кетсе, бүтіндей халықтың құлдырағаны емес пе?! Кез-келген азаматтың Отан алдындағы борышы − жерін қорғау. Осындай ерлер барда біздің уайымға түсуіміз орынсыз. Кей кездері мылтық алып шаба жөнелгім келеді. Жасым болса төртте. Айналаның бәрін бақылап, есейіп енді бесікке де, әжемнің аяғына да жатпайтын болдым. Айтпақшы көрші Светлананың Таня атты сап-сары қызына ғашық болыппын. Таңертең Светаның үйінен барып жарты шелек сүт әкелемін. Оның үйінде үш сиыр бар. Құдайы көрші болғандықтан бір нанды бөлісіп жейміз. Соғыс басталған уақытта ол отбасымен біздің ауылға келген еді. Күйеуі Федор Ленинградта трактор жөндеуші болып жұмыс атқарыпты. Ондай адамдар біздің ауылға ауадай қажет. Сондықтан ауыл тұрғындары оларға асарлатып, бір бөлмелі үй салып берді. Дегенмен шайқас басталып, бір топ еркектер мен майдан алаңына аттанды. Ол кезде Светлананың аяғы ауыр болатын. Әжем сол сәттен бастап маған осы үйдің қызын алып беретінін айтатын. Мен болсам көгеріп жылап үйдегі заттардың барлығын шашатынмын. Кейде ашуымның қаттылығы сонша қорадағы қойларды теуіп, ақымды алатынмын.
Мен он алты жасқа толғанда Татьянамен өте қатты араласатым. Оған іштей ғашық екенімді айтуға дәтім барар емес. Әйтседе біз екеуміз аптасына төрт рет домбыра үйренуге баратынбыз. Ауылдағы Бермағанбет ағаның үйінде біз сияқты тағы алты оқушы бар еді. Ауылдың кез-келген тойы Бермағанбетсіз өтпейді. Барлық түскен келіндердің бетін ашып, мейрамның сәнін кіргізіп жүреді. Әйтеуір мен Таняға үйленемін дегенше оның көзі тірі болса болғаны. Кейде кешкісін мені оңашада алып қалып бірге шай ішеміз. Менің оған деген сезімімді сезген көкем өзінің апаммен қалай танысқанын айтып біраз күліп алады.
Оның терең көздері, әсем бейнесі жүрегімді жаулып алды. Әрдайым менің қасымнан табылып, тіпті кейде ауырып қалған кезімде ыстық сүт беріп, маңдайыма сулы шүберек қоятын да Татьяна. Жүрегі мейірімге толы орыс қызы мені өзіне аз ғана уақытта баурап алды. Алғашқы махаббат қашанда ыстық емес пе?
Күндегідей таңғы сағат алтыда тұрып жуынып шайынып алдым. Ас бөлмеге кіріп, шай қойып, қайнағанын күттім. Оған дейін терезеге біраз көз салып, қарап отырдым. Күннің ұясынан шығуы сондай әсерлі көрінеді. Ол жерге жылуын төгіп, бізді шаттыққа бөлейді. Ой үстінде отырып шайдың қайнағанын байқамай қалыппын. Асығыс үстінде таңғы асымды ішіп дереу сабаққа жөнелдім. Көшеге шығып өзім жақсы көретін Батырхан Шөкеновтың әнін құлаққапқа жалғадым. Түнде болған нәрсенің барлығының жай ғана түс екенін ұғып, біраз мұңайыңқырап, ары қарай жүре бердім. Қызық, бұл өмірде Татьянаны таба аламын ба?
Дамир АМАНГЕЛДІ,
ҚМУ-дыңIIкурс студенті