» » Бала ұру қылмыс па?

Бала ұру қылмыс па?

   
Бір үйдің жар деп күткен жалғыз баласы болатын.  Он сегіз айлығында тілі шығып, ең алғашқы айтқан сөзі өмірде өзін ең жақсы көретін жан «Ана!» болды. Сондықтан ба, оны қатты жақсы көретінін, онсыз өмір сүре алмайтынын әлі кішкентай болса да лүп-лүп  соққан жүрегі сезетін. Әсіресе, О Жаратқан , сүтін тоя еміп, маужырап, құшағында ұйықтағанға,  қасында оны көру не деген бақытты сәттер еді десеңші?!

Нәрестенің бұл қуанышы тым ұзаққа созылмады. Шешесі  оны емшектен шығара салысымен, үйде баламен қарайып қалмауды сылтауратып, күйеуі жұмыс істейтін банкке жұмысқа шықты. Көп уақыт өтпей – ақ, «еркекке бергісіз» мықты жұмыс істейтін әйелге айналды.
Бұдан кейінгі  уақытта нәресте таңертең ұйқыдан оянғанда, өзін өбектеп, аймалап жаны қалайтын анасының орнына қабағы бір ашылмайтын, секемшіл, күтуші кірпияз қара әйелмен кездесетін болды. Бұл жағдайда нәресте бар даусымен бақырып жылауды ғана білетін. Алацда мыстан кемпірдей ол әйел оған да көне қоймай, бірден дайын шапалаққа жүгінетін.
Бала бір айдың ішінде өзге балалардан бөлек жыламауды үйренуге, анасы келгенге дейін күні бойы әйелмен бірге диванда отырып теледидар көруге мәжбүр болды.
Әкесі халық санының артуын «мемлекеттің болашақ проблемасы» деп білетіндіктен, баласына тыжырына қарап, анда-санда балағаттап жіберуден де тайынбайтын. Бала бар үмітті анасынан күтіп, екі көзі жәутеңдеген күйі қашан келер екен деп, тағатсыздана тосатын.
Нәресте екі жасқа толғанда, шешесі оған торымен әдемі құс сыйлады. Енді әлгі сіркесі су көтермейтін қара әйелдің орнына бала осы торда дамылсыз ары-бері ұшумен күн өткізетін құспен сөйлесетін болды.
Оған өзінің іштегі мұңын жеткізбек болып:
-    Анам жұмысқа кетті, анам жұмысқа кетті, - дейтін.
Ата-анасы болса әперген бұл сыйлықпен баламыз жалғызсырамайтын болды дегенге сеніп, жаңа алған қымбат көліктің қарызынан құтылу үшін тіпті демалыс күндерінде де қара кешке дейін жұмыс істейтінді шығарды.
Бір күні құс ашық қалған есіктен ұшып шығып кетті. Соңғы досынан айырылған баланың оны ұстаймын деген қолдары көтерілген күйі ауа қармап қала берді. Көптен берішықпаған көз жасы бұл жолы еріксіз ытқып  кетті.
Құс ұшып кеткен жаққа назары пәс күйде қараған бала:
-   Құс та жұмысқа кеткен болар, - деді күбірлеп,  - құс та жұмысқа кетті...
«Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан
28 қазан 2019 ж. 732 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031