Қызылордада суға кеткен баланың мүрдесі табылды
Қызылордада суға батып кеткен 13 жастағы жасөспірімнің денесі оқиға орын алған жерден екі шақырым қашықтықтан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын Қызылорда қаласында 13 жастағы жасөспірім суға кеткенін хабарлаған едік.
«Жасөспірім достарымен бірге суға түсуге барған. Суға шомылу барысында батып кеткен. Бұл туралы хабарлама облыстық төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайларындағы басқару басқармасының жедел кезекшісіне келіп түсті. Сол бойынша жедел-құтқару жасағының мамандары суға батып кеткен жасөспірімді іздестурі шараларын жүргізді», - деді жедел-құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов.
Жасөспірімнің мүрдесі оқиға орын алған жерден екі шақырымдай қашықтықтан табылды.
Облыстық төтенше жағдайлар саласының мамандары ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдырмау қажеттігін айтады. Жыл басынан бері тоғыз бала осындай төтенше жағдайдан қайтыс болды. Жалпы, биыл Қызылорда облысында жыл басынан бері 22 адам суға кетті.