6 ІТ ЛИЦЕЙ АШЫЛАДЫ
Жаңа оқу жылы қарсаңында қалада жеке мектептер саны артады, әрі білім ордасында IT бағытын тереңдетіп оқытуға басымдық берілмек.
Облыстық бюджет есебінен өңірде 6 IT лицей ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ информатика мен алгоритмиканы тереңдетіп оқыту мақсатында факультатив сағаттары бөлінеді. Айта кетейік, білім сапасын арттыру тұрғысындағы бастамаларды жекеменшік мектептер желісі арқылы дамыту қарастырылған.
«Қазір Білім және ғылым министрлігінің тарапынан бір оқушыға балабақшадағы тәрізді мемлекеттік тапсырыс бөлінетін болады, сонымен қатар қазір қалада 2 жекеменшік мектеп бар, енді оған қоса екеуі ашылады деп жоспарлап отырмыз. Біреуі – 500 орындық, екіншісі – 300 орындық», ‒ дейді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.
Облыстық білім басқармасы 25 тамызға дейін барлық мектепке оқулық жеткізілетінін мәлімдеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарына рұқсат етілген «Өлкетану» оқулықтарына қосымша тапсырыс беріліп отыр. Биыл облыс көлеміндегі мектептерде 64 мыңдай оқушы білім алады деп күтілуде. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалардың да саны көбейген.