Он бес үй


Артқа сәл шегініс жасасақ. 2016 жыл Сыр өңірі халқы үшін құтты жыл болды. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші үш есеге артып, жаңадан "Бәйтерек" мөлтек ауданы бой түзеп, 6600 тұрғынға тегін жер телімі берілді. Қызылорда – Жезқазған автожолының бойынан 980 гектар аумақты алып жатқан жаңа ауданға талапқа сай қажетті инфрақұрылым мен кәріз жүйесі, табиғи газ жүргізуге облыстық бюджеттен 11 млрд. теңге қаражат бөлінді.
Жаңа мөлтек аудан пайдалануға берілсе, мұнда  36 000-ға жуық халық тұрады деп межеленген. Тіпті халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мақсатында 1 диагностикалық орталық, 260 төсектік 1 аурухана мен ауысымына 100 келушіге арналған балалар мен әйелдерге кеңес беру емханасы, 280 орындық төрт балабақша және 900 орындық 5 мектеп бой көтереді. Сондай-ақ, жаңа мөлтек ауданда стадион, мешіт пен мәдениет үйі, демалыс саябағы салынады деп жоспарланған.Алайда, бұл ауданға ат басын бұрсаңыз, бірін-бірін қуалап ойнаған баланың да, шүйіркелесіп әңгімелескен тұрғынды да көрмейсіз. Айдала, мүлгіген тыныштық. Жер телімін алып, қуанған 6600 халықтың 80-ге жуығы ғана үй салып, оның ішінде 15 үйде ғана тұрақты тұрғын тұрады. Бұл дерек нені айғақтайды? Халықтың жерге шын мұқтаж емес екенін бе, әлде тегін жерді иеленіп, кейін сатып пайдаға кенелемін деген пиғыл ма?
Біздегі жүйе бойынша ата-аналар баласы кәмелет жасқа толғанда тегін жер телімін алуға өтініш беріп қояды. Содан он жылдан кейін алсам да олжа дейтіндердің саны артты. Мысалы, бір отбасында орташа есеппен алғанда төрт баладан келеді. Олардың барлығы жерге мұқтаждар тізімінде тұр. Осылайша, жер алып, баспана саламын деген мұқтаж азаматтардың нақты саны анықталмай отыр.
– Қалада 53 мыңнан астам қызылордалық жер кезегіне тіркелген. Расында, олардың басым көпшілігі жерге мұтаж жандар емес. Әйтпесе, "Бәйтерек" мөлтек ауданын ел игілігіне табыстағанымызға екі жылдан астам уақыт өтті. Алайда, баспана салуға ниетті тұрғындар саны аз. Бұл жерлер 3 жылға жалға берілген. Осы жылда баспана салынбаса, кезек бойынша басқа да жерге мұқтаж азаматтарға үлестіріледі, – дейді шаһар басшысы Нұрлыбек Машбекұлы халық алдында есеп беру жиынында.
         Әлеуметтік желіде не болмаса жарнамалық басылымда бұл жерлер  сатылымға шығып, бағасы 300 мыңнан 800 мыңға дейін шарықтап тұр. Бұрын өзіне тиесілі жер телімін алған адам оны сол бойда жекешелендіріп алатын. Сөйтіп, оған үй тұрғыза ма, әлде оны сата ма, оны жер иесінің өзі шешетін. Осыны пайдаланған кейбір адамдар жер телімін сауда-саттыққа салып, оны қаржы табудың қосымша көзіне айналдыра бастады. Бүгінде заң талаптары өзгеріп, тегін жер телімін алғандар бұрынғыдай оған толық иелік ете алмайды. Егер көрсетілген мерзім ішінде баспанасы тұрғызылмаса, онда ол адамнан жер телімі кері қайтарылып алынады.
           – "ОЛХ" , "Маркет кз" сайтында сатылымға шыққан "Бәйтерек" мөлтек аудандарының жерін сатып алу заңсыз. Бүгінде бұл ауданда 83 тұрғын үй салынса, 102 адам тұрғын үйдің іргетасын қалаған. Сонымен қатар 189 тұрғын құрылыс жүргізуге дайындалуда. Ал 2005 жылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде тұрған 812 азаматқа биыл "Бәйтерек-2" мөлтек ауданынан 150 гектар аумақты құрайтын жер телімі табысталады, – дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дінмұхаммед Сырлыбаев.
           Тегін жер алу бақыты бұйырған екен, мүмкіндікті пайдаланып, үй салуға асығыңыз. Бұл мүмкіндікті жіберіп алсаңыз, жер алуға мұқтаж азаматтар тізімінен 53911-інші болып қайта тіркелуіңіз ғажап емес.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
08 ақпан 2018 ж. 1 256 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031