КӨЛІК БЕРЕМ ДЕП, КЕЛІНДІ ҰЯТҚА ҚАЛДЫРДЫ
"Есің де ме, тойға екі несие алған кезде сен: "екеуінде өзің төлейсің" дегенсің, олай болса екі көлікті де өзім айдаймын". Қалыңдық көйлегін киген қазақ қызы көліктердің үсінде талтайып тұрған видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Бұл жарнамалық сюжет арқылы ForteBank несие рәсімдеп көлік ұтысына қатысуға шақырғысы келіпті. Алайда, қазақстандықтар видеоның сюжетін ұнатпай, алып тастауды талап етті.
"Фейсбук" желісіндегі пкірілердің келесі топтамасына көз жүгірттік. "Дұрысы бұл жарнаманы алып тастаңыздар немесе сюжетін қайта қараңыздар. Роликті бұлай түсіргендеріңіз жарамады. Қазір халық көңіліне жақын алып, ұлтқа сын деп қабылдайды. Бұлай түсіруге болмайды ғой. Қазақтың келіні − сыпайылықтың үлгісі" деді Асқар Оңғарбаев есімді желі қолданушы. "Мен түсінген жоқпын. Мағынасы қазақтың ең тамаша үйлену тойын тек несие арқылы өткізуге болады" деген бе?" деді Ольга Широкова. Ал, банк бұл сұраққа "мінсіз қазақтың тойы жастар тойға сыйлық ретінде банктен көлік алған кезде" деп жауап берді. Мәншүк Жұмашбаева "Сәтсіз жарнама, қазақтың намысына тимеңіздер, тез арада алып тастаңыз!", десе Ержан Айнабеков " Мынау қандай мағынадағы жарнама? Нені меңзейді? деді. Ал Ақтоты Асанова, "бұл қалыңдықты мазақ қылу" деп жазды. Фатима Дулатқызы "Не ролик мынау? Образ ретінде жас келіннің аяғын талтайтып қоюы ұлттық бейнемізге кір келтіріп тұр. Өшіріп тастауды талап етемін" деп ашуын білдірді. Ал Жасұлан Рза есімді желі қолданушысы, "соңғы кездері Қазақтың дәстүрі мен ырымдарын өздерін жарнамалау үшін қолданып қана қоймай, оның мән-мағынасын бұрмалап, әлеуметтік желіде қалай болса, солай тарату көбейді. Қою керек", - деп ойын ашық жазды.
Осылай қазақстандықтарға ұнамай қалған жарнама сюжетіне қатысты банк өкілдері былай деп жауап берді: "Қазақтың келінін - Ван Дамм десекте болады, шапшаң, епті, мықты. Біріншіден, келін тойдан соң өзінің қонақжайлылығын көрсетуі қажет немесе каратэнің бір-екі қимылын. Екіншіден, орамал мен қара белбеуді әдемі тартуды үйренуі керек. Үшіншіден, ас әзірлеп, тазалықты қадағалайды. Келіндер әртүрлі болады ғой. Бастысы адамды сол қалпында қабылдай білу керек. Біздің жарнама тек ойын-сауық сипатқа ие, қорлайтын ой жоқ".
Жұртшылықтың қызу талқысына түскен жарнаманы бізде бірнеше мәрте қарап көрдік. Сюжеті расында да сәтсіз шыққан. Қазақтың келініне ерсі қылық жасатпай-ақ, қолына көліктің кілтін ұстатса да болар еді деген ойға келдік. «Келін жақсы болса, үйіңе көп кісі келеді. Келін жаман болса, келген кісі кеткісі келеді» деген Шал ақын. Бұл көне заманнның сөзі десеңізде, «кесір келін" деген қайдан шығады? Үлкен кісінің алдын кеспей, келген қонақты жылы шыраймен, ашық қабақпен қарсы алып, үлкендерді сыйлап, оларға дауыс көтермей, ыдыс-аяқты орынсыз сылдырлатпай, ата-енесі мен күйеуінің бауырларын сыйлап, оларға құрметпен қарайтын жан − инабатты қазақ келіні. Ол шаңыраққа, жарға адалдықтың, имандылықтың, шаруасына тиянақтылықтың үлгісі. Әрдайым да солай болып қала берсе дейсің. Аталмыш банк өзінің несие рәсімдеушілер арасында ұтыс ұйымдастырып оған автокөлік тігіп жатқанын халыққа жеткіземін деп келінімізді көліктің үстіне шығарып қойғаны жарамады. Көлік берем деп, ибалы келінді ұятқа қалдырды.
Қаракөз ҚЫПШАҚ