6% жеңілдікпен 6,5 жылға
Шиелі ауданыдна жастар жылына орай «Жас кәсіпкер» жобасы жүзеге асуда. Жоба «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағытын басшылыққа алған.
Жобаға Шиелі ауданының 18 бен 29 жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтары қатысып, кәсіп бастаудың негіздерін үйренген. Жастар арнайы тест тапсырып, 15 күн кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Тренингке қатысушыларға 19 273 теңге шәкіртақы да төленеді.
− Қатысушылар бизнесті қалай, неден бастау керек екенін, қай мемлекеттік органға қандай проблемамен бару керек екенін біліп шығады. Үміткерлер бизнес жоспарын құрып, кейін жеке кәсібін ашады. Оларға тәжірибелі кәсіпкерлер жетекшілік етеді. Бизнес жоспары сәтті шыққан үміткерлердің 505 000 теңге қайтарымсыз несие ұтып алуына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар 6% жеңілдікпен 6,5 жылға 8000 АЕК көлемінде несие алуға да мүмкіндігі болады», − дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының Шиелі ауданындағы филиалының үйлестірушісі Әлішер Пірмашев.
Жоба еліміздің ең ірі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асуда. Біздің облыста жақсы нәтиже көрсетуде. Шиелі ауданы бойынша 115 жас кәсіпкер 2 кезеңге бөліп оқиды. Жуырда алғашқы 53 кәсіпкер оқу курсын аяқтады. Енді олар екінші кезеңде тест тапсырып, алған білімдерін сынамақ.