"COWORKING" ОРТАЛЫҒЫ ЖАСТАР ИГІЛІГІНЕ
Қазіргі таңда "жастар бос уақытын қайда өткізеді" деген сұрақ жиі қойылады. Себебі жастар арасында қылмыс өршіп тұр. Бұл қылмыстың санын азайту үшін жастарға толыққанды жағдай жасалу керек. Бастысы олардың көшеде қыдырып жүруіне емес, ой-өрісін кеңейтіп, бір-бірімен жақын араласу үшін жағдай жасалу керек. Жақында осы мақсатта "Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы" жанынан "Coworking" орталығы ашылды.
Аталмыш орталық жастардың өзін дамыту әрі уақытын тиімді пайдалануға таптырмас мүмкіндік. Орталыққа күнделікті колледж студенттері және жоғарғы сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта ерікті түрде келіп, өздерінің шығармашылық және физикалық қабілеттерін шынықтырады. "Мұнда келушілердің әрбірі мейлінше көп пайдалы нәрсені бойына сіңіруі үшін біздің қызметкерлер тайм-менеджмент, топ құру және тұлғаны қалыптастырушы семинар-тренингтер өткізіп тұрады.
Сондай-ақ облыстағы жас көшбасшылар орталығымыздың қонағы болып, оған оң бағасын беруде. Біздің басты жұмысымыз жастармен тығыз байланысты. Сондықтан да жастарға қажеттілікті мүмкіндігінше орындаймыз. Бұл орталық жастар игілігіне берілді", – дейді аудандық "Жастар ресурстық орталығының" директоры Ерхан Бақбергенов.