ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ БІЗГЕ МӘЛІМ ӘРІ БЕЙМӘЛІМ ХИКМЕТІ БАР
Съезбек РАХМЕТТЕГІ,
Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы:
– Бисмиллаһир-рахманир-рахим! Барша халықты ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Бұл мейрам – қазақ халқы VII ғасырда Ислам дінін қабылдаған уақытта, салт-дәстүрімізге зияны тимейтін мейрамдармен бірге жеткен ұлы мейрам. Араб тілінде "құрбан" сөзінің мағынасы "жақындау" дегенге саяды. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде мал шалу. Яғни, біз Алланың әмірін орындау арқылы Аллаға жақындай түсінеміз. Ал "айт" сөзінің аудармасы "мейрам" деген мағына білдіреді. Сол себепті Құрбан айтта мұсылмандар Алла Тағаланың кешіріміне, ризашылығына, мейіріміне ең жақын болады. Яғни, 21, 22, 23 тамыз күні Құрбан айт мейрамы болып бекітілді. Осы үш күнде құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде, Алла пендесінің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдасы мен хикметі бар. Құран Кәрімнің «Хаж» сүресінде «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» делінген.
– "Құрбан айт Рамазан айтынан да үлкен мереке" деп жатады. Бұл пікір қаншалықты дұрыс?
– Мұсылмандарда үлкен екі мейрам бар. Бірі, Құрбан айт болса, екіншісі, Рамазан айт. Екі мерекенің де мәні зор. Құрбан айттың бір ерекшелігі бұл жерде қажылық сапары бар.
– Тұрмысы төмен отбасыларға құрбандықтың үштен бір бөлігін таратады. Сіздер көмекке мұқтаж жандардың тізімін қайдан аласыздар?
– Жыл сайын бұл күнде облысымыздағы тұрмысы төмен, әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне ет таратылады. Олардың тізімі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынып, қолдан келгенше көмек көрсетіледі. Биыл 700-800 адамды халықтың өткізген етімен қамтамасыз етеміз деген жоспар бар. Өйткені Алла тағала Құран Кәрімнің «Хаж» сүресінде «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» дейді.
– Малды құрбандыққа қандай тәртіппен шалу керек?
– Ең алдымен құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратылып жатқызылады. Малды бауыздаған уақытта осы дұға оқылады: "Инна сәләти уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилляһи Раббильғалямин ля шарика ляһ". Мағынасы: "Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ" одан кейін, тәкбір-тәшриқ дұғасын айтып, "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" – деп бауыздалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисте: "Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рақатына қауыштырсын", деген. Жалпы шалынатын құрбандық мал болса да, тілі жоқ болса да, ол да – хайуан. Құрбанды қинап, пышақты қайрамай, өтпейтін пышақпен сою күнә. Осыны есте сақтаған жөн.
– Құрбандық шалуға бәрінің жағдайы жете бермейді. Қаражаты жеткенінше садақа беруге бола ма?
– Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыланады. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Яғни, құрбандық шалуға шамасы жоқтар ниеті арқылы сауапқа кенеледі. Хадистерде "мұсылман баласының ниетінің тазалығына қарай сауабы беріледі", "оның ізгі ниеті амалынан қайырлы" деп айтылған. Қай істе болмасын мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім деген ниетте болса, мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді деп жазылған. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.
– Жұмыс бабымен іс-сапарда болған немесе қызметінен қолы босамайтындарға құрбандықты өкілдік беріп шалдыруына бола ма?
– Өзіңіз айтып өткендей, белгілі бір себеппен құрбан шалушының қолы босамай қалса, ол телефон немесе түрлі ақпарат жолымен өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалушыны тағайындай алады. Дегенмен, құрбандықты мүмкіндігі болса адамның өзі шалғаны дұрыс. Оның сауабы мол. Сонымен қатар, құрбандық малды кез келген адамның дүниеден озған туысының немесе қадір тұтқан кісілердің, құрбандық жасауға жағдайы жоқ адамдардың сауабына бағыштау рұқсат етіледі.
– Бірнеше адам бірігіп құрбан шалуға бола ма?
– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болу керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
– Сөз соңында халқымызға ізгі лебіз білдірсеңіз...
– Құрбан айт – мемлекетіміздің ресми мерекелерінің бірі. Күллі мұсылман жұртының ұлы мерекесі. Дәстүрлі дінімізді ұстанған қазақ еліміз көркейіп, өркендей берсін! Халқымыздың шалған құрбаны мен дұғасы қабыл болсын! Алла Тағала баршамыздың ниетімізді, қажылығымызды, барлық ғибадат құлшылығымызды қабыл етсін!