Жауаптылар бейғам, ұрылар мәз-мейрам
Облыс орталығындағы жаңадан ашылған «Бәйтерек» ықшам ауданына халық әлі толық қоныстанып бола қойған жоқ. Осыған байланысты осы ауданда түрлі оқиғалар, әсіресе, ұрлық фактілері жиі кездесуде.
Мысалы, жуырда ғана мұндағы көше бойындағы электр бағаналарының сымдары қолды болды. Әрине, әр электр бағанының жанына жанына күзет қою мүмкін емес шаруа, дегенмен тыйымсыз кеткендерге тұсау салу керек қой.
Тұрғындардың айтуынша, осыған дейін де көрші тұрған көшенің сымдары ұрланған екен. Еркінсіген ұрылар енді жаңа ауданды еркін кезуге көшіпті. Ұрлықтың жиі қайталануына шағымданған тұрғындар учаскелік инспектор жұмысын дұрыс атқармайды дегенді айтады.
Қазір бүтіндей бір елдімекен халқы жарықсыз отыр. Бұл жаңа ықшам ауданға көшіп келетін жүзден астам отбасының жолын байлап отырған көрінеді. Иесіз қалған үйлерді тонап, ел-жұрттың берекесін әбден қашырғандарға қашан тыйым болады?
Жанат ОСПАНОВА, «Бәйтерек» ықшам ауданының тұрғыны:
Біз 2005 жылы жерге арыз беріп, кезекке тұрған болатынбыз. Араға 11 жыл салып яки 2016 жылы осы ықшам ауданынан жер бұйырды. Үйді көтеруді 2018 жылы бастадық. Сол жылы-ақ бүтін бір көшенің сымын ұрлап кеткен. Биыл осы жағдай тағы қайталанып отыр. Үйіміз сол күйі қалды. Жарық болмаған соң құрылыс та тоқтап тұр. Тіпті құдығымыздағы су өлшейтін құралымызға дейін қолды қылды Осы ауданның учаскелік полициясына тонау фактісі бойынша арыз да бердім. Ал ол кісі болса тек тіркеп қоямын табылса хабарын береміннен басқа тұшымды ой айтпады.
Осы жағдайға байланысты біздің редакция Қызылорда облыстық Полиция департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Хатымызға тұшымды жауап алдық. ҚР ІІД кадр жетіспеушілігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда, "Байтерек" ықшам ауданында учаскелік инспектор бекіту мәселесін қарастырып жатыр және штат санын арттыру жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс беріліпті. Алдағы уақытта "Байтерек" ауданындағы проблеманы тұрақтандырып шаралар қолданылатын болды.
Ұзын-шұбақ сымды бір мезетте ешкімге көрінбей тиеп алып кету де оңай емес. Бұл тұрғындар көкейінде «ұрылардың сыбайластары бар ма?» деген сезік туғызып отыр.
Жұрттың тыныштығын қорғаушылар сергек болғанда ғана ұрлықтың жолы кесілмек. Әйтпесе, «Бәйтеректегідей» берекесіздік жалғаса бермек. Әзірше бұл ауданда жауаптылар бейғам, ал ұрылар мәз-мейрам болып тұр.
БАЙСУАН