"Әке ешқашан өлмейді. Тек жанымызда болмай қалады "
"Папа не умирает,
просто рядом быть перестает...
Иногда пытаюсь я представить...
Будто просто далеко живет...
Будто можно отправить ему письма,
Расказать, как я люблю рассвет...
Только ждать ответ - увы бессмысленно.
Там где папа- писем больше нет...
Папа никогда не умерает...
Просто рядом быть перестает...
Ангелом тебя сопровождае,
а любовь его всегда живет...!", - жуырда әлеуметтік желіден осы өлең жолдарын оқыдым. Шумақтардың қасындағы суреттен Елібай Зұлқарнайұлын көріп көңілім тіпті босап кетті. Сыр журналистикасындағы арқа сүйер ағамыз, Елібай ағайдың жалғыз ұлы Қанаттың әкесін сағынғанда жазған жыр жолдары екен.
2013 жылы "Сыр Медиа" серіктестігі құрылып, бірінеше басылымның редакциясы бір ғимаратқа көшіп келдік. Білікті журналист Елібай Зұлқарнайұлы "Kyzylorda news" ақпараттық агенттігінің бас редакторы еді. Жайдары жүзді ағамызды сол кезден бастап жақын тани бастадым. Жұмыс барысында облыстың қай түкпірінен ақпарат жіберсең де жариялап беретін. Елібай Зұлқарнайұлы елжанды азамат еді. Жан-жақтан түскен жаңалықтарды оқып, "қап әттеген-ай" деп түрлі мәселеге алаңдап отыратын. Мен бала күтімімен демалыста отырғанда ағайға Жалағаштан ватсап желісі арқылы ақпарат пен суреттер жіберетінмін. Ауылда бірде интернет болады, бірде болмай қалатын. Ағайдың өз қызметін сүйгендігі шығар, "неге почтаға салмадың?", "неге былай жазбадың?" деп бір ауыз айтпайтын. Мақалаларымызды жариялап беріп отырды. Өзі оқыған әдебиеттермен, жақсы мақалалармен бөлісетін. Бізге әкеміздей қамқор болатын. Бірде бір жетідей ауырып жұмысқа қосылғанымда "Ауырмасаңдаршы, жассыңдар ғой" деп жағдайымды сұрап келгені есімде. Бас редактормын деп ешкімді басынбады, болдым толдым деп тасынбады. Аға деп арқа сүйеп, ойымызды ашық айтып, есігінен де еркін енетін едік. Қарапайым қалпымен, ағалық қамқорлығымен әркез қасымыздан табылды. Баршамызға жол көрсетіп жақсы ұстаз бола білді. Жұмыстан қайтарда барлық қыздарын (Шынар, Назерке және мен) көлігіне отырғызып алады. Үйіміз шетте болған соң қала орталығына дейін жақындатып тастайтын.
Ағай өзінің әңгімесінде жалғыз ұлы Қанат жайлы көп айтатын. Әркез "Мой Кана" деп ұлын ойлап отыратын. Жұмыстан шыққан бойда үйіне Қанатына асығатын. Ұлын оқытып, үйлендіріп қуанышын көрсем деп армандады.
Ыбырай Алтынсариннің әсерлі әңгімесі бар еді ғой. Бір адам ұлымен бірге бау-бақшаға барып, жеміс ағаштарын аралап жүріпті.
– Мынау ағаш әдемі өсіпті, тіп-тік. Ал мына біреуінің бұтақтары айбақ-сайбақ, иір-шиыр, қисық біткен. Бәрі бір ағаш. Бірақ әртүрлі өскен. Неге? – деп сұрапты баласы. Сонда әкесі:
– Себебі былай, балам, – деп түсіндіріпті. – Ағаштың қалай өсуі бағбанның бағып-қағуына байланысты. Қисық бұтақтарын дер кезінде бұтап отырған ағаш көк тіреп түзу өседі", - деген.
Елібай ағай ұлын әке махабаты мен мол мейіріміне бөлеп өсірді. Жақсы білім алуы үшін әркез жанында болып, қауырсынын қатайтты. Қанат Елібайұлы бүгінде "Білім-Инновация" лицейін бітіріп, Қазақ-неміс университетіне, халықаралық қатынастар факультетіне грантқа оқуға түсті. Болашақ дипломат. Неміс тілін де үйреніп жүр. Қанат әнді де айтып, биді де билеп оқу орнының белсенді студенті. Асылдың сынығы Қанатқа сәттілік тілейміз. Қанат, сен дұрыс айтасың әкенің махаббаты ешқашан өлмейді. Әке үмітін ақтар, абзал азамат бол! Біз саған сенеміз!
Бүгін 14 қазан ағайдың туған күні. Тірі болғанда ұстазымыздың 63 жасқа толғанын тойлар едік. Алланың заңына шарасыз күйде қалдық. Біздің қолдан келетіні, жақсының жақсылығын айтып, құран бағыштап еске алу ғана. Бақұл бол, жан аға!Гүлбану МАҚАЖАН,
журналист
журналист