Командирдың қолдауы үлкен мотивация
Ақбөпе Маратбекқызы 1990 жылы 14 қыркүйекте Сырдария ауданы, Шаған ауылында дүниеге келген. №37 орта мектептің түлегі. Қарағанды мемлекеттік медицина институтында дәрігер-хирург мамандығын меңгерген. Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен «Ел қорғаны» төсбелгісімен марапатталған. Адамдардың бойында намысшылдық қасиетті жоғары бағалайды.
Ақбөпе ТАҢАТАРОВА, №66576 әскери бөлімінің
медицина қызметінің капитаны, дәрігер хирург:
медицина қызметінің капитаны, дәрігер хирург:
− Дәрігер хирург әскери қызметке қалай келді?
− Институт бітірген соң бізге Астана, Қарағанды қалаларынан жұмыс ұсынды. Мен туған жеріме қайтып кеттім. Әскери қызметте тәтем істейтін. Осы салаға қызықтым. Алайда жұмысқа тұру оңай болмады. Құжаттарым ұзақ уақыт тексеруден өтті. Өзімде Алматы, Астана қалаларына барып комиссиядан өттім. Әскери бөлімге тұрамын деп басқа жұмысқа бармай төрт ай жұмыссыз жүрдім. Оң шешім алғанда қатты қуандым. Әскери киім кигендегі сезім тіпті бөлек екен. Ауыр былғары етік киіп, белдікпен белді буып, сап түзедім. Қиындықпен жеткен соң жұмысымды адал атқаруға бекіндім. Күнделікті кешікпей келуге, тапсырманы мұқият орындауға барымды салдым.
− Әскери тәртіп қыз балаға қиынға соққан жоқ па?
− Қай істе болмасын жауапкершілік керек. Қызметіңе деген адалдық маңызды. Бастапқыда ерлермен бірдей әскери жаттығулар жасау, жоғары нәтиже көрсету қиын болды. Дегенмен алдыма мақсат қойдым. Ата-анамның үмітін ақтап, жұмыста абыройлы болуға бекіндім. Жаттығулардан қалмадым, тапсырмадан да жалтармадым. Қолымнан келгенше мұқият орындауға күш салдым. Әлсіздік танытып шыдамай шығып кеткендер де болды. Ер жігіт болған соң шыдау керек еді. Бүгін жұмысқа шыдамаса, ертең отбасын қалай қорғайды? деп қапаландым.
− Қандай жетістіктеріңіз бар?
− Алғаш 2017 жылы Тараз қаласында әскери қызметшілер арасында өткен Президенттік көпсайысқа қатыстым. Оңтүстік аймақтық додада қашықтыққа жүгіріп, қару атып сыналдық. Мен жүлделі III орынды иелендім. Артынша «Офицерлік үштік» сайысында да бақ сынадым. Жүзу, жүгіру, ату кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсетіп I орынды жеңіп алдым. Өткен жылы Сант-Петербург қаласында өткен IY
халықаралық Армия ойындарында Қазақстан құрамасында болдым. Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрамасы жалпы командалық үшінші орынды иеленді.
халықаралық Армия ойындарында Қазақстан құрамасында болдым. Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрамасы жалпы командалық үшінші орынды иеленді.
− Халықаралық додада ешкімге дес бермепсіз. Толығырақ айтып берсеңіз?
− Биыл Қазақстан бойынша іріктеу өтті. Кіл мықтыларды халықаралық сайысқа апаратынын білдік. Барлық сынағына үлкен жауапкершілікпен қарадым. Аллаға, шүкір жақсы нәтиже көрсетіп іріктеуде алға шықтым. Сөйтіп Өзбекстанның Жизақ қаласында өткен V халықаралық «Армия ойындары − 2019» сайысына қатыстым. Онда әскери медициналық эстафета болды. Кедергілермен жүгіріп келіп, жаралы сарбазға алғашқы медициналық жәрдем беріп, рентген қағазына қарап, сарбазға диагноз қойып, түрлі сынақтан өттік. Жақсы орындарды ұйымдастырушы ел өздерінде алып қалуға тырысады екен. Алайда біз жоғары нәтиже көрсете білдік. Мен I орынды иелендім.
− Кімдерге алғыс білдіргіңіз келеді?
− Ең бірінші ата-анама, ұстаздарым мен бауырларыма алғыс білдіремін. Әркез қасымнан табылып тіреуім болған үшін. Екінші халықаралық сайысқа төрт ай бойы тынымсыз дайындаған тренер Иван Сергеевичке және басшымыз, №66597 әскери бөлімінің командирі Ербол Қадырбекұлына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Күн-түн демей жұмыста жүреді. Бес жүзден аса әскериге басшы болудың қаншалықты ауыр екенін мүмкін біз түсінбейтін шығармыз. Ол кісі еңбек етуге ерінбейтін, барлық жасты әркез қолдап, демеп отырады. Адамгершілігі мол. Барлығымыздың жеке мәселелерімізге де түсіністікпен қарайды. Жарысқа дайындалғанда айлап жұмыста болмаймыз. Сондай сәтте хабарласып, «жағдайларың қалай, қандай көмек керек» дегенде, төбеміз көкке бір елі жетпей қалады. Командирдің қолдауы − біз үшін үлкен мотивация. Өзбекстаннан жеңіспен оралғанда да елуден астам адам бүтін бір рота алдымыздан күтіп алды. Көк туменен бір шоқ гүл алып шығыпты. Ұжымның ықыласы мерейімді өсірді. Әріптестердің татулығы, жетістігі барлығы іскер басшымыздың ерен еңбегі деп білемін. Алдымызда темірдей тәртіпті талап ететін қайсар ағаларымыз барда біздің жігеріміз ешқашан жасымақ емес.
− Жұмыс пен жар арасында бір таңдау жаса десе...
− Мен үшін басты орында отбасы. Қазір жұмыста жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Ендігі мақсат − тұрмысқа шығу. Әскери саладан немесе дәрігер мамандығынан менің жан дүниемді түсінетін ер азамат кездессе деймін. Арманымдағы азамат мені жақсы көрсе, маған әркез қолдау білдіретін жан болады деп сенемін. Ал таңдау қажет болса, отбасылық өмірді таңдаймын.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлбану МАҚАЖАН