ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ «РОСКОСМОС» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Байқоңыр қаласына жұмыс сапарымен барды. Онда «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының Бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесті және бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Кездесу барысында Байқоңыр қаласының дамуына бағытталған әрі қарайғы ынтымақтастық және өзара келісім мәселелері талқыланды. Тараптар шілде айының соңында Мәскеуде өтетін «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның VI отырысына облыс әкімдігі ұсынған мәселелерді енгізу туралы айтты. Сонымен қатар, Байқоңырдың ұзақ мерзімді даму бағдарламасына қол қою, кешенде еркін экономикалық аймақ құру, қала тұрғындарының баспанасын жекешелендіру, қалаға кіру тәртібін жеңілдету, коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету, сондай-ақ білім беру стандарттарына қатысты мәселелер қарастырылды. Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар кешенді мәселелерді талқылау және шешу үшін алдағы уақытта да осындай іскерлік кездесулерді ұйымдастыруға келісті.
Аймақ басшысы алдымен 1200 орындық №277 орта мектепте болды. Содан соң облыс әкімі 7 мөлтек ауданында салынып жатқан 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің үйдің құрылыс барысымен танысты.
Қуанышбек Досмайылұлы жауапты тұлғаларға абаттандыру, қаланы газдандыру, инженерлік желілерді қайта жаңғырту және тұрғын үйлердің құрылысын одан әрі жалғастыруды тапсырды.
«Тұрғын үйлердің ауласын абаттандырып, тиісті жұмыстарды тамыз айында аяқтау керек. Ең бастысы жұмыстар сапалы жүргізілсін»,-деді
Қуанышбек Ысқақов.
Қуанышбек Ысқақов.
Келесі нысан - 120 орындық Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы.. 2017 жылы пайдалануға берілген емдеу мекемесінің ғимаратында қабылдау бөлімі, жалпы терапия және қалпына келтіру бөлімшесі, күндізгі стационар, амбулаториялық емхана орналасқан. Мұнда тіркелген тұрғындардың: 26443 – ересектер, 14586 – балалар мен жасөспірімдер.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Нулевой квартал» қонақ үйіне және бұрынғы Байқоңыр медициналық техникум ғимаратына барып, қазіргі жағдайымен танысты. Оларды жалдан шығару және басқарманың теңгеріміне беру мәселелері талқыланды.
«Жалдан шығару мәселесі бойынша және бос тұрған ғимараттарды жөндеп, пайдалану үшін тиісті ұсыныстар берілсін. Мәселені қарап, шешім қабылдаймыз»,-деп атап өтті облыс әкімі.