» » Мақсатым – ІТ мамандардың басын біріктіру

Мақсатым – ІТ мамандардың басын біріктіру

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Құлмырзаев Нұрлан Серікұлы 1982 жылы 1 қазанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде информатика мамандығын меңгерген. Еңбек жолын аталмыш білім ордасында “Информатика және ИОӘ” кафедрасында ассистент болып бастаған. Мәскеу қаласындағы К.А.Тимирязев атындағы Ресей ауылшаруашылық академиясында аспирантурада білім алған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары оқу процесін ұйымдастыру офисінің бас методисті, "физика математика факультеті" деканының орынбасары, университет ректорының көмекшісі, “Информатика және ИОӘ” кафедрасының меңгерушісі, сондай-ақ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры, Экономика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы қызметін атқарған. Облыс әкімдігінің "Жас ғалым" степендиясының иегері.
Нұрлан ҚҰЛМЫРЗАЕВ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру басқармасының бастығы:

– ІТ мамандардың ассосациясы біздің аймақта қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– ІТ мамандарының ассосациясы Қазақстандағы ІТ мамандардың тапшылығына байланысты компаниялармен біріге отырып бірнеше бағытта жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде біз жастарды қай бағытта дамыту керектігі жөнінде орта және арнаулы жоғарғы оқу орындарына өзіміздің ұсыныстарымызды білдірдік. Яғни көнерген пәндерді алып тастап, заман ағымына қарай жаңа бағыттарды қосу жайлы ой тастадық. Неге? Себебі біздің облыстағы компанияларға ІТ мамандар ауадай қажет. Өңірде бағдарламалаушы мамандарды табу өте қиын. Өткені көпшілігі басқа облыстарға кетіп қалған. Компаниялар бізден ІТ мамандар сұрайды. Біз олардан 200-300 мың көлемінде қаржы сұраймыз. Сосын сол қаржыға ұтыс қорын ұйымдастырамыз. Бұны «Хакатон» деп атаймыз. Яғни ІТ бағытындағы бір проблеманы шешу керек деп бүкіл Қазақстандағы ІТ мамандарына хабар береміз. Алғашқы жарыс Қызылорда төңірігінде болды. Одан кейінгісінде 4-5 облысты қамтыдық. Әркім өз жұмыстарын көрсетіп жүлделі болды. Мұның тиімділігі өте көп. Бір ІТ маман таппай жүрген компанияда бірнеше таңдау болады. Ал ІТ мамандары өзара тәжірибе алмасады. Соңғы жарыстардың бірінде мобильді қосымша жасаған мамандар, қазір жалақысы тәуір жерлерге жұмысқа тұрды.
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ІТ мамандарына қандай да бір өзгеріс әкеле алды ма?
– Әрине. Қазір бағдарлама аясында ІТ мамандарға деген сұраныс артты. Мәселен, күні бүгінге дейін бір ғана бағдарламашы ұстап отырған мекемелер ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандарды іздеп жатыр. Өйткені мұның бәрі бағдарламада қарастырылған. Ендігі біздің міндет – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жанына орындау стратегиясының индекаторларын беру. Өйткені сол индекатор арқылы болашақ мамандарды даярлауымыз керек.
– Қазір әлем электронды бағытқа көшті. Жалпы ақпараттық қауіпсіздікке сенуге бола ма?
– Қазір ақпараттық қауіпсіздікке өте қатты назар аударатын заман. Бүгінде интернеттегі ешнәрсеге сенуге болмайды. Мәселен сіз сөмкеңізді көшеде ашық күйде қалдырып кете алмайсыз ғой. Дәл сол сияқты әлеуметтік желіде құпия сөзіңіз жеңіл болатын болса, өзіңіз туралы ақпараттар ашық-шашық жататын болса, оны әркім теріс бағытта пайдалануы мүмкін. Қазақстанды былай қойғанда ақпараттық қауіпсіздік Қызылорда да үлкен мәселе болып тұр. Біздің өңірде айтарлықтай хакерлер жоқ, алайда көптеген мекемелердің сымсыз желі, Wi-Fi-ында қауіпсіздік шаралары жасалмаған. Егер өзге бір ниеттегі адам әлгі мекемеге барып, қосулы тұрған интернетті пайдаланатын болса, тікелей есеп бөліміне қолжетімділік алады. Бұл біз аудит жасағанда аңғарғанымыз. Ал егер мұнымен арнайы хакерлер жұмыс істесе облыстағы біраз мекемелер зардап шегеді. Қаламызда біздің бір команда «Ақпараттық қауіпсіздік аудитін жасау» компаниясын ашты. «Cyber Security 2018» деген. Сол компанияға жүгінуге болады. Олар аудит жасау арқылы қандай жерде ақау бар, қай жерден хакер бұзып кіруі мүмкін екенін айтып, тіпті қауіпсіздік шараларында жасап бере алады.
– Аймақта ІТ технологияны дамыту үшін қандай жобаларды жүзеге асырған дұрыс?
– Кез келген елде инновацияға көңіл бөлінеді. Алайда көпшілігінде тек бизнестің айналасында қалып қояды. Мәселен, біреу инновациялық жаңа дүние шығарса, мемлекет оған жеткілікті деңгейде назар аударып, қаржы бөлмесе, олар тағы да бизнес бағытына кетеді. Себебі қаражатсыз жаңа дүниеңді жарнамалай алмайсың. Бірақ оны кәсіпке айналдыру үшінде әлгі инновациялық дүниенің прототиптерін жасау қажет. Бұл миллиондаған қаржыны қажет етеді. Қазіргі таңда көптеген таныстарымыз өздерінің идеяларын Еуропаға, мұхит асып Америка елдерінде сынап көріп жатыр. Ал аймағымызды дамыту үшін ең бірінші мемлекеттік қолдау қажет. Онсыз ешнәрсе істей алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда көштің соңында қаламыз. Қандай қолдау қажет десеңіз? ІТ жобаларды жасайтын адамдарға көмек көрсетсе жақсы болар еді. Біздікілер «тегін жұмыс орны, интернеті мен компьютер секілді керек-жарағын береміз, одан артық не керек?» дейді. Бұл қате түсінік. Мысалы, бір бағдарлама жасау үшін кемінде үш ай мен алты ай аралығында уақыт кетеді. Ал осы аралықта оған жатын жер, тамақ қажет. Егерде біз осынау дүниелерді қамтамасыз етпейтін болсақ, шығатын дүниелер мардымсыз болары талассыз. Екі үш аптаның көлемінде ғана жасап шығарған проекті сатуға да келмейді. Ал біз облыстың имиджін көтеретін авторлық үлкен жоба жасап шығарғымыз келсе, онда ауқымды түрде қолдау қажет Мысалы, қазір Қызылордаға шетел компаниялары әлеуметтік жобаларға ақша бөледі. Алайда ол қаражаттың қайда кетіп жатқаны бізге беймәлім. Енді сол қаржыны алып, білікті маманды алдырып, сол жағалаудағы ІТ-паркке жайғастырып, айына 500 мың айлық, жататын орнымен, командаңмен, ІТ жобаларыңмен Қызылордаға келіп жұмыс істеңдер, бірақ сендер шығарған жоба біздің облыстың атынан шығу керек дейтін болса, олар қуана-қуана келіседі. Мысалы мен қазір Қазақстанға келіп жұмыс істеуге даяр 4-5 команданы білемін. Олардың жұмыстары да сапалы. Мысалы Астанада «Сергекті» жасаған жігіттерді жақсы танимын. Қазір олар жоба таппай бос жүр. Ақша болған жерде проекті бар. Сондай 5-6 жобаны біздің өңірге әкеліп, 1-2 жыл инкубациядан өткізетін болса, оған Қызылордадағы ІТ мамандар жинала бастайды. Өткені біз әлі көп нәрседен хабарсызбыз. Қандай технологиялар бар екен жетік білмейміз. Біздің ізімізден ерген жастарда біздің білгенімізді ғана біледі. Ал осы жастар жаңағыдай ауқымды жобалармен жұмыс істеп, тәжірибе алмасса айналдырған екі жыл ішінде облыста ІТ экожүйесін жасап алар едік. Үлкен масштабта тәжірибе алмасудың бізге үйретері де, берері де көп болмақ.

– Қазір қандай жобаны қолға алдыңыз?
– Бүгінде менде 5-6 команда бар. Әрқайсысы әртүрлі жұмыстармен айналысуда. Оның ішінде бизнеске арналған проектілермен жұмыс істеп отырғандарда бар. Оның бәрін нарыққа шыққанда бүге-шүгесіне дейін таныстыратын боламыз. Ал жеке өзіме келетін болсам, өзінің жеке идеясы бар жастарды жинақтап, ақпарат-технология мамандарының нарығын бақылап отырмын. Мәселен компаниялар тәуір ІТ маман іздесе, бізге хабарласады. Бізде облыстағы сол мамандардың базасы бар. Университет, колледж бітірген сауатты, талабы бар жастарды жанымызға жинақтап, өзін дамыту үшін тегін оқуларға жіберіп шыңдап жатырмыз. Бәрін тәмамдаған соң ыңғайы келгенше айлық мөлшері 100 мыңнан кем түспейтін жұмыстарға орналастырудамыз.
– Ізденімпаз, белсенді студент болғаныңыздан хабардармыз. Бүгінде сыр жастары қаншалықты белсенді?
– Әр кезең жастарының өзінің талғамы бар. Осы күні жастардың жан-жағына аса бір қызығушылықпен қарамауы технологияның ескергенінен болуы мүмкін. Оларға бірнәрсені ұғу үшін мультимедиялық, анимациялық, шоулық технологиялырда пайдалану қажет. Сонда кез келген дүние түсінікті болады. Бұрын тек айтумен және оқумен түсіндірсе, қазіргі таңда тыңдау, көру арқылы түсіндіру анағұрлым ыңғайлы. Бүгінгі буында талап өте мықты. Оқытушыларда аға буын ретінде жастардың талғамына қарай жаңа технологияға ыңғайлануымыз керек.
– Қазір баланың қолына өзімен өзі болсын деп планшетті ұстата салатын болдық. Сізде бала тәрбиелеп отырсыз. Мұндай нәрсеге қалай қарайсыз?
– Қазіргі заманда бала компьютер мен ғаламторды игергені дұрыс. Планшетті бере салғаннан ұтылмайсыз. Тек көзі қитарланып қалмас үшін қадағалап отыру шарт. Сенсорлы технологиялар заманында өмір сүрген бала жаңа дүниелерді игеруге бейім болады. Өмірінде жаңа нәрсені байқап көрмеген адамды ақауы бар телефон немесе компьютердің алдына апарсаңыз не істерін білмей абдырап қалады. Ал бес жасар бала оның қай жері дұрыс еместігін анықтап, не бір тетігін басып жөндеп алуы мүмкін. Бұл дегеніміз технологияны игеру керек деген сөз. «Елу жылда – ел жаңа» деген жаңа нәрсенің барлығын бала шұқып, ұстап, жөндеп көруі керек. Сонда олар жаңа заманның адамы болады.
– Өзін-өзі дамыту – заман талабы. Соңғы рет оқыған кітабыңыз қандай?
– Қазргі таңда экономикалық, саяси кітаптар оқып жүрмін. Соңғы уақытта Ноам Хомскийдің кітаптарын жиі оқитын болдым. Шығармалары өте қызықты, актуалды. Оның еңбектерінде әлемдік саясат, геополитика жайлы жиі жазылады. Онда әлемде болып жатырған соғыстар, ол не үшін болып жатыр, себепкер кім деген сауалдарға жауап іздейді. Сонымен қатар әлемдік аренадағы әр елдің рөлі қандай екенін айқындап береді.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...
– ІТ саласында жүргендіктен бар ойым ізімізден ерген жастардың осы саладағы біліктілігін арттыру, оларды қолдау, қоғамдағы рөлін жоғарылату болып жүр. Басты мақсат – ІТ мамандарының басын біріктіру.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ақтілек БІТІМБАЙ
19 шілде 2019 ж. 1 555 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031