Жанкент қалашығын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

Бүгінгі таңда Жанкент қалашығында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен жүзеге асырылуда. Далалық экспедиция жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары қолға алып отыр. Оған университеттің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD доктор Әзілхан Тәжекеев жетекшілік жасап келеді.
«Биылғы қазба жұмысында қалашықтың шахристан бөлігінде орналасқан тұрғын үй кешеніне зерттеу жүргізілді. Ескерткіш цитаделінің солтүстік қабырғасынан аршылған мұнаралар мен оған жалғасып жатқан қабырғаларға назар аударылды. Сондай-ақ, қалашықтың шығыс қабырғасының ортаңғы бөлігіне қазба салынып, толық аршылды», - деді Әзілхан Тәжекеев.
Қазіргі таңда тұрғын үй кешеніне консервация жүргізіліп, үсті металл жабындымен шатырланды. Республикалық бюджет есебінен қалашықты қайта жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұдан бұрын Қызылордада студенттер көне Жанкент қалашығын зерттейтінін хабарлаған едік.