Оған не бар?
Ерлі-зайыптылар арасында жанжал көп. Ол дау басы неден туындайды? Әрине бірін-бірі бағалай алмағандықтан, әйел ерді "отағасы" деп, жігіт "жарым" деп сыйлау деген түсінік жоқ. Сондықтан да даудың басы басталады. Бір қайталанған нәрсенің екінші рет орын алмасына кім кепіл? Жалпы отбасын сақтап қалудың жолы қандай? Қайтсек сыйластықты сақтап қалмақпыз...
– Келіншегіңді неге ұрдың?
– Ол менің айтқанымды істемеді.
– Ол сенің айтқанынды істеп, айдауыңа жүретіндей кім еді?
– Ол мен не айтсам соны істеуі тиіс
– Саған дауа жоқ...
Бұл ерлер арасында орын алатын әңгіме. Сізге таныс болуы да мүмкін. Өйткені екінің бірінен осы әңгіменің айтылатыны анық. Бір құрбымның үйінде күнде ұрыс. Шынына келгенде үйіне барғың да келмейді. Дегенмен кейде баруға тура келеді. Сонда бір шайдың өзін дұрыс ішпейді. Келіншегін жерден алып, жерге салады. Кейде қол жұмсайтын да көрінеді. Екі баласының көрген күні құрысын дейсіз. Бақытсыз өмір сүруден ауыры жоқ шығар. "Неге ұрыса береді" десем, "бір күніміз ұрыссыз өткен емес" дейді. Шынымды айтсам таң қалдым. Балалары да әр бұрышта тығылып отыр. Олардың бойынан өмірге талпыныс байқамайсыз. Тек көздерінен қорқыныш көруге болады. Әр таңда көздері жәутеңдеп, "бүгін ұрыс болмаса екен" деп тілейтін балақайлардың болашағы қандай болмақ...
Әлеуметтік желіде кеңесші Ержан Ертайұлының парақшасына тіркелгенмін. Ол отбасын берік ұстаудың жолы, бала тәрбиесі жайында жақсы жмысалдар келтіріп, түсінікті етіп айтып береді. Бір жазбасында "жұбайына жай адам, тіпті жай адамнан да төмен деп қарайтындар отбасынан күткен нәтижелеріне ешқашан қол жеткізе алмайды" деп жазды. Қарап тұрсаң ойланарлық нәрсе. Өйткені бізде әйелдің рөлін тым төмен түсіріп тастаған. Мәселен "ол менің әйелім, менің дегенімді істейді", "ол осы үйдің келіні, міндеті үй шаруасын істеу". Міне, бізде қыз баланы осылайша бөледі. Осылайша жігіт әр тұста бір саты тұрады. Келіншегін сыйламаған адам, күйеу баласынан қандай сыйластық күтпек?
Жақында достарым бір дастарқан басында бас қосты. Бір досым келіншегін үйіне қалдырып кетіпті. "Айсұлу қайда?" дегендерге, "мен бар емеспін бе, оған не бар" деп жауап берді. Ал бірі келіншегін сөйлетпей әлек, тағы бірі балаларының анасына дөрекілік көрсетіп отыр. Жалпы бұндай жағдайды достарыңыздың арасындағы бас қосудан байқайсыз. Сонда әйелдің не жазығы бар? Күйеуінің әйелді төмендетуі қаншалықты орынды. Әйел ол – ана емеспе? Анаға қиянат жасағандар Алла алдында жауап береді емес пе?
Мөлдір САБЫРЖАН