SHEIH
Шиелілік Алмас Ермекұлы тәттілердің түр түрін пісіреді. Мектеп бітірген соң ол Болашақ университетіне түскен. Мамандығы органикалық заттардың химиялық технологиясы. Химияны жетік меңгерсе де Алмастың ынтасы кондитерлік салаға ауыпты. Үшінші курс оқып жүріп, қаламыздағы «Браунис» кондитерлік цехында кондитердің көмекшісі болып жұмыс істеген. Алмас өзіне кәсіби шеберлігімен бөліскен кондитер Өзжан Данышман есімді түрік азаматына зор алғысын білдіреді. Себебі тәттілерді пісірудегі мол тәжірибені сол кісіден үйреніп шыққанын айтады.
Алмас 2018 жылы Еңбек «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының ІІ бағыты аясында» Бастау Бизнес жобасы бойынша 1 айлық кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Мұнан соң кондитерлік өнімдер дайындау және халыққа ұсыну мақсатында дайындаған бизнес жоба жазып, сәтті қорғап шықты. Биылғы жылы Қызылорда «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 6% жеңілдетілген 5 жыл мерзімге 2,5 млн.теңге көлемінде шағын несие алды. Қазір Алмастың «SHEIH» асханасы жұмыс істеп тұр. Асханада Алмас пісірген тәттілермен қатар, пицца, бургерден дәм татып, шай, кофе ішіп, балмұздақ жеуге де болады. Асхана қызметінің мың сан жұмысына ата-анасы мен бауырлары жәрдемдеседі. Қарындастары Ақторғын мен Нұрила да ағасынан тәттілерді пісірудің қыр-сырын үйренген. "Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар" демекші, анасы Сәбира балаларына алаңдап, асханаға жиі соғып тұрады екен. Ал әкесі үйден тапсырыс бергендерге дайын өнімдерді жеткізіп береді. Алмас осылайша отбасылық бизнесті бастап, алғашқы қадам жасады.
«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дейді халық даналығы. Тәуекелдің қайығына мініп, бүгінде бизнесте үлкен табысқа жету жанкешті еңбектен бөлек, ізденісті, үйренуді талап етеді. Алмастың басты талабы – сапа. Ақшаның соңына түспей, сапа жетістігіне жетсең, іздеген табысың алдыңнан өзі шығады. Сондықтан өз кәсібін дөңгелетіп, білімін де жетілдіруді мақсат етіп отыр. Кейіпкеріміз «Браунис-Қазақстан» серіктестігінің директоры, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Айдос Сайлығараев секілді өзінің табан ақы, маңдай терімен үлкен қәсіпорын құруды армандайды. Талап болса әркімнің-ақ табысқа жететіні айқын. Дегеніңе жет, Алмас!
Гүлбану МАҚАЖАН