2020: Таза су
«Америкалықтардың төрттен бірі ішетін судың құбыр жүйесі қауіпсіздік туралы заңнама талаптарына сай келмейді» деп дабыл қағады Ри Су National Geographic журналында жарияланған мақаласында.Онда БҰҰ-ның дерегі бойынша дүниежүзінде 2.1 миллиард адам қауіпсіз ауызсу жүйесіне зәру екені айтылған.
Мақалада «талаптарды орындамау су сапасын тексерудегі олқылықтардан бастап, су құрамындағы қорғасын мен күшәланың қауіпті деңгейде болуына дейін барады. Бұл шағын елдімекендерден бастап, үлкен қалаларға дейін белең алған» деп жазылған. Сондай-ақ автор Америка бойынша таза ауызсумен қамтамасыз етудің алғашқы жолы ақпараттандыру екенін атап көрсетеді. «2016 жылы Нью-Йорк штаты АҚШ-тағы ауызсудың құрамындағы қорғасынды тексеруді талап еткен алғашқы штат болып тіркелген. Тексеріс Нью-Йорк штатының 82% орта мектептерде ағып жатқан ауызсу құрамында қорғасын деңгейі рұқсат етілген мөлшерден асатынын көрсетті. Қорғасын тақырыпқа арқау болғанмен де, бұл мәселенің басы ғана. Тіміскілеген сайын, ластаушы заттар тізімі шұбатыла беретіні анық: Висконсин сүт фермалары маңайындағы ішек таяқшалары, Айова өзендеріндегі тыңайтқыштардың нейтраты, Охайо, Оклахома, Пенсильвания мен Солтүстік Дакота сияқты штаттарда сынап пен уран табылған. Тефлон құрамындағыдай улы химикаттардың кең таралғаны соншалық, олар АҚШ халқының 98 пайызынан және әлемдегі кез келген халықтың қан құрамынан табылады» дейді Ри Су. Біз «керемет» көретін АҚШ-тағы су құрамы осындай. Америкалық автордың ақпаратынан соң, бізде Сырдағы судың сапасын білмек болдық. Себебі, судың адам өмірінде алар орнын көпшілік жақсы біледі.
Ең таза су − Аралда
Қызылорда облысы бойынша барлығы 263 елді мекен болатын болса, оның 180-і яғни 68,4 пайызы ортaлық ауыз су жүйелеріне қосылған, оның ішінде 93 елді мекен немесе 51,6 пайызы Арал-Сарыбұлақ, Октябрь және Жиделі топтық су құбыры арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал 87 елді мекен, яғни 48,4 пайызы оқшау су жүйелері арқылы ауыз сумен қамтылған екен.
Осы орайда облыс көлеміндегі ауыз судың тұрғындарға қолжетімділігі мен сапасы жөнінде ақпарат алу үшін «Арал» СЖКБД филиалы мекемесіне хабарластық. Себебі «Қазсушар РМК-ң «Арал» СЖКБД филиалы Қызылорда облысының 187 елді мекеніндегі ауыз су жүйесін өз теңгеріміне қабылдаған.
Мекеме мамандарының айтуынша, аймақтағы аумағы үлкен аудан ‒ Жаңақорғанда сала бойынша біршама қиындық бар. Осы орайда мамандар мәліметіне сүйене отырып, аудандағы су жүйесіне қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Жаңақорған ауданының 39 елді мекенінде 84 мыңға жуық адам тұрады. Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 11 елді мекен (Әбдіғаппар, Жаңарық, Машбек, Өзгент, Ақсуат, Қожакент, Түгіскен, Келінтөбе, Баспақкөл, Қандоз, Көктөбе) өзінен-өзі ағатын артезиандық құбырлар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде скважиналардағы су қоры төмендеп, кейбір ауылдағы скважиналардан су шықпай қалған. Оған қоса, соңғы жылдары аталған елді мекендердегі топырақтың тұздануы салдарынан құдық суының тұздылығы екі есе артып, пайдалануға жарамсыз болып қалған.
Ауданның Қаратау етегінде орналасқан 12 елді мекендегі (Бірлік, Қосүйіңкі, Қызылмақташы, Аққұм, Бесарық, Кеңес, Манап, Талап, Қыраш, Кейден, Құттықожа және Бесарық бекеті) тұрғындар да ауыз суды ұңғыма құбырдан пайдаланғанмен жоғарыдағыдай жағдай оларда да қайталанады. Бұл ауылдардың тұрғындары қазіргі кезде ауыз суды тау бөктеріндегі бұлақтан тасып ішуге мәжбүр.
Жаңақорған ‒ ауыз су тапшылығынан зардап шегіп отырған 32 мың тұрғыны бар аудан орталығы. 2015 жылы Жаңақорған кенті тұрғындарының 30 пайызы ғана сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал қалғандары құдықтан су ішті. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету оңтайлы шешілмегендіктен, халық арасында ауру саны да өскен.
«Таза су» бағдарламасы шеңберінде Жаңақорған кентін сапалы ауыз сумен жабдықтау мәселесін шешуге байланысты біршама жұмыс атқарылған. Мысалы, 2004-2009 жылдар аралығында ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 77 шақырым су құбырлары жаңартылған. Дегенмен, жобалау мен іздестіру жұмысы мен бақылау сапасыздығынан бөлінген қомақты қаржы тиімсіз жұмсалынып, мақсатына жетпеген. Мысалы, Жаңақорған кентінде 2006 жылы іске қосылған кентішілік жүйелер сумен жабдықтау көзі болмаған соң жұмыс істемей тұр.
Магистралдық болып саналатын кейбір көшелердегі құбырлардың диаметрі ескі су құбырының диаметрінен кем болып салынуына байланысты, Жиделі топтық су құбырынан келген суды толық өткізе алмайды. Оған қосымша, ІІ-кезеңнің жобасымен кенттің батыс бөлігін сумен қамтамасыз ету үшін қазылған екі скважинаның біреуі құм басып, толық істен шықса, екіншісінің суы ащы болып, пайдалануға жарамсыз күйге көшкен. Осылайша Жаңақорған кентінде біраз тұрғын ауыз суды тасымалмен немесе сағатпен тұтынуға мәжбүр. Өйткені кент толықтай таратушы жүйелермен қамтамасыз етілмеген, көптеген көшелердің ауыз сумен жабдықтау жүйесінің тозығы жеткен. Осы мәселені шешу үшін 2017 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржыландырылған Жаңақорған кентінің 4-ші кезең құрылыс жобасы жүргізіліп келеді. Алайда бұл жобада да мәселе толық шешілмеген. Себебі жоба барысында сервистік жүйелер немесе қоғамдық су тарату колонкалары қарастырылмаған. Осыған байланысты ауыз су беру мүмкін емес. Осы мәселені шешу үшін филиал өз күшімен «Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік жүйесінің құрылысы» жобасын жобалау жұмыстарын жүргізуде. Жоба жүзеге асырылғанда кенттің ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін табады.
Сондай-ақ тұтынушыларға таратылып жатқан ауыз су сапасының заңнама талаптарына сәйкес келуін уақытылы қадағалап, микробиологиялық, химиялық және радиологиялық зерттеулер жүргізу үшін «Ұлттық сараптама орталығының» облыстық филиалы бойынша Жаңақорған аудандық бөлімшесімен жыл сайын келісім-шарт жасалынады. Соған сәйкес микробиологиялық және химиялық анализдер су тарату желілері бойынша таза су қоймасынан айына 2 рет , оқшау су жүйелері бойынша: ұңғымадан жылына 4 рет ауыз су үлгілері алынады, ал радиологиялық анализдер жылына 1 рет жүргізіледі. Осы уақытқа дейін оқшау су жүйелері бойынша 14 елдімекеннен алынған сынамалар, санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативке сәйкес келеді. Қалған Қожакент, Көктөбе, Қыраш елдімекендерінің сорғы станцияларының санитарлы зонасында 0,5 м биіктікте тікенек сым жүргізілмеген, қоқыс жәшіктері қарастырылмаған. Сондықтан су объектілерінің қауіпсіздігене қойылатын талаптар санитарлық қағидаларға сәйкес болмаған, алайда қазіргі уақытта бұл кемшіліктер қалпына келтірілген. Сумен жабдықтау объектілерінде ауыз судың санитарлы-эпидемиялық талаптарга сай келуін, ішек инфекциясының суда пайда болу қаупін тудырмас жылына жоспарлы түрде 2 рет (көктемгі, күзгі); жоспардан тыс (жөндеуден кейін және авариялық жағдайдан кейін) жуу, шаю және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп отырылады екен.
2020 жыл: таза ауыз су бәріне таралады
Жаңақорғандағы ауыз судың тұрғындарға таралуы мен сапасы жайында танысқан соң, жағдайды қалпына келтіру жұмыстары турасында білмек болдық. Бұл тақырыпта бізге «Арал» СЖКБД филиалы мекемесінің инженері Нұртуған Ерекенов кеңінен ақпарат берді.
‒ «Жаңақорған ауданындағы Талап топтық су құбырының құрылысы»жобасы бойынша Жаңақорған ауданының 14 мыңнан астам халқы бар 12 елді мекенін (Шалқия, Құттықожа, Бірлік, Қызылмақташы, Қосүйенкі, Манап, Бесарық, Кеңес, Кейден, Талап ст., Аққұм ст. және Бесарық ст.) ауыз сумен қамтамасыз ету қарастырылған.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Сырдария топтық су құбырының құрылысы" жұмыс жобасы бойынша ауданының 16 елді мекенін Көктөбе, Қалғансыр, Қандоз, Қашқанкөл, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған, Қожаауыл, Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М. Нәлібаев, Жаңарық, Әбдіғаппар, Байкенже және Білібай елді мекендерін сапалы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Бас мердігер «Астана Авто Строй» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, 2014 жылы нысан құрылысы басталды. Алайда "Астана Авто Строй" ЖШС 2016 жылы құрылысты жалғастырудан бас тартқан соң, мердігермен келісім-шарт бұзылған болатын. 2017 жылы тапсырыс беруші Су ресурстары Комитеті мен бас мердігер "Қазсушар" РМК арасында құрылыс жұмыстарын қайта жалғастыруға келісім-шарт рәсімделді.
Айта кетейін жобадағы 116,05 шақырым магистралдық су құбырының (су құбыры екі желілік) бүгінгі таңда 114 шақырымы жүргізілді. Сонымен қатар жобада қаралған 22,39 шақырымды құрайтын елді мекендерге таралуы тиіс су бұру құбырының қазіргі уақытта 20,5 шақырымы салынды.
Одан бөлек, бас тоған құрылысы аяқталды. Жоба бойынша бас тоған Талап және Сырдария топтық су құбырларына қарасты 28 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету керек. Бүгінгі күні бас тоғанда жобаға сәйкес 8 дана су ұңғымасы бұрғыланды. Сонымен қатар бас тоғанда әрқайсысының сыйымдылығы 500 м3-ті құрайтын 2 су қоймасы, қызмет көрсетушілерге арналған 2 тұрғын үй және "Аквахлор" реагенттік шаруашылығы салынып, темірбетон қоршауы орнатылды. Сондай-ақ №3Т сорғы станциясының құрылысы жүргізілді.
Сонымен қатар жобада Аққұм ст., Бірлік, Кеңес, Манап, Қосүйенкі, Құттықожа және Шалқия елді мекенінде сорғы станциясының құрылысы қаралған. Оның ішінде қазіргі уақытта Аққұм станциясындағы сорғы станциясының құрылысы аяқталып, сыйымдылығы 50 м3 су мұнарасы орнатылды және сыйымдылығы 50 м3 құрайтын 2 дана су қоймалары салынды. Қазіргі таңда Бірлік, Кеңес, Манап, Қосүйеңкі, Құттықожа және Шалқия елді мекендерінің сорғы станцияларының құрылысы жүргізілуде.
Нысан құрылысын 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр, ‒ дейді маман.
Гүлдана ЖҰМАДИН