» » Артық әңгіме

Артық әңгіме

   «Отбасында көп байқалып жүрген жағымсыз әдеттердің бірі – ер мен әйелдің бір-бірін кінәлап, ал өзін сүттен ақ, судан таза қылып шығаруы.  Бір күнде неше рет біздікі дұрыс, өзгенікі қате екенін дәлелдеуге тырыстық. Бүлдіріп алып, анық кінәлі болып тұрсақ та, «бұлай жасауымның себебі бар еді» деп өзімізді ақтап алатынымызды қайтерсің. Не үшін осылай жасаймыз? Еш уақытта қателеспейтін, жаңылмайтын адам секілді көрінгіміз келгендіктен ме? Сөзге қалудан қорқу ма? Әлде «қателесіппін» деген сөзді айту  соншалықты қиын ба?» деп   жазады дінтанушы Асылбек Әуезхан.
Белгілі дінтанушының фейсбуктағы осы жазбасын оқысаңыз сізде ойға қаласыз. Артық сойлеудің азабын соңында тартатынын автор мына мысалмен келтіріп  тұр.
«Көршім көлігінде отыр екен. Айтуынша, сағат сегізге әйелімен қонаққа баруға келіскен. Дәл уақытында үйдің қасына келіп, көлігінде күтіп отырған бойы екен. Сағат сегізден он бес кетті. Әйелі әлі шықпапты. Біз әңгімелесіп тұрғанда тура жарты сағаттан кейін шыққан келіншегіне көршім ашуланып, сөйлей бастады:
– Тағы  біраз  жүріп алмадың ба? Бір күн өз уақытында шықсаң, бір жерің кеміп қала ма? Шұбатыласың да жүресің...
Әйелдің сондағы ақталғаны мынау сөз болды. Ақталудан көрі аңдысу деуге келетін шығар.
– Сен не үйітіліп отырсың? Мен ойнап жүрмін бе? Сен секілді жұмыстан шығып келе салған жоқпын. Өзіңнің туысқандарың болса, үндемей-ақ күтер едің. Сенің көзің мені ғана көріп қалады екен осы. Анада әке-шешеңді бір сағат күтіп отырдық қой...
Осындай тұрпайылық түйдек-түйдегімен кетеді. Міне, осы сөздердің бәрі бұл жерде артық. Мұның бәрін айтып отырғанша «сенікі дұрыс, жаным, кешірші» дей салса, жанып келе жатқан от быж етіп сөне салады. «Неге кешіктің» деп сұраса, себептерін айтуға болады. Бірақ көбінесе бұл сұралмайды да ғой...
Тағы бір мысал. Әйелі жаңа бір аяқ киім сатып алды дейік. Күйеуі оның бағасын естігенде сөйлей бастайды. Отбасылық бюджетте қаралмаған шығынды көргенде, бұлай жасауы заңды да.
– Сенің бір емес, елу аяқ киімің бар ғой. Енді осы керек болды ма? Ақша шашудан басқа түк білмейді екенсің. (Негізінде, еркек үшін әйелдің екеуден асқан заттары елу болып көрінеді). Әйел де оталады. Қарсы жауап та дайын.
– Не болды сонша? Айында, жылында бір аяқ киім алсақ болмай ма? Осы сен-ақ жегенімді желкемнен шығарып отырмасаң болмайды. Керек болды, алдым. Жұрттың әйелінде жүз көйлек, екі жүз аяқ киім бар. Солардың күйеуі бірдеңе деп жатыр ма?. Сен болсаң... Менің-ақ алғаным ақша шашу екен осы... Осылай сөздер кете береді. Кейде осы жерде күйеуінің отбасын да әңгімеге қосып жібереді:
– Өткенде қарындасыңа көйлек, мектеп бітіргелі отырған ініңе тұтастай бір жаз киер киімін әпергенде, мен бірнәрсе дедім бе? Ондайды көрмейсің сен. Дым білмеуін шіркіннің...»
Тағы да артық әңгіме. Екеуі де шекара асып, шектен шығып барады. Өз жанұяларынан бөлек, тұтастай екі жақтың да туыстарына тіл тиіп жатады. Бұның ақыры жақсылыққа апармайды. Себебі мұндай салғыласу сөздер жеміс ағашын жейтін құрт сияқты. Майдалап кеміріп, жей береді, жей береді. Бір күні сәті жеткенде, жап-жақсы шаңырақты гүрс еткізіп құлатады. Не ұтамыз бұдан? Ештеңе. Сондықтан бір-екі секунд сабыр ету отбасындағы жаймашуақ, жақсы жағдайды сақтап қалатынын ұмытпасақ екен. Бастысы – сол мінез керек екен адамға.
Автордың айтуынша, біздегі басты қателік осы, өзін ақтап, өзгені жазғыра бастағанда, ақиқатты табуға емес, пікірталаста жеңіп шығуға, сөзден жеңілмеуге тырысады. Әрине, әр түрлі ақпарат құралдарында, әсіресе, батыстың көзқарасына сай әйел затына: «Сіз еркекпен теңсіз. Еш уақытта одан төменмін деп ойламаңыз» деген секілді ақыл деуге келмейтін ақылдар көп беріледі. Сондықтан нәзік жандылар сөзден қалғысы келмейді. Ә десе, мә деп жауап беруге әзір. Бұл негізінде, отбасын бақытқа апармайтын түсінік. Өйткені ол ақиқатқа да, ақылға да, тіпті мұсылмандық аят-хадистерге де сай келмейді.
Бәріміздің іздегеніміз – бір бақыт. Берекелі отбасында бір-бірін еркелету, бір-біріне құрметпен елжірей қарау, бір-бірінің кемшілігін жауып жүру сияқты әрекеттер жүзеге асады. Ырысты жанұяда айғайласу тұрмақ, дауыс көтерудің ізі де білінбейді. Осындай отбасында тәрбиеленген ұл-қыздың болашағы жарқын болмақ.
Ержан Қожас
31 мамыр 2018 ж. 1 299 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031