» » Бауырмалдыққа бастайтын мереке

Бауырмалдыққа бастайтын мереке

  Ертең адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін қасиетті Құрбан айт мерекесі. Бұл күні Алла разылығы үшін мал шалынып, қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Рухани тазалықты, ізгілік пен адалдықты, терең сенімді ұлықтайтын мереке Сыр өңірінде де ерекше аталып өтпек. Ұлық мейрамда орталық мешітте түрлі шаралар, оның ішінде «Мешіттерде Құрбан шалу рәсімін өткізу», «Құрбандық малының етін мұқтаждарға үлестіру», «Спорттық жарыстар», «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында рәсімдер жасалады.
Дінімізде әрбір балиғат жасына толған мұсылман құрбан айтта құрбандық шалған жөн. Өйткені,  шамасы жеткендерге құрбан шалу уәжіп етілген. Сонымен қатар, құрбандық малын мүмкіндігінше мойнына уәжіп болған адамның өзі шалған дұрыс.
– Құрбан айт күндері мүмкіншілігі жеткен кісі құрбан малын шалып, мұң-мұқтаждың, жоқ-жітіктің халіне жәрдемдесіп қана қоймай, Алланың разылығына жақындай түседі. Құранда Алла тағала: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі,2-аят) деп бұйырса, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті» деп құрбан шалудың сауапты амал екендігін атап айтқан болатын. Сондықтан құрбан шалу арқылы мұсылман баласы бауырмалдық, бір-біріне жәрдемдесу, туыстық қарым-қатынас сынды адами құндылықтардың үлгісін көрсетеді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Абуов.
Құрбан шалудың уақыты – құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға дейін. Айт намазынан бұрын немесе төртінші күні құрбан шалынбайды әрі ол уақыттарда сойылған мал садақа болып есептеледі.
Ал құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдары ғана шалынады. Оның үстіне қандай да бір кемістігі болмауы керек. Құрбан ретінде шалынатын қой не ешкі кем дегенде  бір жасар, түйе бес жасар болуы тиіс.
– Қой немесе ешкіні тек қана бір адам шалады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, екіншісі етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді. Менен көп адамдар сұрап жатады, «құрбандыққа мал соймай, құрбанның құнын ақшалай садақа ретінде мұқтаждарға берсе бола ма?» деп. Болмайды, себебі құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан,  мал со­йып, қан ағызбаса, құрбандық мін­де­ті мойнынан түспейді, – деді бас имам.  
Жалпы құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп таратады. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілерге, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж жандарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.
Айта кету керек, мерекеге орай қаладағы мешіттерде мал сою орындары белгіленген. Қала тұрғындары сол орындарға барып союларына болады. Шалған құрбандарыңыз қабыл болсын!
10 тамыз 2019 ж. 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031