ФУТБОЛ: БАС КОМАНДАНЫҢ БАБЫ КЕЛІСПЕДІ
Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі мәреге жақын. І тобында сынға түсіп жатқан ұлттық құрамамыз «Астана-Аренада» екі ойын өткізді. Алғашқы ойында Кипрден жеңілген Белек шәкірттері екінші ойында Бельгияны қабылдады. Азулы құрамаға төтеп бере алмаған бас командамыз 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Бельгиялықтар 21 минутта оң қанатпен шабуыл ұйымдастырып, әуелете асырылған пасқа бірінші жеткен Миши Батшуайи есеп ашты. Бұған дейін «Челси» шабуылшысы Сергей Малыймен жиі қақтығысып, сары қағаз да алған болатын. Бірінші таймда Қазақстан құрамасының да гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірде Максим Федин қапы қалса, бірде Ғафуржан Сүйімбаевқа мергендік жетіспеді. Ал екінші таймның 53 минутында Томас Менье команда капитаны Эден Азар асырған пасты тиімді пайдаланды. Дмитрий Шомко мен Дмитрий Непогодов (қақпашы) ПСЖ ойыншысына қарсылық таныта алған жоқ. Еске салсақ, осыдан үш күн бұрын Кипрмен кездескен біздің құрама 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Осылайша, Михал Билек баптайтын құрама Еуропа чемпионатына шығудың теориялық мүмкіндігінен толықтай айырылды. Енді біздің команда сырт алаңда Шотландия және Сан-Марино құрамаларына қарсы ойнайды. Осылайша Қазақстан құрамасы соңғы 7 матчтың тек біреуінде ғана жеңіске жетті. Ал өзге алты кездесудің бәрінде жеңіліс тапты. Жалпы біздің құрама Еуро іріктеу кампаниясындағы өз алаңында өткізген 9 кездесудің жетеуінде жеңіліп отыр. Бельгия құрамасы I тобында көш бастап тұр. Өткен ойындардың нәтижесіне қарамастан Роберто Мартинес командасы құрлық чемпионатына жолдама еншілеп қойды. Олар соңғы 6 матчта қақпаларына гол жібермеп еді. Бұл жолы да сол статистиканы сәтті жалғастырды.